Президент: Қазақстан интеграцияны дамытуға мүдделі

577

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында еліміздің интеграцияны дамытуға мүдделі екенін жеткізді, деп жазады inbusiness.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   

Президент: Қазақстан интеграцияны дамытуға мүдделі Фото: t.me/bort_01

"Қазақстан интеграцияны дамытуға мүдделі екенін тағы атап өтемін. Қазақстан тарапынан интеграциялық процестерді тежеу туралы сөз болуы мүмкін емес. Қазақстан, керісінше, ЕАЭО туралы шартқа толық сай келетін экономикалық интеграция процесін жетілдіру және оңтайландыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Біздің халықтарымыз, әрине, Қазақстан халқы да, біздің кәсіпкерлеріміз де мұндай интеграцияның пайдасы мен нәтижесін көруі тиіс. Дегенмен  көзделген көптеген интеграциялық бағыт бойынша біз әлі де "кібіртіктеп" тұрмыз", - деді ол.

Президенттің айтуынша, бүгінде Одақтың цифрлық күн тәртібіндегі жұмыстарының нәтижесі көрінбейді. Ол еліміздің бұл бағытта алға жылжығанын атап өтті.

"Бүгінде біз цифрландырылған отыз мемлекеттің қатарына кіреміз. Елімізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта көрсетіледі. ІТ технологиялар мен инновациялардың бәсекеге қабілетін арттыру үшін заңнамалық негіздер жасалды. IT стартаптарының халықаралық технопаркі табысты жұмыс істейді. Криптоиндустрия дамып, цифрлық теңге енгізіліп жатыр. Осының бәрін интеграцияны дамытуға, еуразиялық ауқымдағы жобаларды жасауға пайдалануымыз керек деп есептеймін. Біз Одаққа мүше елдерді осы бағыттағы жұмысты жандандыруға шақырамыз",- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салайық, осыған дейін Қазақстанның ЕАЭО-ға мүше елдермен тауар айналымы 23 млрд долларға жеткенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу