Өзге әлемде өмір сүретін министр

269

Сандарға толы министрдің есебіне депутаттар сенбеді.

Өзге әлемде өмір сүретін министр Фото: Inbusiness.kz

Үкімет келер жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын қадағаламайды. Бақылауда ұстағанның өзінде бұл жұмысты "қатырды" деп айту - қиын. Өйткені биыл осы тізімге кіретін кей өнімнің құны 50 пайызға дейін артқан, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Президент нәтижесіз жұмысты көрген соң әдісті өзгерту туралы тапсырма берді. Енді мұндай бақылау алынып тасталып, атаулы көмек алатындарға басқаша қолдау көрсетілмек. Бірақ бағаның өсіп жатқанын Сауда министрі сезбеген сыңайлы. Айтуынша, бір себет азық-түлікті базардан небәрі 24 мың теңгеге алыпты. Бұл - Шаққалиевтің жаңа жылдық дастарханға жұмсаған ақшасы.

Сауда министрі Мәжіліске жалғыз емес, саудагерлерді ерте келіпті. Отырыс басталмай тұрып, депутаттардың көңілін тапқысы келді ме, бір жыл бойы сүрленген сиыр мен қой етінен дәм де татырды.

Министр жәрмеңкеге еттен бөлек, Қазақстанда шығарылатын май, бал, саумал сияқты тағы басқа өнімдерді көтере келіпті. Сыртта арқа-жарқа болған олар кейін Мәжіліс залына кіріп, елдегі сауда саласындағы атқарылған жұмыстың есебін тыңдады. Депутаттардың алғашқы сауалы елді толғандыратын азық-түлік бағасына қатысты болды.

"Қырыққабат 49 пайызға қымбаттаған. Күріш 39 пайызға. Сүт және май 13 пайызға қымбаттаған. Енді сұрағым, осы мәселені шешу үшін қандай нақты, тиімді шаралар қолданасыздар?", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гаухар Шәймерденқызы.

"Осы жылдың 11 айында бағаның өсуі 3,4 пайыз ғана. Өткен жылмен салыстырғанда 22,7 болған көрсеткіш.  Маусымаралық баға өсетін болады", - дейді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Сандарға толы министрдің есебіне депутаттар сенбеді. Жигули Дайрабаев "өтірік айтуды қой" деп дүрсе қойды. Өйткені жыл сайын Үкімет уәде береді, бірақ ақыр соңында қымбатшылықты ырыққа көндіре алмай қалады. Сондықтан депутат тауарды жеткізетін делдалдарды құртпай, азық-түлік өнімін өндіруді молайтпай қымбатшылықты тоқтату еш мүмкін емес деді.

"Ауыл шаруашылығы министрлігі екеуіңіз Үкіметке қарайсыздар. Неге бірлесіп осы мәселені шешуге болмай ма? Тиянақты әңгіме болу керек қой. Жылда өтірік айтамыз. Ертең қатырамыз, бағаның бәрін тұрақтатамыз. Ол тұрақтап жатқан жоқ. Күнде қымбаттап жатыр", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев.

Бірақ күнде шарықтап бара жатқан баға Шаққалиевтің қалтасын қақпапты. Өткен демалыста ғана базарға барып 24 мыңға жаңа жылдық дастарханды толтыратындай тамақ алыпты. Оның ішінде келісі 3 мыңға жуықтайтын ет, 2 мыңнан сәл асатын қызанақ пен қияр, мың теңгеден көптеу тұратын құрма секілді өнімдер бар. Айтуынша, әр адам тәбетіне қарай дастархан жаяды.

"Жаңа жылдық дастарханды әдетте 37 өнімнен жасайды ғой. Оливье салаты, сельд под шубой, ананас сияқты тағамдар жейді. Мұның бәрі қымбаттады ма деген сұраққа жауап берсем, 9,2 пайызға өскен. Мен 37 өнім түрін алған жоқпын, бірақ әжептәуір азық-түлік алдым. 24 мың теңге жұмсадым. Базар болған соң саудаластым әрине", - дейді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Жалақысы миллионнан артып жығылатын министр еңбек адамдарымен, тіпті, саудаласып алыпты тауарды. Лауазымына қарады ма, аз ақша жұмсағанына қарағанда су тегін берген сияқты базардағылар. Бір қызығы, министр нанды да арзан жерден алады екен. Барлық дүкенде құны 180 теңге тұратын ұн өнімі кей жерде 90 теңгеден сатылады, деді министр. Депуттар арзан тауарға кезігетін министрге халықтың ашуын тудырып алмау туралы да кеңес берді.

"Бүгін министр мінберге шығып сауда саласы туралы біраз ақпаратты айтты. Азаматтардың тұтынушы ретінде құқығын қорғау мәселесі бойынша өте ақпарат аз. Дұрыс құралдар жоқ. Есімізге алайық, қаңтар оқиғасының басты себебінің бірі  тұтынушылардың құқықтарының дұрыс қорғалмауы. Баға өсу барлық саладан. Азаматтардың құқығы қорғалмағаннан кейін халықта өкініш, ренжу, билікке сенбеу болады", - деді  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов.

Шаққалиев бұл сұраққа да жауап берді. Айтуынша, халық арасында сауалнама жүргізіп, қажетін біліпті. Сөйтіп 2027 жылы олардың разылығын 77 пайызға жеткіземіз деді. Бірақ тапқан таянғаны тамаққа кететін көптің көңілінен шығу үшін Сауда министрі ең әуелі бағаны реттеп, жұрт білмейтін арзан жерден тамақ алуды қою керек сияқты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу