Түркістанда ауыл халқы аптап ыстықта ауыз сусыз отыр

409

Қазығұрт ауданының құрамына кіретін елді мекенде жарықтың жайы да мәз емес.

Түркістанда ауыл халқы аптап ыстықта ауыз сусыз отыр Фото: Ашық дереккөзден

Аптап ыстықта ауыз сусыз отыр. Түркістан облысында 200-дей түтіні бар Қызылдала ауылы соңғы екі аптадан бері тіршілік нәрінен қағылған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қазығұрт ауданының құрамына кіретін елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылғанымен, ондағы жұрт жаз бойы бұған жарымаймыз деп ашынады. Ыстық күнде аңқасы кепкен ағайын ауылда ауыз судан бөлек жарықтың жайы да мәз емес екенін айтады. Ал, ауыл іргесінен магистралды газ құбыры өткенімен Қызылдала халқы әлі тезек теріп от жағады.

Қызылдала ауылындағы мыңнан астам халыққа тіршілік нәрі алдымен осы жерге жиналып сосын берілетін. Бірақ соңғы 15 күнде бұл жерге де су жетпеген. Сондықтан етектегі елдің де кезенесі кеуіп отыр. Айтуларынша,  ауыл халқы аптап ыстық басталғалы ауыз судан қағылған.

Өзегі талған тұрғындар тіршілік нәрін амалсыздан тасып ішуге мәжбүр. Оның құнының қымбат екенін айтпағанда, күннің ыстығынан әуітке құйып алған су тез иістеніп кетеді екен.

Тілге тиек ететін тағы бір мәселе Қызылдаладағы ешбір үйде су есептегіш құрылғы жоқ. Барлық үй бір тарифпен ақша төлейді. Су келмесе де әр шаңырақ ай сайын 1500 теңгеден жинап береді. Ол үшін ешқандай түбіртек берілмейді. Бірақ, қаржы уақтылы төленсе де тіршілік нәрі уақтылы берілмейді.

Ауылда ауыз судан бөлек жарықтың жайы да жұрттың жанына батқан. Мәселен, мұндағы желілер әбден тозғандықтан электр кернеуінің қуаты төмен. Соның кесірінен тұрғындардың қымбатқа сатып алған талай дүниесі күйіп кеткен.

Қызылдала ауылы алтын сандықтың үстінде жалаңаш отырған баланың кейпінде қазір. Өйткені елді мекен маңынан үлкен магистралды газ құбыры өткен. Соған қарамай көгілдір отынмен қамтылмаған. Тіпті жоспарда да жоқ.

Ойын алаңшасы, аяқ жол, көше шамы, мәдениет үйі сынды өркениет игіліктері қызылдалалық ағайын үшін әзірге орындалмайтын арман. Қыста батпаққа батып, жазда шаң жұтқан жұрт ең болмаса аптап ыстықта ауыз сусыз қалдырмаса деп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу