Оралда тоғыз қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді

1424

Оралда тоғыз қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді

Оралда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 180 салымшысы "Нұрлы жер" бағдарламасының аясында пәтер кілтіне ие болды, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

Орал қаласында "Нұрлы жер" бағдарламасының аясында салынған тоғыз қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Пәтерлер әкімдік желісі бойынша сатылды. 1 шаршы метрдің бағасы 133 000 теңгені құрады. 
Жаңа нысан "Көктем" ықшамауданында орналасқан. Бұл ауданда дамыған инфрақұрылым бар, жаңа балалар ауруханасы, 1200 орындық мектеп, дене тәрбиесі-сауықтыру кешені, екі балабақша салынған. 
Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов пен "Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Айгүл Наурызалиева пәтерлерді аралап, ТҮҚЖБ клиенттерін баспаналы болуларымен құттықтады. 
"Осы жылы біздің аймақта "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасының аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мыңға жуық салымшысы үй ала алады. Бұл – қала тұрғындары, сондай-ақ аудандар мен ауылдарда тұратын жандар. 50 000-80 000 теңге жалақы алатын аймақ тұрғындарына нарықтық бағамен үй алу қиын. Сондықтан олар үшін мемлекеттің қолдауымен қолжетімді үйлер салынып жатыр. Банк өз кезегінде тұрғындарға алғашқы жарнаның басын құрап, жеңілдікті шарттармен баспана сатып алуға көмектесуде", - деп түсіндірді Батыс Қазақстан облысы филиалының директоры Айгүл Наурызалиева. 
Мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін салымшыларға ең төменгі алғашқы жарна ретінде шоттарына пәтер құнының 30%-на тең ақша жинау керек болды. Жетпейтін соманы банк жылдық мөлшерлемесі 5% болатын заем түрінде берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу