Жания Бисенова: "Суицид мәселесінде баламен ашық сөйлесу керек"

Суицидалдық ой – баланың әлсіздігі емес, оның ресурстарының таусылуы.

Жания Бисенова: "Суицид мәселесінде баламен ашық сөйлесу керек" Фото: Жеке мұрағаттан

Бұл пікірді inbusiness.kz тілшісіне "KAUSSAR KOLDAU" ЖММ директоры, психолог, медиа тренер, ЮНИСЕФ-тің "Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу превенциясы" жобасы бойынша өңірлік тренері Жания Бисенова сұхбат барысында айтты.

Балаға "сиқырлы сөздер" өте жақсы әсер етеді

– Баланың бойынан суицидтік белгілер, қатты жабырқау, өмірден түңілу процестері байқалса, жанындағы адамның бірінші әрекеті қандай болуы керек?

– Ең алдымен, сабыр сақтау – өте маңызды. Себебі, ересек адамның үрейі ұшқаны немесе ашулануы баланың қорқынышын одан әрі күшейтеді. Сондықтан, баланың жанындағы ересектер барынша сабырлы болуға тырысуы қажет.

Одан кейін, бала өз мәселесімен бөліскен жағдайда немесе ересек адам өзі байқап отырған қиындыққа қатысты балаға жұмсақ болуы керек. Яғни, баланы кінәламау қажет. Сондай-ақ, баланы дінмен немесе ұятпен қорқытуға болмайды.

Бұл жерде ең маңыздысы – шынайы қамқорлық көрсету. Оны сөз арқылы да жеткізуге болады. Мысалы, балаға "Сен маған өте қымбатсың", "Сені жоғалтқым келмейді", "Саған көмектескім келеді", "Сенің өмір сүргеніңді қалаймын" деген сияқты сөздерді айту өте маңызды. Менің тәжірибемде, әсіресе жасөспірімдермен жұмыс барысында, осындай қолдау білдіретін "сиқырлы сөздер" өте жақсы әсер етеді.

Тағы бір айта кетерлігі, мұндай жағдайда міндетті түрде кәсіби көмекке жүгіну керек. Себебі, жақын адамдар қаншалықты көмектескісі келгенімен, кәсіби тұрғыда ол мүмкін емес. Сондықтан, психолог маман кеңесіне жүгінген жөн. Кей жағдайда, егер психикалық бұзылыстар байқалса немесе бала депрессия жағдайында болса, психиатр дәрігердің көмегі де өте маңызды.

Егер бала бойынан осы жасқа тән емес белгілер, яғни суицидалды мінез-құлық байқалса, бұл – шұғыл назар аударуды қажет ететін жағдай. Мұндай кезде немқұрайды қарап, мән бермей қалдыруға болмайды.

Баланың бойында қалыпты емес мінез-құлық пайда болған жағдайда ерекше көңіл бөлу керек. Мысалы, баланың тұйықталуы, жалғыздық сезімі, өзіне зиян келтіру әрекеттері, яғни қасақана денесіне зақым жасау (өзін күйдіру, денесін жарақаттау, тілгілеу) сияқты белгілер байқалса, немесе өзінің сүйікті заттарын тарата бастаса, бұл да – қауіпті белгі. Мұндай жағдайда ең бірінші кезеңде балаға тікелей әрі ашық түрде сөйлесу қажет. Яғни қорықпай сұрау керек.

– "Қоғамда суицид туралы көп жазбау керек" деген түсінік бар. Бұл туралы не айтасыз?

– Рас, қоғамда "суицид туралы айтуға болмайды, сұрауға болмайды" деген стереотип бар. Бірақ осы стигманы бұза отырып, баламен ашық сөйлесу, қорықпай сұрау – өте маңызды.

Көп адам "суицид туралы сұрасам, баланы соған итермелеймін" деп ойлайды. Маман ретінде айтарым, бұл – қате пікір. Керісінше, дер кезінде қойылған ашық сұрақ баланың өмірін сақтап қалуы әбден мүмкін.

Жасөспірімдермен жұмыс тәжірибесінде байқалғандай, балаға ашық сұрақ қойылған кезде, ол ішіндегі ауыр сезімін сыртқа шығарып, көмек алуға мүмкіндік табады.

Енді оны қалай айту керек? "Мен сенің соңғы кезде қатты қиналып жүргеніңді байқап жүрмін", "Сенде өмір сүргің келмейтін сәттер бола ма?", "Өзіңе қол жұмсау туралы ойладың ба?" деген секілді сұрақтарды ашық қою баланың өмірін сақтауға көмектеседі.

Бұл жердегі негізгі мақсат – баланың ішіндегі ауыр сезімін, мәселесін сыртқа шығару, мәселесін айтуына мүмкіндік беру және сол арқылы көмек алуға алғашқы қадам жасау.

"Мен сені түсінуге тырысып жатырмын": Балаға өтірік айтпау керек

– Осы орайда, өз тәжірибеңізбен бөлісе отырсаңыз. Балалармен қалай сөйлескен дұрыс?

– Баланың сөзін бөлмеу де маңызды саналады. Жалпы, жасөспіріммен сөйлесу барысында осы қағидаға ерекше мән беру керек. Бала өз мәселесін айтқанда оның сезімдерін құнсыздандырмаған жөн. Өкініштісі сол, кейде мынадай сөздер айтылып жатады: "Қоя ғой, бәрі жақсы болады", "Бұл да өтеді", "Сен неге бұған бола уайымдайсың?", "Сенен де қиын жағдайда жүрген адамдар бар", "Осыған бола сондай шешім қабылдайсың ба?", "Ата-анаңды ойламадың ба?". Осындай сөздерді естіген жасөспірімдер, менің тәжірибемде керісінше, одан әрі тұйықталып, ештеңе айтқысы келмей қалады.

Сондықтан, дұрыс сөйлесу керек. Мен мынадай тәсілді қолданамын. "Саған шынымен де қиын екен, егер сенің орныңда мен болсам, не істерімді білмей отырмын?" деп айтамын. Осындай сөздер жасөспірімге шынайы әсер етеді. Өйткені, бұл – оның мәселесін мойындау. Сонымен қатар, "Мен сені толық түсініп отырмын" деп айтпаймын. Оның орнына "Мен сені түсінуге тырысып жатырмын" деп айтамын. Себебі, қазіргі жасөспірімдер өте сезімтал, олар бәрін байқайды. Кейде "Сіз мені қалай түсініп отырсыз?", "Сіз осындай жағдайды бастан өткердіңіз бе?" деп кері сұрақ қояды.

Сондай-ақ, балаға алғыс білдірудің де маңызы бар. Мысалы, "Өзіңнің мәселеңді менімен бөліскенің үшін рақмет!", "Мен саған көмектескім келеді", "Сен сияқты жағдайдағы балаларға көмектескен тәжірибем бар" деу – жасөспірім үшін өте маңызды. Өйткені, ол өзін жалғыз емес екенін түсінеді. Осындай қиындықпен тек өзі ғана бетпе-бет келіп тұрған жоқ екенін сезіну оған үлкен қолдау береді.

– Қоғамнан оқшауланып, мінез-құлқы өзгеріп жүрген балаға психологиялық көмек, қолдау ауадай керек. Бірақ, арнайы мамандардың қызметіне жүгінуге көбі асықпайтын сияқты көрінеді...

– Суицидалды мінез-құлық байқалған кезде, баланың жанындағы адамдар мәселені өзі ғана шешеміз деп ойламауы керек. Себебі, бұл – өте күрделі жағдай. Әрі мұны кәсіби көмексіз толық шешу қиын.

Өкінішке қарай, кейбір отбасы мұндай жағдайды жасырып қалуға тырысады. "Сыртқа шығармайық", "Өзіміз ғана шешеміз" деген ой болады. Десе де, дәл осы жасыру, маманға жүгінбеу қайғылы жағдайларға әкеліп жатады. Яғни, уақытында көмек сұрамаудың салдары ауыр болуы мүмкін.

Сондықтан, баланың жағдайы міндетті түрде кәсіби маманның бағалауын қажет етеді. Бұл психологтың немесе психиатр дәрігердің көмегін талап ететін клиникалық жағдай болуы мүмкін. Сол себепті, маманға жүгінуден қорықпау керек, оны кейінге қалдырмау қажет. Уақытылы көрсетілген кәсіби көмек баланың өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Тағы да айтқым келетін маңызды нәрсе, Қазақстан бойынша "150" және "111" сенім телефондары жұмыс істейді. Бұл – кез келген уақытта, тіпті түнгі уақытта да хабарласуға болатын көмек көзі.

Суицидалдық ой – баланың әлсіздігі емес, оның ресурстарының таусылуы

– Кәсіби мамандардың қолдауы деп жатырмыз ғой, десе де ата-аналарына да көп нәрсе байланысты шығар...

– Суицидалды мінез-құлықтағы балаларға психологиялық қолдау көрсету – өте маңызды. Бұл қолдау тек кәсіби мамандар тарапынан ғана емес, ата-ананың қолдау көрсетуі баланы бақылаудан сенімге, тыйым салудан шынайы түсінуге бағыт алуы керек. Яғни, бұл – ата-ана мен бала арасындағы эмоционалды байланыстың болуы. Эмоционалды байланыс – бала мен ата-ана арасындағы сенім. Ол тек бала ата-анасына толық сенім артқан кезде ғана қалыптасады. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынаста әрдайым эмоционалдық сауаттылық бірінші орында болуы керек. Бала өз сезімдерін тануды, түсінуді үйренуі қажет. Яғни, ол өзінің мұңын, ренішін, қорқынышын, қуанышын ашық айтып, бөлісе алуы керек. Ал ересектер баланың өз сезімдерін білдіруіне мүмкіндік беруі тиіс. Ең маңыздысы, бала бұл барлық сезімнің жаман емес екенін түсінуі керек. Ол өз эмоцияларынан қорықпауы қажет. Ата-ана баласына сезімдердің табиғи нәрсе екенін, бірақ кейбір жағдайдың қауіпті болуы мүмкін екенін дұрыс түсіндіре алуы тиіс. Ол үшін ата-ананың өзі де психологиялық тұрғыдан сауатты болуы шарт. Яғни, өз эмоцияларын басқара білуі, сабырлы түрде сөйлей алуы керек.

Баланы мазалап жүрген мәселе, тығырыққа тіреген жағдай жаман нәрсе емес, ұят нәрсе емес екенін түсіндіру керек. Мұндай қиындықтар ересектердің де өмірінде кездесетінін бала білуі қажет. Яғни, кез келген мәселені шешуге болады деген ой қалыптасуы керек. Бала ата-анасымен және айналасындағы адамдармен бірге бұл қиындықтарды уақытша, шешілетін жағдай ретінде қабылдауы тиіс. Мұндай сенім тек бала ата-анасына толық сенген кезде ғана қалыптасады. Сондықтан, ата-ана баласына "Қандай қателік жасасаң да, мен сені түсінемін, мен әрқашан жаныңдамын" дегенді жеткізе білгені дұрыс.

– Қоғамда балаға төнетін қауіп-қатерлер де көбейіп кетті ғой...

– Қазіргі уақытта буллинг, әсіресе кибербуллинг, кез келген баланың басынан өтуі мүмкін жағдайға айналып отыр. Сол себепті, ата-аналармен кездескен әрбір сәтте мен осы тақырыпты міндетті түрде қозғаймын. Кездесудің басында да, соңында да, тіпті әрбір аудиторияда қайта-қайта айтып отырамын.

Өз тәжірибемде балалармен сөйлесу барысында бір нәрсені анық байқадым. Көп ата-ана баласына: "Қандай жағдай болса да, маған айт, мен саған көмектесемін" деп айтады. Бірақ іс жүзінде бала қиын жағдайға тап болғанда, көбіне ата-анасына айтпайды. Неге? Себебі, балаларда көбіне "Анам бәрібір мені кінәлайды" деген қорқыныш болады.

Сондықтан, ата-аналарға айтарым – сөз бен әрекеттің арасындағы айырмашылықты жою керек. Балаға "Егер сен мектепте қиындыққа тап болсаң, біреулер сені ренжітсе, қысым көрсетсе немесе өзіңе ұнамайтын әрекеттер жасалса, мен сені кінәламаймын. Қандай жағдай болса да, мен сенің жағыңдамын және саған қолдау көрсетемін" деп нақты түсіндіру керек.

Дағдарыстық сәтте адамның санасы тарылады. Мәселені шешудің суицидтен басқа жолмен көре алмайды. Көптеген әрекет бұл өлгісі келгендіктен емес, айналасындағыларға "Маған қиын болып жатыр, маған көмек керек" дегенді байқату үшін жасалады. Яғни, бұл – бір нәрсені білдіру, көмек сұрау, өзінің бар екенін білдіріп жүргенде, аяқталған суицид оқиғасы тіркеліп жатады.

Суицидалдық ой – баланың әлсіздігі емес. Тағы да қайталап айтайын, бұл – баланың ресурстарының таусылуы, оған көмек керектігін білдіруі. Өлу туралы айтатын әрбір бала шын мәнінде "көмектес" деп, көмекке мұқтаж екенін, жанайқайын, жанының қиналып жатқанын, ішкі күйзелісін көрсетіп жатады. Оның сөзіне ешқашан "манипуляция" деп немесе жай ғана назар аударту деп немқұрайды қарауға болмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу