Оңалту орталықтарында қанша адам лудоманиядан емделіп жатыр?

254

Ресми деректерге сүйенсек, қазір реабилитациядан өтіп жатқан азаматтардың 70 пайызы ішімдікке тәуелділіктен емделіп жатыр. 

Оңалту орталықтарында қанша адам лудоманиядан емделіп жатыр? Фото: yanezavisim.ru

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова елімізде лудомандарды тіркейтін орталық керек екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Соңғы жылдары рехабтардың (ред. – оңалту орталықтары) саны артып келеді және бұл өте қауіпті факт. Бүгінде елімізде рехабтардың саны қанша? Бұдан бөлек тағы екі ұсыныс. Осы ойын аппараттары үшін арнайы орындарды, мүмкін жеке қалаларды анықтау керек шығар. Осы мәселеге назар аудару керек деген ойдамын. Жұмысқа тұрарда наркологиялық-психологиялық диспансерден арнайы анықтама сұратады. Оның салмағы бар. Адам лудоманиямен ауыра ма, жоқ па – анықтама сұрау керек деп ойлаймын. Лудоманиямен ауыратындарды тіркейтін орталық керек", - деді мәжілісмен.

Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев депутаттың айтқан ұсынысын толық қолдайтынын жеткізді.

"Бірақ енді менталитетке байланысты кез келген жеке тұлға анонимді түрде болғанын қалайды. Өз деректерін көрсеткісі келмейді. "Рехаб" деген халық арасында жүрген атау ғой. Оңалту орталықтарының санын басында айтып өткен едім. Олардың жалпы саны – 99. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, бұл – жеке реабилитациялық орталықтар. Қазіргі кезде реабилитациядан өтіп жатқан азаматтардың 70 пайызы ішімдікке тәуелділіктен емделіп жатыр. 25 пайызы – есірткі тәуелділігінен болса, 5 пайызы ғана лудомандар", - деп атап өтті министрлік өкілі.

Айта керек, осыған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов құмар ойынына салынған бір адамды емдеуге 1 млн теңгеге дейін қаржы кететінін айтқан болатын. Мәжілісте ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер таныстырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу