Шымкентте 81 адам коронавирусқа байланысты карантинге жатқызылды

1251

Жұқпалы аурулар ауруханасы және тағы екі емханада 950 науқасқа арналған орын толықтай жабдықталған. 

Шымкентте 81 адам коронавирусқа байланысты карантинге жатқызылды

"Шымкентте  Ұлыстың ұлы күнін атап өтуге жоспарланған  мерекелік іс-шаралар өтпейді. Сонымен қатар "Шымкент - ТМД елдерінің мәдени астанасы" жылының ашылу салтанатын өткізу 20 наурызға жоспарланған болатын. Ол іс-шара кейінге қалдырылып отыр. Қашан өтетінін нақты айта алмаймын", –  деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков. Сондай-ақ ол "Шымкент - ТМД елдерінің мәдени астанасы" жылының ашылу салтанатының билеттері сатылымға шығып қойғанын жасырмады.

Оның құны сатып алған тұрғындарға қайтарылатын болады.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндеті атқарушы Тимурхан Варзиловтың айтуынша, қаланың медициналық ұйымдарында  дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың, жеке қорғану құралдарының қажетті қоры бар. Олар: арнайы  костюмдер, маскалар, жұқтырған пациенттерді тасымалдауға арналған капсулалар.​ Жұқпалы аурулар ауруханасы және тағы екі емханада 950 науқасқа арналған орын толықтай жабдықталған. 4199 медицина қызметкері вирус күдігі бар пациенттерді анықтау, емдеуге жатқызу алгоритмі, эпидемияға қарсы және емдеу іс-шаралары бойынша оқыту тренингтерінен өткен.  ​

"Біз жағдайды бақылауға алып, тиісті шаралардың бәрін жүргізіп отырмыз. 12 наурыздағы мәлімет бойынша коронавирус жағдайы тіркелген елдерден келген 61 адам біздің бақылауға алынып ауруханаға карантинге жатқызылды, тағы 20 тұрғын үй карантинінде. Шетелде болып келген азаматтармен мамандар жеке-жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыр", – деді қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы. 

Еске салсақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясының таралуын пандемия деп жариялап,таяу күндері ауру жұқтырған елдер қатары көбейеді деген мәлімдеген болатын. Осыған орай бүгін Мемлекет басшысы өзінің Твиттер парақшасында Үкімет арнайы алдын алу шараларын қолға алып, қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылатынын жазды. ​

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу