"Ұмраға апарамын": Шымкентте 245 адамды алдаған туристік фирма басшысы сотталды

408

Сотталушы жалпы көлемі 255 млн теңгеден астам ақша алған.

"Ұмраға апарамын": Шымкентте 245 адамды алдаған туристік фирма басшысы сотталды

Шымкентте халықты қажылық сапарға алып барамын деп алдаған туристік фирма директоры 6 жылға сотталды.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Қазақстаннан қажылық сапарға бармақ болғандарды алдаған "Kausar Travel" туристік фирмасының директорына қатысты үкім шықты.

Сотталушы 245 адамды Ұмра қажылығына алып бару үшін жолдамаларды рәсімдеп бермек болып, олардан жалпы көлемі 255 млн теңгеден астам ақша алған. Оның кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің жауаптарымен, заттай айғақтармен және істегі басқа да материалдармен толық дәлелденді.

Сот үкімімен компания директоры алаяқтық жасады деп танылып, оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ ол туризм саласындағы қызметпен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айырылды. Жәбірленушілердің 225 млн теңгеден астам соманы өндіріп алу туралы талап-арызы да қанағаттандырылды.

"Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің санкциясында 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Сот қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың анықталмағанын, айыпталушы істеген іс-әрекетінің ауырлығын сезінбегенін, өкініш білдірмегенін, қылмыспен келтірілген материалдық залалдың орны толмағанын және жәбірленушілердің қатаң жаза тағайындау туралы пікірлерін ескерді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ", – делінген Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу