Бұлай деп Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Қанат Жеңісбекұлы айтты, деп жазады inbusiness.kz.
Былтыр тұтынушылардың көбі азық-түлік емес тауарларды айырбастау және қайтару, сапасыз сатылған тауарлар бойынша шағымданған.
"Бұдан бөлек тұрғындар тұрмыстық қызмет көрсетудің сапасыздығы, электрондық саудадағы бұзушылықтар, тауардың көрсетілген қасиеттерге сай болмауы, тауарларды уақтылы жеткізбеу, билеттерді қайтару, сотқа дейін дауларды реттеу мәселелері алаңдатқан", - деді спикер.
Өткен жылы тұтынушылар департаменттің көмегімен 26,6 млн теңгені қайтарып алды. Мамандар тұтынушыларға бөлшек сауда саласында 14,2 млн теңгені қайтаруға көмектесті.
"Сондай-ақ, халықтың құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру үшін былтыр Өскемен қаласының әкімдігі 1,5 млн теңгеге лот ойнатты. Нәтижесінде өңірге танымал "Аманат" тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестігі жеңімпаз болды", - деді Қанат Жеңісбекұлы.
Департамент басшысының орынбасары елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың үш деңгейлі жүйесі барын еске салды. Бірінші деңгейде сатып алушы өз шағымымен сатушыға дербес жүгінеді. Егер 10 күнтізбелік күн ішінде сатушы шағымға жазбаша жауап бермесе немесе бұзушылықтарды ерікті түрде жоюдан бас тартса, онда тұтынушы уәкілетті органға жүгіне алады. Тұтынушылық дау сотқа дейінгі тәртіппен шешілмеген жағдайда, тұтынушы сотқа жүгінуге құқылы.
"Бізге азық-түлік емес тауарлар бойынша өтініштер көп түседі. Сараптама қажет болған жерде жұмыс істемейміз, себебі бізде зертхана жоқ. Сатып алынған SIM-карталар салынатын құрылғылар, шұлық бұйымдары, метраж өнімдері, фармацевтикалық тауарлар қайтарылмайтынын назарда ұстаған жөн", - деді ол.