4-ші МӨЗ "сценариін" ҚазМұнайГаз бен энергетика министрі жазуда

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2766

Төртінші мұнай өңдеу зауытының қай жерде, қандай облыста тұрғызылатынын ел үкіметі осы күзде жария ететін болады.

4-ші МӨЗ "сценариін" ҚазМұнайГаз бен энергетика министрі жазуда

Бұл туралы бүгін парламенттегі "Үкімет сағатында" энергетика министрі Қанат Бозымбаев хабарлады.

4-ші МӨЗ 2024 жылға дейін тұрғызылады деп күтілуде.

"Жаңа мұнай өңдеу зауытын салу – маңызды міндет болып табылады. Елбасының тапсырмасы бойынша осы жобаның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылды. Бұл топты мен өзім басқарамын. Соның аясында зауыт орналасатын орын, кәсіпорынның қуаттылығы және басқа да көрсеткіш-параметрлері, қажетті инвестиция көлемі анықталады. Алдын ала ТЭН-ді менің жеке басшылығыммен "ҚазМұнайГаз" әзірлеуде. Нақты мерзімдер биылғы жылдың екінші жартысында белгілі болады. Менің ойымша, күзге қарай біз зауыттың қай жерде орналасуға тиістігі, қуаттылығы қандай болатыны, инвестициялар көлемі және оның қандай өнім түрлерін шығаратыны туралы барлық сұрақтарға жауап беруге дайын боламыз", – деп уәде етті Қанат Бозымбаев.   

Ол сонымен бірге, қолданыстағы үш зауыттың ел қажеттілігін өтеуге жарап тұрғанын меңзеп өтті: атап айтқанда, министрдің мәліметінше, бензин бойынша отандық өнімдермен қамтамасыз ету деңгейі 90 пайызға, дизельді отын бойынша да 90 пайызға жетіпті. Тек әуекеросин бойынша бұл көрсеткіш 58 пайыздан сәл асқан, қалған көлем бойынша еліміз импортқа тәуелді.

"Биылғы жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту аяқталады. 2018 жылы мұнай өңдеудің жалпы көлемі өткен жылмен салыстырғанда бір миллион тоннадан астамға ұлғаяды және 16 миллион тоннаны құрайды. Тұтастай алғанда, бензин мен дизель бойынша да импортқа тәуелділік әзірге сақталып отырғандықтан, нарықтың қамтылуы ахуалына, мұнай базаларындағы қалдықтарға және ЖЖМ импортының көлеміне тәулік сайын мониторинг жүргізу жолға қойылды", – деді бас энергетик. 

Осыдан біраз бұрын жұртшылық, әсіресе, аграршылар көктемгі егіс жұмыстары басталған кезде, мамыр айында Шымкент МӨЗ-інің жөндеуге тұрып қалуы кесірінен соляркі бағасы шарықтап шыға келгеніне наразылық білдірген болатын. Алайда бүгін депутаттар алдында сөз сөйлеген энергетика министрі қытайлықтарға қарасты "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС басқаратын осы зауыттың тоқтауы елдегі ЖЖМ тапшылығын тудырмағанын айтты.

"Қолданыстағы үш мұнай өңдеу зауытының өнімділігін арттыру мақсатында жөндеуді басқаруды автоматтандыру ендірілуде. Жөндеулердің жыл сайынғы мерзімдері 45 күннен 20-ға дейін қысқартылды. Ал 45 күнге тоқтау енді тек үш жылда бір рет жүзеге асырылады. Естеріңізде болса, биылғы жылға дейін зауыттардың әрқайсысы жыл сайын 30-дан 45 күнге дейін тоқтап қалатын. Енді ол мерзім өзгерді. Бұл мұнай өңдеу көлемін жыл сайын орташа есеппен тағы 300 мың тоннаға өсіруге мүмкіндік береді. Таяу болашақта біздің нарық толығымен отандық өніммен молығады", – деп сендірді Қанат Бозымбаев.

Демек, 4-ші МӨЗ өнімі негізінен сыртқы нарықтарға бағдарланатын сияқты. Онда оның өнімін өткізу нарықтары табылмай, құрылысы да бастала алмасы белгілі. 

Бірақ мұны қиынсынып, ол жобаны кезекті рет доғарып қоюға бұл жолы үкімет бара алмайды. Өйткені биылғы жылдың басында, ақпан айында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі энергетика министрлігіне 4-ші зауыт бойынша шешімді жылдамдатуды қадап тапсырды. Елбасы сонда қолданыстағы үш МӨЗ-ді жаңғырту ішкі нарықтың ЖЖМ тапшылығын тек алдағы 3-4 жылға ғана жабуға мүмкіндік беретінін ескертті. Ары қарай қайтадан тапшылық туып, Қазақстанға жанар-жағар майды шетелден, Ресейден тасуға тура келеді.  

Мемлекет басшысы айтқанда, егер шешім ертеректе қабылданғанда, төртінші мұнай өңдеу зауыты қазір жұмыс жасап тұратын еді. Ал енді ол тек 2024 жылға қарай іске қосылуға дайын болады.

Бұл мәселе елімізде талай жылдан бері жыр болуда. 2015 жылы тіпті оны Маңғыстау облысы аумағында тұрғызуға ұйғарылған-тын. Алдын ала мәліметке сәйкес, сонда төртінші МӨЗ-дің шамамен 6 миллиард долларға түсетіні де айтылды. Бірақ айтылған сөздер айтылған жерде қалды.

Енді бұл тақырып қайта өрістеуде. Жаңа зауыттың толыққанды техникалық-экономикалық негіздемесін 2019 жылы дайындау жоспарлануда. Сонымен қатар келер жылы жобаны қаржыландыратын инвесторды табу және құрылысты бастау көзделуде.

Энергетика министрлігінің талдауы көрсеткендей, Қазақстандағы тұтыну көлемінің өсу болжамын есепке алғанда, елімізде бензин жетіспеушілігі 2021-2023 жылдар аралығында, дизельді отын тапшылығы 2023 жылы туындайды.

2017 жылы елімізде Павлодар мұнай-химия зауыты мен Атырау мұнай-өңдеу зауытын қайта құру және жаңғырту жұмыстары аяқталды. Ал Шымкент МӨЗ-інің жаңғыруы тек осы жылдың екінші жартысында аяқталатыны хабарланған. Содан кейін, яғни жаңғыртылған үш зауыт толық қуатында іске кіріскен соң, министр Қанат Бозымбаевтың айтуынша, бензин, дизельді отын және авиакеросин бойынша импортқа тәуелділік жойылатын көрінеді. Рас, отандық жаңа әуекеросин өз нарығымыздағы бөтен өнімдерді ығысырып шығаруы үшін тиісті сертификаттаудан өтуі керек. Одан өтпейінше, ұшу қауіпсіздігін сақтау үшін әуе компанияларына оны тұтынуға рұқсат етілмейді екен.

Бұдан бөлек, мұнайды қайта өңдеудің "тереңдігі" қазіргі 63 пайыздан 83%-ға дейін артпақ, зауыттарымыз К4, К5 экологиялық сыныбындағы өнімдерді шығаруға көшеді.

Бірақ бұдан бұрын жұмыс жасаған, құрамына халықаралық сарапшылар мен меморгандар өкілдері кірген жұмыс тобы ЖЖМ өндірісінің осы артуы мен жақсаруы тек орта мерзімді кезеңде ғана нарық сұранысын жабатынын анықтаған. Сондықтан жаңа жұмыс тобы төртінші МӨЗ құрылысы және мұнай өнімдері өндірісі бойынша "жол картасын" түзіп шықпақ.

Әлеуетті инвесторлар ретінде америкалық "Шеврон", "Қарашығанақ" кен орнын игеруші "Karachaganak Petroleum Operating" де қарастырылуда. Сондай-ақ сонау 2009 жылғы сәуірде Қытай жаңа МӨЗ-дің құрылысын технологиялармен қамтамасыз етіп, қаржы салуды ұсынған болатын. Бірақ ол кезде ел үкіметі бұдан бас тартты.

Мамандардың айтуынша, бұл жобаның бөгелуінің де себебі бар. Олар "жаңа зауыт салына салысымен, оған шикізат жеткізушілер ұзын-сонар кезекке тұрады деп айту әбестік" екеніне назар аудартады. Себебі, қазір мұнай компанияларына жергілікті МӨЗ-дерге мұнай жеткізу қымбатқа түсетін көрінеді, оның орнына экспортқа шығару әлдеқайда жеңіл әрі табысты. Олай болса, 4-ші МӨЗ қолданысқа берілгенге дейін үкіметке басты мәселені шешіп, мұнайды ішкі нарыққа жеткізетін компаниялар үшін тартымды жағдайлар туғызу түйткілдерін тарқатуға тура келмек.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Сергей Смирнов қазақстандық зауыттардың ішкі нарықты толығымен отандық өніммен қамтуына шетелден, Ресейден мұнай өнімдерін көтерме көлемде жеткізетін компаниялардың лоббиі де қарсыласатынын айтады.

Осы текетірес салдарынан, екі ортада ЖЖМ стансасынан қалтағы қағылып шығатын қарапайым жүргізушілер, сондай-ақ дән егу және егін ору кезінде үнемі баға қымбатшылығы мен дизель тапшылығын тартатын ауыл бизнесмендері зардап шегеді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу