Қазақстандағы этносаралық келісім мен конфессияаралық татулық – ұлттық бірлік саясатының негізі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Халық кеңесінің қоғамдық диалог институты ретіндегі конституциялық мәртебесін бекіту мәселесі де күн тәртібінент түскен емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылуға жақын бұл алаң азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің маңызды мемлекеттік шешімдерді әзірлеуге қатысу тетіктерін кеңейтері сөзсіз. Әлбетте, бұл қоғамдық пікірдің ықпалын күшейтуге, қосымша кері байланыс арнасын қалыптастыруға және ұлттық деңгейде әртүрлі этностық топтардың мүдделерін ескеруге жол ашады. Жасыратыны жоқ, Қазақстан халқы Ассамблеясының көпжылдық тәжірибесі мен инфрақұрылымы сақталады. Сол арқылы өз жұмысын жалғастыратыны да белгілі.
Қызылорда облыстық түрік этномәдени орталығының белсенді мүшесі Дильфура Байрахтарова "Біздің ауылымыздың тұрғындары үшін халық арасындағы достық өмірдің үлкен мәніне айналған" дейді. Ол 14 ұлттың өкілі қоян-қолтық бірге өмір сүріп, бірге еңбек ететін ауылы туралы кеңінен айтып өтті.
– Қазақстан – көпұлтты, тату-тәтті мемлекет. Қызылорда облысындағы ІІІ Интерноционал ауылы осыған нақты мысал болардай.
Игілікті болашақ жолында өзара бірлікте жұмыс жүргізіп жатқан отбасы мен мектептер аз емес. Соның бірі ретінде өзім еңбек етіп жүрген №108 орта мектебі туралы айтқым келеді.
Бұл мектеп өзінің мақсат қойғыштығы мен жүйелі жұмыс жүргізе білудегі асқан шеберлігін осы ұжымның өсіп-өркендеуіне пайдаланып, білім нәрімен сусындап жатқан әрбір баланың өмірін жақсы жағынан өзгерту жолында зор жауапкершілікті сезіне жұмыс жүргізеді. Басты мақсатымыз – болашақ ұрпақтың мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, отанына адал қызмет етуге тәрбиелеу және білімді де білікті маман болып қалыптасуына бағыт-бағдар көрсету. Бұл ретте білім мен қатар тәрбиенің атқаратын рөлі ерекше.
Ұстаздық ете жүріп болашақ ұрпақ тәрбиесіне де зор мән берудемін. Тәрбиенің мақсаты – елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек. Сондықтан, тәрбиенің жүзеге асуының технологиясы қалай дегенде де ұлтымызға ұстын, болашағымызға тұғыр болатын ұлттық тәрбиеде жатыр деп нық сеніммен айта аламыз, – дейді ол.
Ал түрік этномәдени орталығының жетекшісі Гүльчин Әнсерқызы бізге ата-әжесінің басынан өткен қиын-қыстау заманды әңгімелеп берді.
– 1944 жылы ата-әжем Қазақстанға депортацияланыпты. Сол уақытта әкем небәрі 2 жаста болыпты. Қараша айының қара суығы табаннан өтіп, тұрмыстың жоқтығы халыққа ауыр тиген кезең екен. Сол кезде ауыл тұрғындары тағдырдың қиын кезеңіне тап болған жандарға барымен бөлісіп, көмек қолын созған. Тіпті, жоқшылық қолға тұсау болған жұтаң заманда аяғына аяқкиімнің орнына мал терісін орап, жан бағуға мәжбүр болған кездер еске түссе жан түршігеді. Сондай кездерде қазақтар адамгершіліктің озық үлгісін көрсетіп, мұқтаж жандарды үйлеріне бөліп кіргізген. Қолда бар екі сиырының бірін бөліп берген. Әрқайсысы жеке отау құрғанша, қамқорлықтарын аянып қалмапты. Бұл алақандай ауылдағы ағайынның жомарт жүрегі мен ұйымшылдығының арқасы, мейірім ұшқынының бір көрінісі болса керек, – деп еске алады ол сол шақты.
Дильфура Байрахтарова қай қоғамда болмасын, ұрпақ адамның болашағы екенін айтады. Сондықтан, ол "болашақ жарқын болсын десек, оларды жақсы тәрбиелеуге күш жұмсауымыз керек" деп есептейді.
– Көктем мерекесімен бірге "Алғыс айту" күні де тойланады. Тек мерекеде ғана емес, мен әрдайым өз атымнан қазақ халқына өз ризашылығымды білдіріп келемін. Біздерге қамқор болып, өзгелерден бөле жармай, бір ауылда тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Біздің еңбегімізді бағалап, өз кезегінде біз де аянбай тер төгудеміз. Осындай бірлікте, татулықта күн кешіп жүрміз. Әлбетте, бұл бізді қуантады. Себебі, өмірдің мәні ауызбіршілікте, ынтымақта екені белгілі, – дейді ол.
Қорыта айтқанда, ұлтаралық келісім – Қазақстан қоғамының тұтастығын сақтайтын негізгі құндылықтардың бірі. Әлеуметтік тұрақтылық пен саяси бірлік түрлі этнос өкілдерінің тең құқықтары мен өзара құрметіне сүйенеді. Осы қағидатты нығайту қай сәтте болмасын, елдің, халықтың ұзақмерзімді дамуы мен қауіпсіздігінің шешуші факторы болып қала береді.