Осы орайда, inbusiness.kz сайтының тілшісі өлкетанушы, саяхатшы, журналист Амандық Әмірхамзинді әңгімеге тартып көрді.
– Қазіргі мына алмағайып заманда короновриус уақытындағыдай жайт қайталанып тұрғандай елестейді. Өйткені, аты жаман ауру елімізге келген кезде жұрттың көпшілігінің барар жері, басар тауы болмай, дұрысы шетелге шыға алмай, Қазақстанды шарлап кетті. Расында, елімізде қаншама көрікті һәм қызықты жерлер бар екеніне жұрттың көзі жетті, – деп бастады ол сөз басын.
Иә, Иран мен АҚШ және Израиль текетіресі қазақстандық туристердің Таяу Шығысқа шыға алмай, ондағы саяхатшылардың бір күнде мүсәпір күйге түскені белгілі болып отыр.
Өңір жәдігерлерінің 60 пайызы облыстық өлкетану музейінде жиналған
Қазақ туризміне ат салысып жүрген сарапшы Амандық Қорғанұлы басты тақырыпты Солтүстік Қазақстан аумағына бұрды. Әлбетте, бұл тақырыптың ауқымы кең, бұл Солтүстік Қазақстанның төрт облысы аумағын қамтиды.
"Әуелі, өзімнің туған жерім Қостанай облысынан бастайын" деп біршама пайдалы деректермен бөлісті ол. Енді кейіпкерімізге сөз берсек:
1. Өткен жолы шетелдіктермен бірге Қостанайға ұшып барып келдім. Әуежайда кәдесыйлар не туристерге арналған бұрыш, яки жазба байқамадым. Түскен соң жаяу шығып, таксиге кете бардым. Қалада сервисі жақсы екі қонақүй бар, халықаралық деңгейдегі мейманхана қажеттілігі қатты сезіледі.
2. Тамақ ішетін, оның ішінде, ұлттық дастарқаннан дәм таттыратын дәмхана-мейрамханалары бар, көбейіп жатыр. Әлі де сервисті арттыру керек.
3. Қостанайда не көруге болады?! Өңір жәдігерлерінің 60 пайызы жиналған облыстық өлкетану музейі. Жақында жөндеуден соң ашылуы тиіс. Айтқандай, Қостанай жерінде Ыбырайға құрмет ерекше. Мұнда музейі бар, қала іргесінде жерленген. Бірақ, Шоқан есімі кішкене көмескілене беретін сияқты. Сосын Алаш зиялыларына қатысты айтқанда тек Торғай емес, Тобыл-Торғай дегеніміз дұрыс болар. Ахаң мен Жахаң ескерткіші айқындап тұрғаны рас. Қостанайда Абай ескерткіші жетіспейді, әрине. Жалпы, Абай Құнанбайұлы ескерткіші жоқ Қазақстандағы жалғыз облыс орталығы екен. Бейімбет, Спандияр сияқты басқа да талай зиялымыз Қостанай облысы аумағында туған. Қалада 19 ғасыр соңы мен 20 ғасыр басындағы сәулет ескерткіштері бар. Туристерге қызықты деп ойлаймын. Ойын-сауық жағынан Терма Парктері керемет. Кинотеатрлары, қос театры бар, мәдениеті озық өлке.
4. Әуежайы Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Мәскеу, Фукуок, Шарм-эль-Шейхтан ұшақтар қабылдайды. Жақсы емес пе? Астананың өзіне екі рейстен ары-бері ұшады. Пойызы тағы бар. Көлікпен Астанаға 700 шақырым болар. Яғни, турист ретінде демалыс турына барып қайтуға мүмкіндік бар.
5. Өкінішке орай, облыстың Меңдіқара, Қарабалық, Сарыкөл сияқты шекара маңы аудандары туралы ақпарат аз. Меніңше, осындай солтүстік аудандарымызды таныту қажет.
6. Жалпы, облыс Қазақстандағы ең үлкен аймақ екенін, оның тарихи һәм табиғи-географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, 5-6 күндік блог-тур ұйымдастыру керек. Бірақ, ол үшін жеке Қостанай облыстық Туризм басқармасы керек облыс орталығында Сапар орталығын ашуы – кезек күттірмейтін іс.
7. Қазақстанның басқа аймақтары жұрты үшін облыстың орманды жерлерінде демалыс орталықтарын көбейту керек. Қостанайдың ауасы да таза.
8. Қалада екі қабатты автобус бар, қызық, сосын автобус мәдениеті өте жоғары, жолаушылар автобустың ортаңғы есігінен кіріп, алдыңғы есігінен түседі. Бәрі үйренген.
9. Науырзым қорығы бұрын аймақтың басты туристік нысаны болатын, қазір оның орнын Торғай туризмі басқан сияқты. Әрине, Науырзым – табиғаты ерекше, әр турист көруі қажет қорық.
10. Торғай өңірінің туризмін қарқынды дамыту да маңызды.
Бұл ретте, Торғай өңірінің туризміне бөлек тоқталғым келеді. Өйткені, бұрын Торғай туризмі десе ел күлетін, қазір кешенді туризм орталығына айналған.
"Тәж Торғай" кешені туралы естідіңіз бе?
Тур ұйымдастырушысы Амандық Әмірхамзин қазіргі күні "Тәж Торғай" кешені туралы жиі айтылып жүргенін жеткізді. Оның негізін қалаған Сапар деген кісі көрінеді.
– Сапар ағамыз Қостанай облысының Амангелді кентінде 3,5 миллиард теңге қаражатын құйып, "Тәж Торғай" атты кешен салып, туған жеріне өз парызын өтеп жатыр. Қосымша құрылыстары 2026 жылы бітуі тиіс. Әлі де инвестиция салып отыр. Былай қарасаңыз, бұл кешен Торғай өңіріндегі туризмді дамытуға да сеп болуда. Және бұл тұста ішкі туризмге қатысты ой-пікіріміз ағамен бір жерден шығады екен. Туризм – айналып келгенде халықтың әл-ауқаты, қосымша жұмыс орындары, инфрақұрылым.
Сондықтан, Қостанай облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына бағынатын Туризм бөлімімен 2025 жылы "Тылсым Торғай тур" атты жоба аясында блог-тур ұйымдастырған едік. Сапар ағамыз бар көмегін жасады, қонақтар үшін автобус бөлді, қонақүйінен орын берді және меймандар үшін мейрамхана ас мәзірі дайын болды.
Және кешенді аралатып, өз көзімен көрсетті және одан әрі Ағаштыкөл ауылы тұсындағы Торғай геоглиферінің біріне алып барды. Тіпті, алыс және жақын шетелден келетін туристер үшін шағын ұшақтар да дайын тұр, – деді ол.
Ресейдің – 3, Қазақстанның 5 аймағымен шектесетін өңірдің туристік әлеуеті өте зор
Сарапшының сөзінше, бүгінде Торғай өңірінде туризмге көзқарас өзгерген, тұрғындар жол жүрсе, музейлерге кіріп, туған жер тарихымен танысып болған соң "Тәж Торғай" кешеніндегі сәулет ескерткіштерін көреді. Сонымен бірге, арнайылап алыстан (Қостанай мен Астанадан, тіпті Алматыдан) келетін қонақтар саны көбейген. Өз бетімен келушілер атақты Қаратұзға дейін жетті. Жолдағы Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы ауылдары да туристердің жиі баратын жерлеріне айналып үлгерген.
– Өз басым өңірдегі туризмге қатысты оң өзгерістерді байқаймын, әлбетте тоқмейілсуге болмайды, дегенмен, Сапар Ысқақов сияқты ағаларымыз бар кезде Торғай туризмінің белгілі бір дәрежеде облыс туризмінің айнасына айналатынына кәміл сенемін. Қазақстанның әр түпкіріндегі ағайын Ыбырай ашқан мектепті көріп, одан түлеп ұшқан Ахмет мен Міржақыптың іздерін басып, Кейкі, Әбдіғапар, Амангелді бастаған азаттықты аңсаушылардың шайқас орындарын өз көзімен көріп, Торғай даласының аң-құсы мен балығына тамсанып, Кұмкешудің құмына аунап, Торғай геоглифтерінің құпиясына таң қалып, жергілікті астан дәм татып, ұмытылмайтындай саяхат жасауға болады.
Жалпы, Торғай туризмінің болашағы туралы көп айтып жүрміз, нәтижесі де жаман емес, ал, бұл ретте, Торғай жеріндегі Ахмет Байтұрсынұлы және Ақкөл ауылдарының туристік әлеуеті тіпті ғажап.
Мысалы, Қазақстанның солтүстік-батысында орналасқан Қостанай облысының туризмі туралы айтқан кезде әдетте оның "Қарағайлы орман" шипажайы мен Науырзым қорығы есімізге түседі. Дегенмен, Ресейдің 3, Қазақстанның 5 аймағымен шектесетін өңірдің туристік әлеуеті өте зор. Оның ішінде Алаштың Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ахмет және Ғазымбек Бірімжановтар, Елдес Омаров, Мырзағали Есполов, Омар Алмасов, Сейдәзім Қадырбаев, Кәрім Тоқтабаев сияқты талай аяулы азаматтары туған Тобыл-Торғай жері әсем табиғатқа да, тұнып тұрған тарихқа да кенде емес, – деді гид ұйымдастырушысы бізден әңгімесінде.
Торғай кентінде 6 музей жұмыс істеп тұр
Кейіпкеріміз Торғай жерінің орталығы Арқалық қаласындағы қырық жылдық тарихы бар Дала өлкесі музейі мен оған іргелес аймақта орналасқан 7-8 ғасыр куәсі Екідің ескерткішіне де тоқталды. "Дәл Арқалық қаласы аумағы мен Ұлытау облысы шекарасының табиғаты ерекше, жері таулы-тасты, тоғайлы, көз сүйсінтеді" дейді ол.
Одан беріректе 288 шақырымдық қашықтықтағы Арқалық-Торғай күрежолы бойында әуелі Кейкі батыр кесенесіне тәу етіп, Амангелді кентіне соғуға мүмкіндік бар. Бұл – 1898 жылдан Батпаққара атымен белгілі өлке. Амангелді Иманов музейіне кіріп, одан әрі 18 шақырым қашықтықтағы Торғай геоглифтерінің бірі Ағаштыкөл геоглифін көруге болады. Сармат-сақ дәуіріне тән ескертіштердің Торғай жерінде көптеп табылуы өлкеміздің бағзы заманда аталған халықтардың мекен еткен орталығына ұқсайды, геоглифтер былтырдан бастап жүйелі түрде қазыла бастады. Ал, атақты "Торғай Дубайы" аталған, Құмкешу де салыстырмалы түрде Амангелді кентінен алыс емес.
– Амангелді ауданымен шекаралас Жанкелдин ауданы облыс аумағының 19 пайызын құрайды. Жеріміздің үлкендегі оның ландшафтының әралуандылығына, жануарлар мен құстар әлемінің көптүрлілігіне алып келеді. Бұл ретте, аймақты дамытудың драйверлерінің бірі – туризм, оның ішінде, ішкі туризм десек артық айтқандық емес.
Айтқандай, былтыр 140 жылдығы тойланған Жахаң, яғни, Міржақып Дулатұлы жерленген Бидайық ауылына барған жолаушылар, Алаш ардақтысының басына барып тәу етеді, музейін тамашалайды. Бидайықтың маңындағы Қызбел тауларының да табиғаты ерекше.
Күре жол бойымен жүріп отырып, Торғай кентіне де келіп қалғаныңызды байқамай қаласыз. Бұл – "дуан" деген атауымен белгілі Ыбырай Алтынсарин алғашқы қазақ мектебінің қазығын қаққан мекен. Сондықтан, мұнда міндетті түрде аялдау керек әрі Торғай кентіндегі 6 музейдің жұмыс істеп тұруы Қазақстандағы ерекше құбылыс деп бағалауға болады. Абылай ханның бас батыры Шақшақ Жәнібек бабамыздың музейі Торғай кентінде қоныс тепкен. Одан кейін ағартушылықтың, білімнің қайнар басында тұрған, алғашқы қазақ мектебін ашқан – Ыбыбай Алтынсариннің музейі де Торғай кентінде орналасқан. Сондай-ақ, Алаш арыстары – Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы музейлері жөндеу жұмыстарынан кейін келушілерге өз есігін айқара ашқан болатын. Қазақтаннан шыққан алғашқы саяхатшы Әліби Жанкелдиннің музейі де Торғайда орналасқан. Сонымен бірге, "Оспанқожа Әулие" мешіті жанындағы Ғазез Әмірханов музейі мен Торғайдың "Топжарғаны" атанған Нұрхан Ахметбеков музейі де келушілер үшін қызықты болар деп санаймын.
Осы ретте, атақты Партизан сайы мен кезіндегі Ағаш көпір ұмытылып жатқандай көрінеді. Сонымен бірге, Торғай кентінің іргесіндегі Шақшақ Жәнібек ұрпақтарының қорымы – Дәуітпай сайына сырттан келушілердің соқпай кетпейтіні сирек. Егер, жол түсіп жатса, Торғай кентінен 80 шақырым қашықтықта Кіші жүздің ханы – Әбілқайыр хан мен оның сарбаздары жерленген "Хан моласына" баруға болады, үлкен кешен салынған, – деп өте пайдалы дерегімен бөлісті өлкетанушы.
Ахмет Байтұрснұлы талай шомылған Ақкөл көлі осында орналасқан
Негізінен, облыстық деңгейдегі киелі жерлер тізіміне (28 нысан) ауданның 7 объектісі енгізілген. Әсіресе, әскери ұрыс даңқы, мысалы, 1916 жылғы Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілістері өткен – Татыр шайқасы, Торғай шайқасы сияқты орындар сырттан келетін туристер үшін қызықты болуы мүмкін.
Соңғы жылдары өңірдің туристік әлеуетінің дамуына байланысты сырттан келуші қонақтардың саны артқанын айтқан тарихшы Амандық Әмірхамзин мұның негізгі 5 себебіне тоқталды. Тағы да кейіпкерімізге кезек берсек.
"Қостанай облысы, Жанкелдин аудандық Кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің деректеріне сай, ауданның шалғайында орналасқан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ауыл мен Ақкөл ауылы іргесіндегі Айғожа Қаратұзына бұрнағы жылы бес мыңға тақау турист келген. Олардың санының артуына бір жағынан шынын айтқанда пандемия әсер еткен, өйткені, ол кезеңде сыртқа шығатын туристеріміздің бір бөлігі ішкі туристерге айналып, қызықты жерлер іздей бастаған болатын. Міне, сол кезеңнен бері Торғайға сырттан келушілер саны молайғанын байқаймыз.
Екінші себеп, Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының ЮНЕСКО деңгейіндегі мерейтойы шеңберінде Ахаң туған киелі топыраққа келіп, тәу етушілер қатары көбейді. Жалпы, мерейтой аясында Ахаңның кіндік қаны тамған жерде Ахмет Байтұрсынұлы музейі ашылған болатын. Экпонаттары жаман емес, жанында Байтұрсын әулетінің қоршалған қорымы бар.
Үшінші себеп, аталған ауылдарға барар жолда жер астынан ыстық су ағып жатыр. Емге деп өз бетімен келушілердің қарасы үзілмейді. Әттегенайы, кабиналар бар болғанымен, жанында бір шипажай салынса, халыққа қызмет етіп, бюджеттің де бүйрегін толтырар еді.
Төртінші, Қостанай облысындағы аса ірі көлдердің бірі, кезінде Ахаң талай шомылған Ақкөл көлі осында орналасқан. Аталған көлді тек шаруашылық, балық аулау үшін ғана емес, сонымен жатар, жағалауынан, мысалы, Кендірлі деп аталатын жеріндегі жағалауынан демалыс орнын ашса деген ой, жағажай салуға сұранып тұр. Бәрі инфрақұрылымға келіп тіреледі, инфрақұрылым демекші, Ахаң мерейтойында сөз болған жолдың 20 шақырымы ғана салынды да, қалғаны тоқтап қалды.
Бесінші, аталған ауылдар іргесінен "Алтын Дала" резерватының "Айырқұм" учаскесі басталады, ол – киіктің Бетпақдала популяциясының өсіп-өну мекені. Аумағы Швейцарияға жетеғабыл Қостанай облысы, Жанкелдин ауданының жері қандай үлкен болса, оның ішіндегі "Алтын Дала" резерватының көлемін көзбен елестете беріңіз!".
Құмкешуде жергілікті тұрғындар күніне 1 тонна қымыз дайындайды
Өлкетанушы бізбен әңгімесінде көптеген жер-су атауын айтты. Қандай тамаша атаулар дерсің!? Тіпті, осыларды көше атауларына да пайдаланса болатындай. Бірақ, бұл тақырып болғандықтан, ауытқымай өз ізімізге қайта түселік.
Амандық Қорғанұлы Алматы облысындағы Саты ауылы сияқты Қостанай облысының Ахмет Байтұрсынұлы және Ақкөл ауылдары туризмді қарқынды дамытуға айрықша сұранып-ақ тұрғанын айтты.
Оның сөзінше, кішкене ғана 2 ауыл сырттан келетін туристерге мына нысандарды ұсына алар еді:
– ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туған Сарытүбек осында орналасқан, Ахаң музейі бар;
– Ахаң талай шомылған, аумағы 60 шақырымдық Ақкөл көлі Торғай қазақтарының балықшылық кәсібінің бір көрінісі десе болғандай, әсіресе көктемгі-жаз мезгілдерінде балықшылардың уақытша жатақтарда тұруы, этнографтар үшін қызық болар деп ойлаймын;
– ауыл халқы әсіресе қыс мезгілінде балық шаруашылығының арқасында күн көреді, бірақ, мал шаруашылығы негізгі табыс көзі, ауыл жылқылары мысалы, жыл 12 ай тебіндеп шығады, Торғай қымызының дәмі де ерекше, бәлкім, мысалы, Торғай жерінің басқа бір ауылы Құмкешуде жергілікті тұрғындар күніне 1 тонна қымыз дайындап, қосымша табыс тауып отыр, сол сияқты аталған ауылдарға осы тәжірибені енгізуге болар еді;
– ұлттық тағамдар, әсіресе, балықтан жасалған, асатын, қуыратын, кептіретін тағамдар өзге өңір халықтарына қызық болар деп санаймын;
– Ахаң ауылы маңындағы Айғожа Қаратұзы (ауылдан шамамен 20 шақырым қашықтықта орналасқан) Қазақстанның Өлі теңізі десек те болар, жолдың қолайсыздығына қарамастан тек осы көлді көру үшін жоғарыда айтқанымдай жылына 5000 тақау адам келеді, туризмге сұранып тұрған нысандардың бірі, дәл осында өндірілген тұз кезінде патша заманында олардың дастархан мәзірінде болған деген дерек бар, жалпы, тұз өндіру – басқа мәселе;
– жоғарыда жазғанымдай, ауылдан шамамен 12 шақырым қашықтықта жер астынан ыстық су шығып жатыр, өкінішке орай, онда ешқандай кешен жоқ, кісілер өз бетімен келіп, суын пайдаланып жатыр;
– ауыл аумағында Оғыз-Дешті Қыпшақ заманының ескерткіші Сырлытам орналасқан, кезінде Әлкей Марғұлан зерттеп кеткен, тек оның астындағы құнды заттарды алып кеткенін ауылдың көне көз қариялары айтып отырады, бір қызығы шетелдік басылымнан оның тастарынан балық пен айдаһар бейнесін көрдім, бұл оғыздар мен қыпшақтарға тән екен;
– ауыл "Алтын дала" резерватының "Ұлы Жыланшық" учаскесіне тақау орналасқан, жақын болашақта мұнда даланың еркін аң-құсын көру үшін сафари ұйымдастыруға болар еді.
Жалпы, бұл 2 ауылдағы туризмді тұтастай алғандағы Торғай өңірінің экономикасын әртараптандырудың бір жолы деп қарастырумыз керек, – деп сөзін қорытындылады саяхатшы.
Сонымен қатар Торғай қазақтары тұрмысының бұзылмай қазақы қалпына сақталуын ескере отырып, қонақжайлығымызды, нағыз ауыл тұрмысын неге туристер үшін ұсынбасқа, әрине, оны қызмет көрсетуді жақсарта отырып көрсете аламыз ғой. Туристерге зәулім ғимараттар емес, шынайы қазақ салты, өмірі қызық емес пе?!