Tengri Bank-тен депозит ашқандар қайда жүгінуі керек?

723

Қазақстанда тағы бір банк лицензисынан айырылды.

Tengri Bank-тен депозит ашқандар қайда жүгінуі керек? Фото: Серікжан Қобыланбаев

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Tengri Bank-тің таратылатынын мәлімдей отырып, қаржылық ұйым клиенттеріне қысқаша нұсқаулық жариялады. Осы банктен ашылған шетел валютасындағы депозиттерді, төлем карточкаларындағы және банктік шоттардағы ақшаны Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры мынадай шарттамен өтеп бермек. Әуелі өтемақы ұлттық валютамен төленеді. Ал оның сомасы: 
- теңгемен салынған жинақ салымдары бойынша 15 млн теңгеден;
- теңгемен салынған өзге депозиттер бойынша 10 млн теңгеден;
- шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 млн теңгеден аспауға тиіс.

Салымшының атында түрі мен валютасы әртүрлі бірнеше депозит болған жағдайда кепілдік берілген өтемақы көлемі 15 млн теңгеден аспауы керек. Кепілдік берілетін өтемақы сомасынан асқан қалдықты банктің тарату комиссиясы өтейді. Ол таратылатын банктің кредиторлары тізілімінің талаптарын қанағаттандыру кезектілігіне сәйкес мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген кезден бастап тағайындалады. Салымшының шетел валютасындағы депозиттері банк лицензиядан айырылған күндегі нарықтық бағам бойынша өтемақы төленеді. 
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына  жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер жүгінуге құқылы. 

"Төлемдер банк лицензиясынан айырылған күнге негізгі борыш пен банк есептеген сыйақы сомасы шегінде жүзеге асырылатын болады. Банк салымшысы болған жеке тұлғалардың 99%-ының депозиттеріне ҚДКҚ-ның кепілдігі толық көлемде беріледі. Агенттік төрағасының 2020 жылғы 17 қыркүйектегі бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды", - деп жазады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі.

Яғни агенттік тағайындаған жаңа басшылық банкті басқаруға қажетті өкілеттердің барлығына ие болмақ. Уақытша басшылық банктің тарату комиссиясы тағайындалғанға дейін жұмыс істейді. Оның құрамына Агенттіктің және Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының  өкілдері кірді. Уақытша әкімшілік банк мүлкінің сақталуын қамтамасыз етіп, активтерді анықтау, банктің активтеріне, міндеттемелері мен құжаттарына түгендеу жүргізу үшін тағайындалған көрінеді. 

"Банкті күтіп-ұстауға арналған шығыс операциялары мен банкке түскен ақшаны есепке алу мақсатында клиенттердің және банктің шоттары бойынша шығыс операцияларына (оның ішінде ағымдағы және депозиттік шоттар бойынша кассалық және аударым операцияларына) тыйым салынды. Уақытша әкімшілік сонымен қатар бұрын берілген кредиттер бойынша қарыз алушылардың ақшаны қайтаруын бақылайды. Тараптардың келісімі бойынша банктің қаржылық жағдайын нашарлатпайтын өзгерістер енгізуді қоспағанда, банкпен бұрын жасасқан шарттардың талаптарын өзгертуге тыйым салынады. Заңда белгіленген барлық рәсімдер жүргізілгеннен кейін Tengri Bank-тің клиенттеріне өтемақы төлеу басқа банктерде ашылған банктік шоттарға есептеу жолымен немесе агент-банк арқылы қолма-қол ақшаны алу жолымен 2020 жылғы қазанның бірінші жартысында басталады деп күтіледі", - делінген ресми мәліметте.

Сондай-ақ, агенттік аталмыш банктің салымшысы болған азаматтарға мәселе туындаған жағдайда Tengri Bank-тің уақытша әкімшілігіне +7 (727) 244-34-34; 3434  телефоны. бойынша жүгінуге болатынын хабарлайды.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу