Түркістан облысы мақташылары субсидияға қол жеткізе алмай отыр

374

Шаруалардың суармалы жерлеріне берілетін суға мемлекеттен субсидия алу үшін су есептегіш құралы болуы кажет. 

Түркістан облысы мақташылары субсидияға қол жеткізе алмай отыр Фото: freepik

Ал диқаншылық маусымдық болғандықтан, шаруалар су есептегіштерінің орнатылуын күте алмайды. Оның үстіне көптеген шаруалардың қондырғы орнатуға өз күші жетпейді және олардың қаражаты да шектеулі, деп жазады inbusiness.kz мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев баяндамасына сілтеме жасап. 

Түркістан облысының ауыл шаруашылығының негізін мақта және 
бау-бақша дақылдарын өсіру құрайды, бұл салада 83 мың шаруа қожалығы жұмыс істейді. Бұл өңірдің егістік көлемі 860 мың гектар, суармалы алқап 552 мың гектар және еліміздің суармалы жерінің 4/1 құрайды.

"Түркістан облысы – мақта дақылдарын өсірумен айналысатын бірден-бір аймақ. Десе де, былтырғы жыл мақта шаруашылығына оңайға соқпады. Егін науқанына шығындалғаны аздай, өнімнің бағасын белгілей алмағаны – "жығылған үстіне жұдырық" болды. Шаруалар берілетін субсидиясына заңдағы қайшылықтар салдарынан қол жеткізе алмай қалды", — деді Қайрат Балабиев.

Себебі, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің "Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге су беру бойынша көрсетілген қызметтердің құнын субсидиялау қағидаларының" (2015ж. 30 маусымдағы № 6-3/597) 1-тарауының 4-тармағына сәйкес егіс алқабына су есептегіш құралдары мен құрылғылары орнатылмаған жағдайда субсидия берілмейді. Бұл талап ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілді.

Сондықтан, шаруалардың суармалы жерлеріне берілетін суға мемлекеттен субсидия алу үшін су есептегіш құралы болуы кажет.

"Ал диқаншылық маусымдық болғандықтан, шаруалар су есептегіштерінің орнатылуын күте алмайды. Оның үстіне көптеген шаруалардың қондырғы орнатуға өз күші жетпейді және олардың қаражаты да шектеулі. Айналдырған 2 гектарға егін салатындар пайдаға қарық болып жатыр деуге келмес. Облыста бір ғана мақтаның түсіміне бір миллиондай тұрғынның күні қарап отырғаны жасырын емес", — деп бөлісті депутат. 

Осы орайда депутаттар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы № 6-3/597 бұйрығымен бекітілген ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге  су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау қағидалары 1-тарауының 4-тармағын алып тастау туралы ұсыныс білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу