"Ұйықтап жатып бір жаққа кетіп қалатын": Түркістанда екі баласын өлтірген әйел туралы тың дерек шықты

4075

7 ақпан күні болған Түркістандағы жағаұстатарлық жағдай көпшілікті алаңдатып қойғаны белгілі. 

"Ұйықтап жатып бір жаққа кетіп қалатын": Түркістанда екі баласын өлтірген әйел туралы тың дерек шықты Фото: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

31 жастағы келіншек өзінің туған күнінде 3 және 5 жастағы балаларын тұншықтырып өлтіріп, оқиға орнынан ізін суытқан болатын. Әйел екінші күн дегенде Шымкенттегі қонақ үйлердің бірінен ұсталды.

Туған перзенттерін өлімге қиған ана ұстаздық қызмет атқарған. Мұғалімнің бұл әрекетін бірі отбасылық жанжалмен байланыстырса, бірі тылсым күштің әсері дейді, деп жазады inbusiness.kz сайты "Көреміз" бағдарламасына сілтеме жасап.

Әйел Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тумасы. Оқу орнын бітіргеннен кейін 10 жылға жуық мектепте ұстаз болған. Мектеп әкімшілігі, оқушылардың ата-анасы, әріптестері, көршілерінің сөзінше, ол оқушылармен тез тіл табысатын, ата-аналармен қарым-қатынасы жақсы, ақжарқын мінезді екен. Мақтау мен мадақтау қағазы көп келіншек – отбасындағы жалғыз перзент болған.

Сұмдық оқиға болмас бұрын ол әлеуметтік желіге екі баласы мен өзінің қолын суретке түсіріп, "жүректеріміз мәңгі бірге" деп жазба қалдырған.  

Ал әйелдің көршілері тың деректі жария етті. Айтуларынша қыздың дерті болған. 

"Студент кезде ауырып, молдаларға апарып, қазақы ем-дом жасаған. Содан кейін жақсы боп кеткенімен, алдыңғы жылы қайтадан дерті асқынған екен. Ұйықтап жатып бір жаққа кетіп қап, кейін тауып алып келіпті дегенді естідік", – дейді келіншек туған ауылдың тұрғындары. 

Ал емхана қызметкерлері диспансерлік есепте тұрмағанын, тек жүктілік кезде бақылауда болғанын айтты. 

Келін боп түскен жерінде көршілес тұратын тұрғындар ата-енесі де, күйеуі де өте жақсы адамдар дейді.  

"Жұмыстан келіп, балаларды балабақшадан алып кеткен. Үй іші кешке келмегеннен кейін іздей бастаған. Күйеуі жұмыстан 11-12-лер шамасында келсе, кетіп қалған екен. Бірінші құрбысына жазып, "мені алып кетіңдерші" деп орналасқан жерін жіберіпті. Құрбысы келіншектің күйеуіне хабар беріп, үш адам болып сол жаққа барған. Сол кезде сұмдық оқиға болғанын білген", – дейді көршілерінің бірі. 

Күдіктінің Ләйла есімді туысы оның бұрыннан ауытқуы бар екенін, кішкентай кезінде бірнеше рет өзіне қол жұмсамақ болғанын айтты. Ал қайын інісі жұбайлар арасында мүлдем ұрыс-керіс болмаған дейді. Сөзінше, не жағдай болғаны өздеріне де жұмбақ болып отыр. 

"Ішкен екен, ұрыс-керіс болған екен, ауытқуы бар дегенге сенбеңіздер. Оның бәрі – жалған", – деді ол. 

Психиатрдың айтуынша, психологиялық ауытқуы бар адамдар да өзінің бір жағын жасырып қойып, қоғамда қалыпты өмір сүре береді. 

"Бала кездегі, орта жастағы ашу-ыза болады, адам соның бәрін жинап отбасылық өмірге қадам басады. Сол кезде шешілмеген мәселе, айтылмаған, шықпаған реніштің бәрі осындай салдарға әкеп соғуы мүмкін", – дейді психиатр Ұлболсын Қалмаханбетқызы. 

Ал теолог бұл жерде тылсым күштің әсері бар екеніне сенімді. 

"Тұқымқуалайды дейтіндей диспансерлік есепте болмаған, жұрт мақтаған сап-сау мұғалім. Мұнда сиқыр арқылы кіретін жындардың әсері бар деп ойлаймын. Біреу дуалауы мүмкін, мұндай нәрсе қазір қоғамда кең тараған. Ерлі-зайыптыларды ажырату үшін, отбасын ойран қылу үшін осындай әрекетке барады адамдар. Медицина мұны мойындамауы мүмкін, бірақ батыс елдердегі психоаналитик мамандар қазір осындай тылсым күштің бар екенін мойындады. Студент кезінде оқытты деп жатыр ғой. Сол кезде жын шықпай қалған, тек басып қойған болуы мүмкін", – дейді дінтанушы. 

Заңгер Мейірман Шекеев тәжірибесінде өз баласына өзі қиянат жасағандар көп кездесетінін айтты. 

"Қазір 99-баптың 2-тармағы "Кісі өлтіру" бойынша тергеу жүріп жатыр. Әйелге бірнеше сараптама тағайындалады. Егер сараптама оның ақыл-есі дұрыс болғанын көрсетсе келіншек 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал егер психологиялық ауытқуы бар екені дәлелденсе, жазаланбайды, тек емдеуге жіберіледі", – деп атап өтті ол. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу