Көрмеде киім-кешек, көрпе-төсек, зергерлік бұйымдар, азық-түлік және тұрмысқа қажетті түрлі заттар бар.
Шеберлер бұйымдарын шетелдік сарапшыларға таныстырды. Жапониядан 3, Қырғызстаннан 2 сарапшы келіп, қазақтың ұлттық бұйымдарын, олардың жасалу жолдары мен табиғи өнім құрамын зерделеуде. Қолөнершілердің еңбектерін шетелдік өкілдер жоғары бағалауда.
Жапон мамандары киіз бұйымдарын жасау шеберліктерімен танысып, тәжірибе алмасуға дайын.
"Бізді өнімдерінен жасалған бұйымдар ерекше қызықтырды. Экологиялық таза өнімді тұрмыста пайдаланып, кәдеге жарату әдістеріне зер салдық. Екі елдің бір-бірінің мәдениетінен, қолөнер бұйымдарынан үйренер тұстары көп. Біз де өз тәжірибемізбен бөлісіп, ұтымды әдістерді үйретуге дайынбыз", – дейді JICA бизнесті өркендету жөніндегі кеңесші Мицуо Мураяма.
Маңғыстау облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихованың айтуынша, шараның мақсаты – қолөнерді дамыту, өнім сапасын арттырып, экспортқа шығару. "Бір ауыл-бір өнім" жобасын насихаттау.
Іс-шара "Маңғыстауда қазақ ұлттық кодын сақтаудың кепілі ретінде қолөнершілікті жандандыру және этнотуризмді дамыту" атты өңірлік форуммен жалғасады.
Тасым Жаңай