Түркістан облысындағы Жетісай аудандық сотында өзінің әкесін аяусыз соққыға жыққан ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сот Алмас Садақбаевты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп тапты. Атап айтқанда, 110-баптың 2-бөлігінің 1-тармағы ("Қинау") және 107-баптың 2-бөлігінің 3-тармағы ("Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру"). Осылайша айыпталушы 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ер адам жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болады.
Бұған дейін бұл істі жүргізген прокурор сотталушыға 6 жыл 2 ай мерзімге түрме жазасын сұраған болатын.
Күні кеше Түркістанда әкесін соққыға жыққан ер адам сотта соңғы сөзін айтып, көз жасына ерік берді. Алмас Садақбаев істеген ісіне өкінетінін айтып, кешірім сұрады.
Оның әкесі, Шардара ауданына қарасты Қоссейіт ауылының тұрғыны Есіркеп Садақбаев 2025 жылы қыркүйекте қайтыс болған еді.