Түркістан облысының тұрғындарын шыбын-шіркей әбігерге түсірді, деп жазады inbusiness.kz Otyrar.kz порталына сілтеме жасап.
"Балаларды сыртқа мүлдем шығармаймыз. Тіпті оларды балабақшаға жіберуді де қойдық. Қазір далада ыстық болғанына қарамастан, көлік терезесін ашпаймыз", - деді Отырар ауданының тұрғыны Кемалхан Өскенбаев.
Зиянкестер қорадағы малға да зиян келтіріп жатыр.
"Жайылымдарда мал қырылып жатыр. Шыбын-шіркей шаққан жерде құрттар пайда болады. Олар өз кезегінде малға зиян тигізеді", - деді Отырар ауданының тұрғыны Жұмабай Сапарбаев.
Ауыл тұрғындарының сөзінше, олар зиянкестерден жылда зардап шегеді. Ресурстың жазуынша, әкімдік шыбын-шіркеймен күресуге биыл бюджеттен 640 млн теңге бөлінген.
Дезинфекциялық жұмыстар зиянкестер жаппай таралған орындарда жүргізіледі. Мамандар зиянкестерді толығымен жою мүмкін емес дейді.
"Қазір барлық ауылда биологиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Халық арасында зиянкестердің салдарынан сырқаттанушылыққа келер болсақ, бізге мұндай ақпарат түспеді", - дейді Отырар ауданы әкімінің орынбасары Ержан Оралбай.