Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жобалар мен алдағы жылыту маусымына дайындық Үкіметтің тұрақты бақылауында.
Сапар облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талқыланған кеңестен басталды. Өңір экономикасының өсуіне өнеркәсіп, көлік және қоймалау, байланыс және ауыл шаруашылығы салалары елеулі үлес қосқан. Нәтижесінде шамамен 11,5 мың жаңа жұмыс орны ашылған.
Текелі қаласында жеке инвестициялар есебінен жаңғыртылып жатқан Текелі энергетикалық кешенінің жұмысы таныстырылды. Мұнда жалпы қуаты 36 МВт болатын үш газтурбиналық қондырғы іске қосылған, жобаның дайындық деңгейі 90%-ға жетті. Бу-газ қондырғысының іске қосылуы қаладағы электр тапшылығын азайтып, жаңа өндіріс орындары мен тұрғын аудандарды тұрақты жылумен қамтуға мүмкіндік береді.
Қора өзенінде орналасқан Корин ГЭС-3 жобасына 10,2 млрд теңге жеке инвестиция тартылған. Станса іске қосылғаннан кейін өңірдегі жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр көлемі жылына 95 млн кВт·сағатқа ұлғайды. Бұл облыстағы "жасыл" энергия өндірісінің 22%-дан астам өсуіне ықпал етті. Қазіргі таңда Жетісуда жаңартылатын энергия көздері бойынша 19 нысан жұмыс істейді.
Сапар барысында "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясындағы абаттандыру жұмыстарына да назар аударылды. Көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңғырту, Ескелді ауданындағы Қарабұлақ ауылындағы "Жеңіс" саябағын абаттандыру және көгалдандыру жобалары көрсетілді. Былтыр бағдарлама шеңберінде облыста 13 саябақ, 6 аллея, 2 сквер, 2 орталық алаң, 49 аула және 81 балалар мен спорт алаңы жаңартылды.
Ауыл шаруашылығы саласында да өсім күтіледі. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 519,7 млрд теңгеге, қайта өңдеу көрсеткіші 110 млрд теңгеге жетеді деп болжанып отыр. Агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға 68,1 млрд теңге бөлінді. Егіс алқабы 514,2 мың гектарға дейін кеңейіп, оның ішінде басым дақыл саналатын қант қызылшасына 13,5 мың гектар жер бөлінді.
Нұрлыбек Нәлібаев Ескелді ауданындағы "НАМ" шаруа қожалығының егістік алқаптарына барып, заманауи жер асты тамшылатып суару жүйесінің жұмысын көрді. Испаниялық технологияға негізделген автоматтандырылған жүйе суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Соңғы төрт жылда облыста заманауи суару технологиялары енгізілген жер көлемі 4,6 есеге өсіп, шамамен 34 мың гектарға жетті. Қазір ылғал үнемдеу технологиялары өңірдегі суармалы жерлердің 20,5%-ында қолданылады.
Жұмыс сапарының екінші күнінде өнеркәсіп пен энергетика нысандары қаралып, алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері тексерілді.
Талдықорғанда өткен жылдың маусымында автоклавты газбетон блоктарын шығаратын жаңа зауыт іске қосылған. Кәсіпорын жылына 150 мың текше метр өнім өндіруге қауқарлы. Жобаға 2,5 млрд теңге инвестиция салынып, 30 тұрақты жұмыс орны ашылған. Қазір зауыт толық өндірістік қуатында жұмыс істеп тұр, өндіріс процесі автоматтандырылған.
Қаладағы "Басқуат" орталық қазандығы маңында салынып жатқан газтурбиналық станцияның құрылысы да таныстырылды. Талдықорғанның жылумен жабдықтау жүйесін кезең-кезеңімен табиғи газға көшіру жоспарланған. Бұл ретте көмірмен жұмыс істейтін "Басқуат" қазандығы резервтік жылу көзі ретінде сақталады. Жаңа жүйе экологиялық жағдайды жақсартуға да мүмкіндік береді.
Сонымен бірге қалада қуаттылығы сағатына 49 Гкал болатын кварталдық қазандық салынуда. Жоба іске қосылғаннан кейін шамамен 120 көпқабатты үй, 17 әлеуметтік нысан және 20 мыңға жуық тұрғын тұрақты жылумен қамтылады. Нысанды биыл қараша айында пайдалануға беру жоспарланған.
Жетісу облысы "Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту" ұлттық жобасы бойынша көшбасшы өңірлердің қатарында. 2026–2027 жылдары бағдарламаны іске асыруға облыста шамамен 79 млрд теңге инвестиция бағытталады. Оның нәтижесінде 1156,2 шақырым инженерлік желі жөнделіп, жаңғыртылады және 83,6 мың есепке алу құралы орнатылады. Инженерлік инфрақұрылымның орташа тозу деңгейін 19%-ға төмендету көзделіп отыр.
Сапар кезінде әлеуметтік нысандардың құрылысы да бақылауға алынды. Талдықорғанда республикалық бюджет есебінен салынып жатқан төрт автокөлікке арналған өрт сөндіру депосы толық дайын. Нысанның жақын күндері іске қосылуы қаланың оңтүстік-батыс бөлігін және адам көп жиналатын нысандарды өрттен қорғауды күшейтеді.
Бір ауысымда 500 адамға қызмет көрсетуге арналған емхананың құрылысы да тексерілді. Нысанның дайындық деңгейі 84%-ды құрайды, оны қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған. Жаңа емхана 50 мың тұрғынға қызмет көрсетіп, қолданыстағы медициналық нысандарға түсетін жүктемені азайтады.
"Жастар-3" шағын ауданында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған тұрғын үйлер салынуда. Мұнда жалпы 790 жеке үй тұрғызу жоспарланған. 2024–2025 жылдары 309 үйдің құрылысы аяқталса, биыл тағы 350 үй салынуда. Оларды сатып алу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау көзделген.
Жол инфрақұрылымы бойынша да оң көрсеткіштер бар. Өңір арқылы өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 100%-ға жеткен. Облыстық маңызы бар жолдарда бұл көрсеткіш 96%-ды құрайды.
Сапар соңында Жетісу облысының агроөнеркәсіптік және инвестициялық әлеуетін одан әрі арттыру, жылыту маусымына сапалы дайындалып, оның тұрақты өтуін қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымдық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.