Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында жекеменшік мектептер мен жекеменшік медициналық ұйымдарды субсидиялау саясатын қайта қарауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Сұхбаттың ауқымды бөлігі әлеуметтік мәселелерге арналған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалатын болады. Сонымен қатар жекеменшік мектептер мен жекеменшік медициналық ұйымдарды субсидиялау саясатын қайта қарау қажеттігіне назар аударылды. Артық қаржыландыруды тоқтату қажет. Адал бәсекелестікте жұмыс істей алмаса бізге мұндай бизнестің қажеті бар ма? Бұл салада алаяқтық кеңінен таралып кеткені бәріне мәлім", – деді Үкімет басшысы.
Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне бір апта ішінде аталған мәселелерді шешуге қатысты нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.
"Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жәрдемақылар мен төлемдерді тағайындау кезінде алаяқтық жағдайларын болдырмауға бағытталған кешенді шараларды қарастыруы қажет. Ішкі істер министрлігі цифрлық технологияларды енгізе отырып, жолдар мен қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алу жұмыстарын күшейтсін. Оқу-ағарту министрлігі жол қозғалысы ережелерін оқыту бағдарламаларына енгізуді жалғастыруы керек", – деді Олжас Бектенов.
Айта кету керек, бұған дейін Олжас Бектенов мемлекеттің шын мұқтаж адамдарға ғана тікелей қолдау көрсететінін айтқанын жазғанбыз. Премьер-министр бір апта ішінде ет өндірісі мен экспортын арттыру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.