Тұрғындар 10 жылдан бері ауылдан балабақша салдыра алмай жүр

852

Бала-шаға бар, балабақша жоқ. Жамбыл облысында бүтін бір ауыл жұрты 10 жылдан бері шап-шағын балабақшаға қол жеткізе алмай жүр.

Тұрғындар 10 жылдан бері ауылдан балабақша салдыра алмай жүр Фото: Жетісу газеті

Салдарынан көпшілік шақырымдар асып, көрші ауылға күнбе-күн балаларын тасып әлек. Сорақысы қос ауыл арасындағы тас жол болса, ойдым-ойдым. Әйтеуір әлеуметтің базынасы шаш-етектен.

Қаракемер ауылындағы тұрғындардың күні көрші ауылға қарап тұр. Өйткені жұртқа қажет әлеуметтік нысандардың барлығы сонда. Қарашаға әуелгі қолбайлау - елді мекенде балабақшаның жоқтығы. Көпшілік күні-түні 4 шақырымдық шұрық тесік жолмен арлы-берлі қатынауға мәжбүр. 

Ауылда балабақша жоқ емес, бар. Бірақ тек қаңқасы тұр. Оның өзін 2 жыл бұрын ауылдағы кәсіпкер тұрғызған. Алайда 75 орынды бөбектер үйі бітпей жатып, тоқтайды. Себеп - іскердің қаржысы сарқылған. Қос үйін сатып, балабақша соққан кәсіпкер енді не үй жоқ, не балабақша жоқ, - деп жыларман. Ал дүйім жұрт дайын тұрған нысанға неге қолдау жоқ деп жергілікті билікке наразы. 

"Ауданның әкімі келеді. Жиналыс жасайды. 5-6 адамды жинап алады да, болды әдемі дейді де, кетеді", дейді Қаракемер ауылының тұрғыны Болат Мансұр.

Ауылда қазір 150 түтін саны бар. 180-ге жуық бала көрші ауылға күнде қатынайды. Жергілікті әкімдік болса, балабақша салынбауына тұрғын санының аз болуы себеп дейді. Ал ғимаратын бастап, жобасы жарты жолда қалған іскерге мемлекет тарапынан қолдау заңда көрсетілмеген. 

"Қарақемер ауылынан салу жоспарда жоқ. Өйткені Қаракемерде қазір 800 тұрғын тұрады. Құмарық ауылына жапсарласқан ауыл Қаракемер ауылы. Құмарық ауылында балабақша да, оның үстіне мектептің жанында мектепке дейінгі шағын орталық бар. Қазір балалар соған қамтылуда", дейді Құмарық ауылының әкімі Асқар Болатов.

Ал қос ауыл арасындағы тас жол биыл жазда жөнделмек. Мердігері анықталыпты. Бұған республикалық қазынадан 34 млн тг қаралған. Сондай-ақ келер жылы ауылда  спорт нысаны да салынады дейді әкімдік. Қазір сметалық құжат әзірлеуге 4 млн тг бөлініпті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу