Риддер қаласында баспана мәселесі ушығып тұр

646

Риддер қаласында құрылысы мемлекеттік бағдарламамен басталған бес қабатты үй бітпей тұр. 

Риддер қаласында баспана мәселесі ушығып тұр Фото: inbusiness.kz

Қоршалған құрылыс аумағында ешкім жоқ. Есігі құлыптаулы. Ал шаһарда Үкіметтің үйінен үміттілер көп. Жеке пәтері жоқ жастар өзгенің үйін жалдап, бар тапқанын қожайынына төлеуге мәжбүр. Ал барар жері, тұрар орны болмаған бір отбасы тіпті иен қалған көпқабатты үйді өздері ғана паналап отыр.

Алпыс пәтерлі баспананы тұрғызу үшін қазынадан 600 миллион теңге бөлінген. Бірақ Үкімет берген ақшаны алған мердігер міндетін толық атқармаған. Жұмыс бастала сала уақыты кейінге шегерілген. Одан кейін құрылысшылар мүлдем жоқ болып кетті.

Бес қабатты үйдің құрылысы былтыр жылдың соңында аяқталып, пайдалануға берілуі керек болған. Бірақ өздеріңіз көріп тұрғандай нысанның екінші қабатына дейін қабырғасы көтеріліп, жұмыс тоқтап қалған. Бұған дейін екі мердігер компания ауысыпты.

Қаладағы жастар үшін баспана үлкен мәселеге айналған. Жаңа салынып жатқан үй жоқ. Ескілерінің бағасы шарықтап тұр. 

Тұратын жай болмай жаны қиналған соң, мына бос қалған бес қабатты паналаған жандар да бар. Ғимарат кезіндегі ет комбинатының меншігі еді. Апатты деп танылғаннан кейін елдің бәрі амалсыз көшіп кетті. Қазір мұнда ерлі-зайыпты екі адам ғана тұрады. Олардың көрген күні де қиын.

"Жолдасым қанша рет әкімдікке барды. Нәтиже шықпады. Үй жоқ. Мұнда амалсыздың күйін кешіп отырмыз. Бесінші қабаттан аққан су жертөлесіне дейін құйылады. Өздеріңіз көрдіңіздер ғой. Мынау адам тұратын жер ма?!", дейді Риддер қаласының тұрғыны Николай Седых.

Қала билігі мәселені мердігерден көреді. Жұмыс уақытылы жүрмегендіктен араларындағы келісімшарт бұзылған. Қазір ақ-қарасын сот анықтап жатыр.

"Сот анықтап, шешім шығарған соң, біз байқау жариялаймыз. Өзге құрылыс компаниясын тауып, үйді салып бітіреміз", дейді Риддер қаласы әкімінің орынбасары Мұрат Байжұменов.

Байқау жарияланар. Тағы бір мердігер табылар. Алайда, бұл үйдің құны енді 600 миллион теңге болмайды. Себебі құрылыс материалдары шексіз қымбаттап кетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу