Тәліптер Кош-Тепа каналын іске қосса, Қазақстанға келетін су азаяды

396

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов мәлімдеді.

Тәліптер Кош-Тепа каналын іске қосса, Қазақстанға келетін су азаяды Фото: rivers.help

Кош-Тепа каналының салынуы Сырдария арқылы Қазақстанға келетін су көлемінің азаюына себеп болуы мүмкін, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Вице-министрдің сөзінше, алдағы уақытта судың күрт ауытқуын күтпейді. Бірақ болашақта Сыр суы азаюы мүмкін. Бұл біздің онсыз да қиын жағдайдағы Аралға әсер етеді.

Айта кетейік, бұл мәселе бүгін Астанада өткен "Су қауіпсіздігі және трансшекаралық су пайдалану: сын-қатерлер мен шешімдер" атты халықаралық конференцияда кеңінен талқыланды.

"Қазақстан мен Ауғанстан арасында тікелей шекара болмағанымен, жаңа каналдың әсері бәрібір сезіледі. Біз Ауғанстанмен шекаралас емеспіз, бірақ олардың алатын су көлемі болашақта жалпы жағдайға әсер етеді. Әмударияның 30%-ға дейінгі суы Ауғанстанға кетуі мүмкін", - деді вице-министрі Аслан Абдраимов.

Ауғанстанның Кош-Тепа каналы арқылы суды қайта бөлу мәселесіне қатысты "Байтақ" партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев та өз пікірін айтты.

"Біз ешкімді сынағымыз келмейді. Бүгін біз қазақстандық және халықаралық ғалымдарды шақырдық. Олар каналдың тиімділігін арттырып, су ысырабын азайту жолдарын ұсынып отыр. Біз онымен бірлесіп жұмыс істегіміз келеді. Әмударияның су ресурсының шамамен 25-30%-ы болашақта Ауғанстанның жаңа каналына бағытталатын болады. Демек, Өзбекстан мен Түрікменстанға су аз түседі. Тиісінше, Өзбекстан Сырдарияның суын көбірек пайдалануы мүмкін. Бұл Қазақстанға келетін судың көлемін азайтады. Тіпті Өзбекстан тарапынан келетін су 30-40%-ға дейін қысқаруы мүмкін. Мұнда тек бірлескен жұмыс қажет. Иә, бұл – үлкен мәселе, оны шешу керек", – деді Азаматхан Әміртаев.

Айта кетейік, Ауғанстан билігі Кош-Тепа ​​құрылысын 2028 жылға дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Ұзындығы 285 шақырымды құрайтын арна Әмудария өзенінің суын құяды. Ауғанстан билігі бұл елдегі азық-түлік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді деп отыр.

Ал, халықаралық су сарапшыларының пікірінше, Кош-тепа каналы толық қуатын іске қосқанда салдары ауыр болуы мүмкін.

Атап айтқанда, Әмудариядағы су деңгейінің күрт төмендеуі, сорғы станцияларының тоқтап қалуы, ауыл шаруашылығына, ауыз сумен қамтамасыз ету мен электр энергиясын өндіруге қауіп төнуі, Арал теңізінің құрғауының жылдамдап, оған қоса Қарақалпақстан Республикасында шаңды дауылдар санының артуына әкелуі мүмкін. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу