"Жайылып жүрген киікті көресің": Ақтөбе облысында табиғи резерват ерекше маршруттар ұсынды

387

Қайыққа мінгізіп, балық аулатып, атқылап жатқан ыстық  суға шомылдырып, топтасын жайылып жүрген ақбөкендерді тамашалауға болады. 

"Жайылып жүрген киікті көресің": Ақтөбе облысында табиғи резерват ерекше маршруттар ұсынды Фото: «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерваты

Қызыл кітапқа енген құстар мен жануарларды көргіңіз келсе "Торғай-Нұра" туристік-экскурсиялық соқпағын таңдаған жөн.  Себебі, бұл маңдағы өзен-көлдер құстардың ұя салып, балапан басуына қолайлы. Әсіресе, көктем және күзде бұл маң- нағыз құс базарына айналады. Тағы бір ерекшелігі- күзде жолыңыз түссе, топтасып жүрген киіктерді көре аласыз. Торғай өзені бойында аялдап, демалып, суға шомылып,  қармақпен әуесқой мақсатта балық аулап, жаяу және қайықпен серуендеуге болады.

Ал Малайдар көлдер жүйесі маршрутын таңдағандар барлығы 297 шақырымды еңсереді. Ерекшілігі – 240 шақырымды көлікпен жүріп өтсе, 34 шақырымын атпен, 10 шақырымын қайықпен, қалған 12 шақырымын жаяу аралатады. Жолшыбай  1731 жылы  Әбілқайыр хан мен орыс патшасының елшісі Тевкелев құжатқа қол қойған жер – Маңтөбені, әрі қарай  XIX ғасыр аяғында салынған сәулет өнерінің ескерткіші Алмат тамы мавзолейіне соғады.  Жол бойы құм жоталарды, сол жоталар ортасында өсіп шыққан қос теректі көзіңіз шалады. Көпшілік туристердің ерекше назарын аударатыны – айнадай қоршай орналасқан үлкенді-кішілі  үш көл - Малайдар, Асабай, Тайпақ көлдері. Көл маңын жаяу аралап, артынша қамыс арасындағы жасырын бақылау алаңдары арқылы көл бетіндегі, оның жағасындағы тіршілікпен етене таныса алады.

Қазір резерват тарапынан ашқан үш маршруттың ішінде келушілер тарапынан ең көп сұранысқа ие болып тұрғаны- "Шалқар-Тебіз". Әйгілі ыстық атпа осы маршрутқа  енеді. Ол жерде көбіне емдік мақсатта суға шомылғысы келетіндер  демалады. Шалқар-Тебізге барғандар да жол бойы киіктерді көре алады.

Қазір келушілердің көбісі  Торғай-Нұра және Шалқар-Тебіз маршруттарын таңдайды. Біріншісіне  балық аулау мақсатында қызығушылық танытса, Шалқар -Тебіз маршрутына емдік шипалы су үшін келеді. Жылына шамамен 250дей турист келеді,- дейді "Ырғыз- Торғай" мемлекеттік табиғи резерваты бастығының орынбасары Әнуарбек Бермағамбетов.

Үш маршрут та Ырғыз ауданы аумағында орналасқан. Келушілерді 1 маусым айынан 1 желтоқсанға дейін қабылдайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу