ТЖМ өртті әуеден сөндіретін ұшақтың жоқтығы туралы: "Оған ақша бөлінбеген"

360

Төтенше жағдайлар министрлігінде өртті әуеден сөндіруге көмектесетін ұшақтар неге әлі күнге дейін жоқ?

ТЖМ өртті әуеден сөндіретін ұшақтың жоқтығы туралы: "Оған ақша бөлінбеген" Фото: inbusiness.kz

Бұл сұраққа Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Сенат кулуарында жауап берді, деп жазады inbusiness.kz. 

"Себебі оған ақша бөлінбеді. Біз сұрастырдық. Алайда ақша қарастырылмағандықтан, әлі сатып алған жоқпыз", - деп жауап берді ол. 

Ибрагим Күлшімбаевтың сөзінше, қазіргі таңда министрлікте суағар құрылғылары бар 33 тікұшақ бар. 

"Оның ішінде 16-сы ауыр техника болып есептеледі, олар өрт сөндіруге арналған. Қалғаны іздеу, барлау жұмыстарында қолданылады", - деп атап өтті ведомство өкілі.

Тілшілер спикерге "Төтенше жағдайлар министрлігіне қанша техника жетіспейді? Министрліктің қолындағы техника 60-70-шы жылдардағы екені рас па?" деп сұрақ қойды.

"60-шы жылдардағы техника бізде жоқ. Бұл дұрыс емес ақпарат. Қазіргі уақытта бізде 3200-дей бірлік техника бар. Бірақ олардың жалпы саны 3600-ден артық болу керек. 400-дей бірлік техника әлі жетіспейді. Оның бәрін кешенді жоспарға енгізіп, алдағы үш жылдың ішінде алуды қарастырып отырмыз", - деді ол.

Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі бұл мақсатқа кешенді жоспарда 605 млрд теңге қарастырылғанын айтты.

"Оның ішінде 537 млрд-ы Төтенше жағдайлар министрлігіне. Бұл 2027 жылға дейін қарастырылған", - деді спикер.

Ибрагим Күлшімбаевтың сөзінше, Семей орманындағы өртті сөндіруге жалпы 13 тікұшақ жұмылдырылған.

"Оның ішінде суағар құрылғылары бар 5 тікұшақ Төтенше жағдайлар министрлігінікі. Бұдан басқа Қорғаныс министрлігі, "Қазавиаорманқорғаудың" 2 тікұшағы жұмылдырылды", - деп жауап берді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу