Қызылордалық соғыс ардагері Яхия Тасыров 80 жыл бойы мерекеде жыламаған күні болмағанын айтады, деп жазады inbusiness.kz сайтының тілшісі.
12 жасында ашаршылық салдарынан Тереңөзектен Ташкент асқан қарияның кейін туған жеріне оралуы да – адамсенгісіз жайт.
Күніне 1-2 шақырым жаяу жүреді
Яхия Тасыров – Ұлы Отан соғысының ардагері һәм аңызы. Зұлмат жылдардың сан түрін бастан өткерген майдангер тыныштықтан асқан байлық жоқ екенін күн сайын, сағат сайын айтуға даяр.
Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде тұратын қария әлі күнге дейін тың, ширақ. Күніне 1-2 шақырым жаяу жүреді. Кент тұрғындарының бәрі оны таниды. Әдепкіде ақсақалды көшеден көрген көлік жүргізушілері бірінен соң бірі тоқтап, межелі жерге жеткізіп салғысы келетінін айтатын. Қазір олар да үйренген. Сырттай соғыс ардагеріне сүйсініп, жанынан амандығын тілеп өте береді. Өйткені, жаяу жүру – оның сүйікті ісі.
Ардагер 1922 жылдың қазан айында Сырдария ауданы, Қараөзек елді мекенінде дүние есігін ашқан. Ал құжатта туған күні "1922 жылдың 2 қаңтары" деп жазылған. Ол уақыт алмағайып заман болғандықтан, бізге майдангерді 103 жаста деуіміздің ешқандай әбестігі жоқ секілді.
Яхия ақсақал ашаршылық "алшаң басып" есіктен енген тұста Ташкентте тұратын ағайындарын паналап, ел асқанын айтады. "Бәрі жақсы болады" деген үмітпен шекарадан өткен баланы қиыры жоқтай көрінген қиындық күтіп тұр еді.
– 12 жасымда әкемнен айырылған соң, анаммен Ташкент астым. Әкем аштықтан өлді. Өзбектің бір қорасын сатып алып, соның астында жатамыз. Сонда базарына барамыз, тіленеміз. Біреу бір түйір алмасын береді, не сатып тұр содан береді ғой, әйтеуір. 19 жасымда әскерге аттандым (1941 жыл – ред.). Бәрі түгел жадымда жатталып тұрған жоқ. 103 жасқа келу оңай емес. Бұл соғыс бар арман-мақсатымыздың күл-паршасын шығарды. Қаншама мықты азамат майданда қайтыс болды. Осы күндері сол боздақтар жиі-жиі түсіме енеді, – деді қария өткенді есіне алып.
Осылайша, небір ауыр күндерді артқа тастаған ол Ташкенттегі тоқымашылар оқуын оқиды. 1940 жылы тоқыма фабрикасына шебердің көмекшісі болып жұмысқа тұрады. Бір жыл өтер-өтпестен Ташкент облысы, Фрунзе аудандық әскери комиссариатының шақыруымен әскерге кете барады.
Омбы қаласында алғашқы әскери дайындықтан өтіп, 1942 жылдың қазан айында қан сасыған майданға тап келеді. Соғыс жылдарында Сталинградты, Ленинградты, Курскіні, Барановты және Польшаны жаудан азат етуге қатысады. Данцинг портында аяғынан ауыр жараланады.
Туған жеріне ойда-жоқта тұрақтаған
Майдангер Берлинде аяғынан ауыр жарақаттанып, Жеңісті әскери госпитальда жатып естіген. Жарақатының беті бері қараған соң, бірінші топтағы мүгедек болып, елге оралады.
Кеудесінде "Қызыл Жұлдыз" ордені мен басқа да медальдар жарқыраған жауынгер осылайша әскерге шақырылған жері Ташкентті бетке алады.
Ойында – Ташкент, жүрегінде – Тереңөзек. Ташкентте оны ағайын-туысы, жұмысы күтіп тұр. Ал Тереңөзекте етжақын ешкімі жоқ…
Пойыз Қызылорда аумағына кірісімен Яхия бозбаланың ұйқысы қашады. Әр станцияға тоқтаған сайын есік-терезеге қарайды. Майданнан келе жатқан қаһарманын қаумалаған көрініс ойын сан-саққа жүгіртеді. Жабырқаулы. Аман қалғаны іштей қуантады. Арал мен Қазалыны артқа тастап, Қармақшы мен Жалағашқа жақындағанда оның жүрегі кеудесіне сыймай атқылап, соғысқа дейінгі өмірі, зобалаң жылдардағы ата-анасының жайы, бауырларының хәлі, асыр салып ойнаған достары көз алдына келеді. Әсіресе, туған жердің топырағы, ауасы... Тереңөзектен түсіп қалуға бола ма? Болады, бірақ онда құшақ жая күтіп отырған ешкім жоқ. Бәрі Ташкентте. Жанарын жас жуады. Оны қайта-қайта орамалмен сүртуден басқа амал жоқ.
Осылайша, жүрдектеген пойыз Тереңөзекке келіп тоқтайды. Яхия қария балдағын ұстап, аяғын сүйретіп сыртқа шығады. Апыр-топыр адам, ешкімді танымайды. Ең бастысы, туған жердің жұпар иісі, саф ауасы аңқып тұр.
Пойыз аялдаған уақыт жарықтың жылдамдығындай өтіп, майдангер пойызға бет алғанда "Яхия, Яхия!" деген дауыс естіледі. Қарап қалса, біреу қатты құшақтап алады. Бұл кісі – кенттің ауылнайы, атақты Ахметтің Әлиі екен. "Қайда барасың? Қал осында! Елдеміз ғой… Тереңөзек тұрғанда Ташкенті несі?!" дейді Әли екпінмен. Осылай ойда-жоқта туған жерге табаны тиген майдангерді үйіне алып барып, мал сойып, қонақ етеді. Кейіннен отбасын құруына, жұмысқа орналасуына көмектеседі.
"80 жыл бойы мерекеде жыламаған күнім болған жоқ"
Сырдариялық журналист, ақын Ақтөре Ибрагимұлы майдангердің есімін танытуда көп еңбек сіңірді. Аудандық газет пен сайтта, әлеуметтік желілерде де Яхия Тасыров есімін ұлықтады.
– Соғысты Германияда аяқтап, 1945 жылы қыркүйек айында елге оралған майдангер "Қызыл жұлдыз", І, ІІ дәрежелі "Ұлы Отан соғысы" ордендерімен, "Ерлігі үшін", "Германияны жеңгені үшін", Ұлы Жеңістің 40, 50, 60 жылдығы медальдарымен және басқа да көптеген төсбелгімен марапатталған. Бейбіт өмірге араласқаннан кейін аудан орталығындағы сүт зауытында 16 жыл қойма меңгерушісі ретінде еңбек етті, 1960 жылы Жалағаш ауданының сүт зауытында шебер болып ауысып, еңбектің көрігін қыздырды. 1962 жылдан бастап "Узтопта" 10 жыл қойма меңгерушісі болып еңбек жолын жалғастырған майдангер 1972-1982 жылдар аралығында ПМК-1608 мекемесінде, 1982 жылы аудан орталығындағы астық қабылдау пунктінде жұмыс істеп, зейнет демалысына шыққан, – дейді ол.
Журналист Яхия Тасыровтың отбасы жөнінде де мәліметтер бере кетті.
– Жары Ұлжалғас Демесінқызымен бірге 3 ұл, 3 қызды бағып-қағып өсірген. Екі қызы ертерек шетінеп кетсе, екі ұлы қайтыс болған. Қазір қария ұлы Аманкелді мен қызы Сапурадан тараған ұрпақтарының, немере-шөберелерінің қызығын көруде. Немересі Ержан мен келіні Гүлбану ардагердің бабын жасап, бағып-қағып, бар жағдайын жасап отыр. Қызылорда облысының Құрметті ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы атанған ардақты ардагер жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында ауданда өткізілетін іс-шараларға қатысып, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиелі болуына өз үлесін қосып келеді, – деп сөзін қорытындылады бізбен әңгімесінде.
103 жастағы соғыс ардагерін көп сөйлете алмадық. Өткенді есіне қайта-қайта айтып, жүрегіне ауыртпалық салудың керегі де шамалы. Бастысы – батырдың аман-саулығы.
– 9 мамыр күнін жұртшылық мереке деп атап өтіп, бірін-бірі құттықтап жатады ғой. Әрине, дұрыс. Бірақ мен сол мереке күні көзіме жас аламын. 80 жыл болды, 80 жыл бойы мерекеде жыламаған күнім болған жоқ. Жылайтыным, миллиондаған жас қыршын кетті. Талай отбасының оты сөнді, ошағы сынды. Қалай жыламайсың? Қарағым, соғыстың зардабын бізден артық ешкім түсінбейді. Жатсам да, тұрсам да енді соғыс болмасын деп тілеймін, – деп тағы көзіне бір жас алды Яхия Тасыров.
"Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бата бердім"
Мемлекет басшысы Қорқыт атаның басына келгенде де майдангер Яхия Тасыров батасын берген. Мұны өзі ерекше есіне алады. Мұнан бөлек талай министр мен облыс, қала, аудан әкімдеріне тілеулестік ниетте батасын арнаған. Батагөй ақсақал ақ батасын беріп, көлік те мінді, үй де алды, құрметті де көріп келеді.
– Көзім осы жылы сәл нашарлады. Кейде бұлдырап, суланады. Бірақ жолымды көремін. Адамдарды танимын. Газеттегі үлкен жазуларды оқи аламын. Осы уақытқа дейін жаттаған баталарым қалған өміріме жетеді деп ойлаймын. Сөзі жақсы, мағыналы бата болса, оны жаттауға болады. Оған шамам жетеді, – дейді ол.
Майдангерді іздеп баратындар санында шек жоқ. Бәріне "Қане, қолыңды жай, батамды берейін" дейді де, сан түрлі батасын қайырады.
"Сұрасаң, бата берейін,
Үстем болсын мерейің.
Сендер аман болыңдар,
Мен 110-ға келейін.
Әумин!" – деп дейді қария.
Әумин, әумин! Лайым солай болғай! "Жүз жасаңыз!" деген тілекті де орынсыз қолданып жүргендейміз... Осындай ойдан соң санада соғыс, мида майдан басталды...