Павлодар: құрылыстағы заңсыздықтар

398

Соңғы 5-6 жылда Павлодар қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. 

Павлодар: құрылыстағы заңсыздықтар Фото: pavon.kz

Павлодарда 2018 жылы бекітілген бас жоспардан бөлек ретсіз салынып жатқан тұрғын үйлер де жетерлік. Жеке меншік салушылар бос орынды қайдан тапса сол жерге қада қағып, іргетас құюды бастайды. Көпқабатты үйлердің ауласынан бой көтерген мұндай ғимараттардың кесірінен сол төңіректегі тұрғындар жылуға жарымай қалады. Себебі, олар жылу жүйесіне жоспарсыз қосылып отыр, деп жазады inbusiness.kz.

Санитарлық қорғау аймағында салынып жатқан екі бірдей тұрғын үй экологиялық қауіп төндіріп тұр. Өйткені, дәл сол құрылыстың астында көптеген коммуникациялық желі бар. Егер кәріз жүйесі жарылатын болса, қоршаған ортаға орасан зиян келмек. Сорақысы сол, канализациялық қалдықтар қаланың жартысын басып қалуы әбден мүмкін.

"Егер кәріз жүйесіне ақау келетін болса, күллі қалдық сыртқа ағып шығады. Өйткені, дәл сол жерде қаладағы кәріз жүйелерінің түйісетін коллекторы орналасқан. Топыраққа зиян тигізіп, қоршаған ортаға залал келтіреді. Қаланың көп бөлігі кәріз жүйесінен ағытылады. Ондайда төтенше жағдай жариялауға тура келеді", - деді "Павлодар су арнасы" ЖШС бас инженері Дмитрий Башкиров.

"Бүгінгі күні облыс орталығында 25 көпқабатты үйлер заңсыз салынуда. Бұл біздің қаламыздың бас жоспарына қарама-қайшы келіп отыр. Қаланың бас жоспары кәдімгі қаулымен бекітілген. Ендеше ол бекітілгеннен кейін осы бас жоспарда қалай бекітілді ары қарай дамуы сол қалпында өзгермеуі керек. Егерде мына жерде көпқабатты үй болмау керек десе, ол жерге неге салуы керек? Оған жауапты қаланың сәулет және қала құрылысы бөлімі бар. Павлодар қаласындағы заңды тұрғыдан қадағалайтын органдар. Өкінішке қарай, бүгінде қаламыздың сәулеті бұзылып отыр", - деп атап өтті "Әділдік жолы" РҚҚ ПОФ директоры Нұргүл Қайырденова.

 

Өткен жазда ғана ретсіз салынып жатқан үйдің бірінің төбесі опырылып ортасына түскен. Салдарынан бес құрылысшы жарақат алды. Прокуратура тексеру жүргізіп кемшіліктерді тапқан. Апатты ғимаратты бұзу туралы нұсқау берілген. Бұзуын бұзды, бірақ орнына қайтадан салды.

Бүгінгі таңда Павлодар бойынша 50-ден аса ретсіз салынып жатқан құрылыс бар. Шағын және орта бизнесті тексеру жүргізуге салынған мораторийге байланысты оларға шектеу қоюға немесе сапасын қадағалауға шенділер қауқарсыз. Елде нүктелі құрылысы бар барлық қалада тәртіп орнату бойынша заң жобасы әзірленуде. Онда шаһарларды дамытудың бірыңғай стандарттары енгізілмек.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу