Шымкентте 6 баланы өрттен аман алып қалған батыр анаға үй беріледі

279

Қала әкімі қауіп-қатерге қарамастан өзгенің өмірін құтқарған ерлігі үшін алғысын білдірді. 

Шымкентте 6 баланы өрттен аман алып қалған батыр анаға үй беріледі Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

26 желтоқсан күні Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бір отбасыны ажалдан арашалаған Марина Гафарованың шаңырағында болды. Маринаның көзсіз ерлігінің арқасында кәмелет жасына толмаған алты бала өрттен аман қалып, қаһармандығына ел тәнті болған еді. Бұл туралы inbusiness.kz сайты хабарлайды.

Шымкент қаласының әкімі қауіп-қатерге қарамастан өзгенің өмірін құтқарған ерлігіне алғысын жеткізіп, Марина Гафароваға баспана жағынан қолдау көрсетуге уәде берді.

Айта кету керек, жақын арада шымкенттік батыр келіншекке демеушілердің көмегімен жаңадан салынып жатқан тұрғын үйден 4 бөлмелі пәтердің кілті табысталатын болады.

Еске сала кетсек, оқиға 16 желтоқсанға қараған түні сағат 01:57-де Қайнарбұлақ саяжайы, Ореховая көшесі №58 мекен жайында орналасқан тұрғын үйде болған. Марина түн ортасында көрші үйден шыққан қызыл жалынды байқап, өз өміріне қауіп төніп тұрса да, терезені сындырып, балаларды қою түтіннің арасынан аман алып шыққан.

"Сіздің бұл ісіңіз – үлкен ерлік. Өміріңізді қауіпке тігіп, 6 баланы өрттен алып шықтыңыз. Ерлігіңізді ескеріп, демеушілердің есебінен 4 бөлмелі пәтер сыйға беріледі. Сізге алғысымызды білдіреміз!" – деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Сондай-ақ, көпбалалы ана Марина Гафарованың бұл еңбегі ескеріліп, ерлігі мен батылдығы үшін Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан наградтауға да ұсынылған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу