"Өзбекстан Қазақстанды басып озды": көрші елдің өнеркәсіп секторы өсім көрсетті

1445

2020 жылғы коронадағдарысқа қарамастан, Өзбекстан қиындықты еңсеріп, өнеркәсіп саласында бірқатар нәтижеге қол жеткізген. 

"Өзбекстан Қазақстанды басып озды": көрші елдің өнеркәсіп секторы өсім көрсетті

Өзбекстан жетістігінің құпиясы нақты секторды әртараптандыру болып саналады. Ал Қазақстанның өнеркәсібі бұрынғыдай мұнайға тәуелді болып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі energyprom.kz-ке сілтеме жасап. 

2020 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) барлық елінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі қысқарған. 

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) мәліметінше, 2020 жылдың қаңтар-желтоқсанында ЕАЭО-ның өнеркәсіп өндірісінің индексі 97,3% болған. Бұл 2019 жылдың қаңтар-желтоқсанымен салыстырғанда өндірісі көлемінің 2,7%-ға төмендегенін көрсетеді.

Қырғызстанда өндіріс – 6,6%, Ресейде – 2,9%, Арменияда – 0,9%, Беларусь пен Қазақстанда – 0,7%-ға құлдыраған.

2020 жылдың 11 желтоқсанында Өзбекстан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында ЕАЭО жанындағы бақылаушы-мемлекет мәртебесін алды. Мұндай мәртебеге Куба да ие болды.

Одақ жанындағы бақылаушы-мемлекеттің мәртебесі ЕАЭО туралы шартта анық жазылған.

Бақылаушы-мемлекет ЕЭК-пен тұрақты өзара бірлесіп әрекет ету үшін ЕЭК-ға өзінің өкілін жіберуге құқы бар.

ЕАЭО-ға мүше елдерде, оның ішінде Қазақстанда өнеркәсіп өндірісі көлемінің қысқарғанына қарамастан, Өзбекстанда өндіріс көлемі 0,7%-ға өскен.

Айта кетейік, 2019 жылы және оған дейін де Қазақстанның  өнеркәсіптік секторындағы өсім Өзбекстанның көрсеткішінен төмен еді.

Өнеркәсіп секторында Өзбекстан Қазақстанды басып озған: өндіріс көлемінің жылдық өсімі – 7,1%. Бұл саладағы Қазақстанның көрсеткіші – 3,9%.

Сонымен қатар көрші мемлекеттің жылу, электрмен жабдықтау саласындағы жылдық өсімі – 12,5%, ал Қазақстанның көрсеткіші – минус 0,3%. 

Сондай-ақ Өзбекстан өңдеуші өнеркәсіпте де оң нәтижеге қол жеткізген.

Тау-кен өнеркәсібі және карьерді қазу саласында қос мемлекеттің өндіріс көлемі қысқарған: бұл көрсеткіш Қазақстанда – 3,7%, ал Өзбекстанда бірден 21,9%-ға төмендеген.

Сумен жабдықтау және қалдықтарды жою саласында да өндіріс көлемі қысқарған: Қазақстанда – 2,6%, Өзбекстанда – 7,9%. 

Өзбекстан экономикасын әртараптандырудың арқасында жалпы өнеркәсіп саласының өсуін қамтамасыз еткен. Мұндай оң нәтиже республиканың тау-кен сегментіндегі көрсеткіштердің айтарлықтай төмендеуіне қарамастан болып отыр. 

2020 жылы Өзбекстандағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 83%-ға жетті. Бұл рекордтық көрсеткіш. 2019 жылы бұл көрсеткіш 79% болды. Осылайша, Өзбекстан басымдықты пайдалы қазбаларды өндіруге емес, өнім өндіру саласына беру арқылы өнеркәсіп секторында өсімге қол жеткізген. Нәтижесінде көрші мемлекет коронавирус пандемиясына қарамастан 2020 жылды сәтті аяқтаған.

Өткен жылы Қазақстандағы өндіруші өнеркәсіп үлесі 43,9% болды. 2019 жылғы көрсеткіш – 54,4%.

2020 жылы ұлттық экономикадағы өңдеуші өнеркәсіп үлесінің артуына қарамастан, ол өндіріс құрылымының жартысына да жеткен жоқ: 48,8%. 

Тау-кен саласына шектен тыс тәуелділік Қазақстанның барлық өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемінің төмендеуіне ықпал етіп отыр.

Елімізде өңдеу өнеркәсібі оң нәтиже көрсетсе де, ол жалпы өнеркәсіп көлемінің өсуіне ықпалын тигізе алмаған. Мұндай жағдай көптеген мемлекеттік бағдарламаның, оның ішінде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылуына қарамастан болып отыр.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу