Олимпиадаға кетіп, оралмады: Ақтөбе облысында болған жол апатына қылмыстық іс қозғалды

3049

Жүк көлігіне соғылған жеңіл автомашинада бес оқушы мен мұғалім болған. 

Олимпиадаға кетіп, оралмады: Ақтөбе облысында болған жол апатына қылмыстық іс қозғалды Фото: Ақтөбе облысы ПД

Ырғыз ауданына олимпиадаға бара жатып, жүк көлігіне соққан жеңіл көлікте Темірастау орта мектебінің жоғары сыныбында оқитын бес оқушы болған. География пәнінің мұғалімі мен екі оқушы оқиға орнында тіл тартпастан қайтыс болды. Үш оқушы Ырғыз аудандық ауруханасына жеткізілген. Марқұм оқушылар 10 және 11 сыныпта оқыған, ал қайтыс болған педагог  аталған мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымын атқарған, әрі география пәнінен сабақ берген.

"Үш бала тексеруден өтіп жатыр. 2007 жылғы қыз балаға жабық бас ми жарақаты, бас миының шайқалуы, маңдайының жарылуы, сол жақ  тізе буынының соғылуы деген диагноз қойылды. 2009 жылғы қыз балаға  жабық бас ми жарақты, миы шайқалуы, сол жақ құлақ қасы аймағының соғылып жарылған жарақаты  деген диагнозы қойылды. 2008 жылғы ер бала жабық бас ми жарақатын алған, миы шайқалып, сол жақ кеуде қуысы соғылған. Үш баланың да жағдайы —орташа  ауырлықта. Жарақат алған балалар бойынша  облыстық санитарлық-авиация мамандарымен телемедицина өткізілді. Көлік жүргізушісінің жарақаты жоқ, психолог көмек көрсететін болады",— деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Рүстем Исаев.

Жол-көлік апатына қатысты қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Ырғыз ауданына бара жатқан "Toyota Alphard" көлігінде жеті адам болған. Үш күн бұрын оқушылар мінген көлікті бастап бару үшін полиция бөліміне хат түскен. Соған сәйкес, оқушылар мінген көлікке  учаскелік полиция  жол көрсетіп отырып, аман-есен Ырғыз ауданына жеткізген. Ал жүк көлігіне соққан жеңіл көлік сұраныс хатта көрсетілмеген. Бұл дерек бойынша ҚР ҚК-нің  "Екі  және одан да көп адамдардың  өліміне әкеліп соқтырған жол көлік оқиғасы" және "Балалардың өмірі мен денсаулығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндетті тиісінше орындамау" баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүреді.  Қылмыстық іс аясында жауапты тұлғалардың жауапкершілігі қаралады", — деді облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетов.

Оқушылар мен педагогтың өліміне қатысты істің тексерілуін облыс әкімі Асхат Шахаров жеке бақылауына алды. Осы оқиғадан соң облыс әкімінің орынбасары, білім және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары Ырғыз ауданына кетті. Марқұмдардың отбасына көңіл айтып, істің мән-жайын анықтайтын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу