Жамбыл облысында су тасқыны қаупі бар аймақта 42 елді мекен орналасқан. Бұл елді мекендерде 178 152 тұрғыны бар 32 638 үй есепке алыныпты. Алдын алу жұмыстарының нәтижесінде 34 елді мекендегі қауіп толық жойылып, 2 елді мекенде су басу қаупі едәуір төмендетілген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Бегзат Қамбаровтың айтуынша, бүгінде облыста су тасқынының алдын алу бағытында жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылуда. Көктемгі кезеңге дайындық аясында жалпы ұзындығы 82,55 шақырым болатын 8 ирригациялық бағыттағы 7 канал тазаланып, арық жүйелері мен 5,64 шақырым дренаж арналары қазылып, 11 далалық көпір ауыстырылып, су өткізу жүйелері кеңейтілген.
"Облыс бойынша зардап шеккен тұрғындарды қабылдауға арналған 396 пункт дайындалды. Онда 119 мың адамды орналастыруға болады. Қосымша 32 шатыр, қажетті төсек-орын әзірленіп, тамақтандыру мен арнайы техниканы тарту бойынша 58 келісімшарт әзірленген. Көктемгі кезеңде ахуал күрделенген жағдайда халықты эвакуациялау алгоритмдері пысықталып, күштік құрылымдармен өзара іс-қимыл тәртібі нақтыланды.
Жедел ден қою үшін облыс көлемінде 1 927 адам, 485 техника және 132 су айдау құралы тұрақты дайындықта тұр. Оның ішінде төтенше жағдайлар департаментінен 146 қызметкер, 32 техника, 35 су айдау құралы, 19 жүзу құралы және 492 байланыс құралы жұмылдырылған. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан 964 адам мен 290 инженерлік техника, 25 эвакуациялық техника әзірленді. Қажет болған жағдайда жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының 311 инженерлік техникасы мен 1 034 адамы тартылуы үшін келісімшарттар жасалған", – деді Бегзат Сейтбекұлы.
Жалпы "Қазгидромет" республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының көпжылдық мониторинг деректеріне сәйкес, өңірге түскен қар жамылғысы қауіпті деңгейден аспайды деген болжам бар. Дегенмен таулы аймақтарда көлбеу ағындардың пайда болу қаупі сақталып отыр.
Ал "AMANAT" партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Алпамыс Қазыбаев өңірде су тасқынының алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы зерделеніп, бірқатар олқылықтар анықталғанын айтады.
"Өткен жылы Қордай ауданында жауын-шашын салдарынан Беріктас пен Соғанды ауылдық округтерінде 219 тұрғын жарық пен газдан ажырап, "Береке" шаруа қожалығы аумағынан 671 ұсақ мал мен 10 жылқы суға ағып кеткені тіркелген. Биыл ауданда зардап шеккендерді қабылдайтын 50 пункт бекітілгенімен, халықты дер кезінде хабардар ету жүйесі толық жолға қойылмаған. Жоспарланған 57 құлақтандыру жүйесінің небәрі 11-і ғана орнатылған. Сонымен бірге Масаншы, Қарасай, Қарасу, Ноғайбай және Үлкен Сұлутөр елді мекендері сел қаупі бар аумақ ретінде айқындалған.
Т.Рысқұлов ауданында су басу қаупі бар 7 елді мекен бар. Соңғы үш жылда ауа райының күрт өзгеруі мен қар суының әсерінен Абай, Құлан, Жақсылық, Көкдөнен, Құмарық, Өрнек, Жарлысу, Әбжаппар, Ақыртөбе және Тереңөзек ауылдары зардап шеккен. Ауданның қауіпсіздік паспорты бойынша таудан келетін Мақпал, Шөңгер, Қарақат, Қарақыстақ, Көкдөнен және Шалсу өзендерінде сел жүру қаупі жоғары.
Шу ауданында 2022 жылғы шешіммен құрылған жедел әрекет ету жасағында 80 адам мен 22 техника бар. Ауданда 23 эвакуациялық қабылдау пункті белгіленіп, арнайы генераторлар, мотопомпалар, құм қоры және техникалар әзірленген. Жалпы 102 су шаруашылығы нысаны есепке алынған. Зерделеу барысында "Көкқайнар – Ақсу" автожолы бойындағы көпірді нығайту қажеттілігі де анықталды, себебі су деңгейі көтерілген жағдайда шайылып кету қаупі жоғары.
Меркі ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу үшін 60 адамнан тұратын шұғыл әрекет ету жасағы құрылған. Ауданда 24 су бөгеті, Меркі, Аспара өзендері және "Ленинжол" су қоймасы бар. Қаулыға сәйкес ондаған эвакуациялық пункт жасақталып, "Ақермен 1,2" және "Кеңес 4" суқоймаларында жөндеу жүргізілген. Дегенмен суқоймалардың түбін тереңдету және иесіз "Кеңес 1", "Кеңес 2", "Кеңес 3" нысандарын коммуналдық меншікке алу қажеттілігі туындап отыр", – деді Алпамыс Шәменұлы.