Өткен жылы елімізде венчурлық келісімдердің орташа мөлшері екі есе артқан

327

Қазақстан білім мен жаңа технологияны негізге алатын экономика құра бастады. 

Өткен жылы елімізде венчурлық келісімдердің орташа мөлшері екі есе артқан Фото: Zakon.kz

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge 2023 форумының пленарлық отырысында жасаған баяндамасында айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Инновацияның және технологиялық прогрестің ең маңызды қозғаушы күші ретінде венчурлық капитал нарығын дамытуымыз керек. Қазақстан стартаптарға инвестиция салуды ынталандыру үшін институттық және заңнамалық базаны дәйекті түрде жетілдіріп келеді. Былтыр венчурлық келісімдердің орташа мөлшері екі есе артты. Бұл – қуантарлық жайт", - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, аталған саланы реттейтін нормативтік-құқықтық актілер базасын АҚШ, Сингапур және Гонконг елдерінде қолданылатын үздік тәжірибемен сәйкестендіру қажет. Сонымен қатар венчурлық капитал нарығына халықаралық ойыншыларды тартудың да маңызы зор, деп жалғастырды Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі міндет еліміздегі ІТ-мамандардың, сарапшылардың, ғалымдардың басын қосып, олардың күш-жігерін тиімді пайдалану екенін баса айтты. Бұдан бөлек халықаралық серіктестердің зор мүмкіндіктерін еліміздің кәдесіне жарату қажет, деді ол.

"Тағы бір маңызды мәселеге назар аударған жөн. Бүгінде адамның ақыл-ойынан машина, яғни технология үстем болатын заман орнығуда. Басқаша айтқанда, жасанды интеллект технологиясы адамзатқа қауіп-қатер төндіруі мүмкін. Мұның арты неге әкеп соқтыратыны белгісіз. Ғалымдар арасында бұған қатысты ортақ пайым жоқ. Яғни, жасанды интеллект адамзатқа игілік әкеле ме әлде құрдымға кетіре ме деген сұрақ әлі де өзекті болып тұр. Сондықтан осы мәселеге саналы түрде қарап, жасанды интеллектінің дамуын жіті назарда ұстау – аса маңызды міндет", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Президент Қазақстанда саяси жүйе түбегейлі жаңғыртылып жатқанын жеткізді.

"Біз цифрлық номадтардың, яғни мықты ІТ-мамандардың Қазақстанға келіп, жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Инновациялық кәсіпкерлікті және креативті индустрияны дамытамыз. Жалпы, жаһандық технологиялық революция барлық елдің өркендеуіне, адамдардың дамыған және әділетті әлемде өмір сүруіне септігін тигізуі керек", - деп қорытындылады ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу