Шымкентте гүл ұрлап аты шыққан экс-полицейдің басы тағы да дауға қалды

585

Ер адам әйелдің телефонын тартып алған. 

Шымкентте гүл ұрлап аты шыққан экс-полицейдің басы тағы да дауға қалды Фото: видео скриншот

Әлеуметтік желіде Шымкенттегі дәмханалардың бірінде әйелдің телефонын тартып алып, қайтарудан бас тартқан ер адамның видеосы тарады.

Видеожазбада телефонын мас ер адамнан ала алмайтынын түсінген әйел жанындағылардан көмек сұрайды. Дөрекілік танытқан ер адам былтыр 8 мамырда гүл сататын дүкеннен гүл ұрлаған экс-полицей екені белгілі болды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

“Мына кісі айтып жатыр ме едіңдер? Ішкеніне төлеп алсын. Менің телефонымды кепілге тастамақшы. Жақсылап телефонға түсірші. Сол гүлге ақша төлей алмайтын жігіт қой”, – дейді әйел.

Ер адамдардың әйелге араша түсіп, телефонын қайтарып беруін талап еткеніне қарамастан, ол өзінде ешқандай телефон жоқ екенін айтып, жанына ешкімді жолатпай қойды. Көмекке келгендердің бірі ер адамның қолдандағы телефонды алып беріп еді, әйел бұл өзінің телефоны емес екенін, оны ер адам жасырып отырғанын айтты. 

“Менің телефоным, соны ала сал. Саған сыйладым. Менде телефон жоқ, көлікте”, – дейді ер адам.

Видеодан әйелдің телефонын қайтарып беруге көмектескендердің бірі міз бақпай сыра ішіп отырған ер адамның жағасынан алып жатқанын көруге болады. Болған жағдайдың немен аяқталғаны белгісіз.

Шымкент қаласының полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме бермеді.

Еске сала кетейік, өткен жылдың 8 мамырында ер адам флористі қорлап, дүкеннен гүл шоғын алып кеткен. Тұран АПБ-ның 102 арнасына қоңырау түскен. Алайда дүкен иесі мән-жайды нақтылау барысында учаскелік инспекторларға ешкімге шағымы жоқтығын айтып, арыз жазудан бас тартқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу