Жылдар бойы қыруар қаржы құйғанмен агроөндіріс бойын тіктеп кете алмады

593

Еліміздің ауыл шаруашылығы саласы созылмалы стагнацияда жатыр деуге болады. 

Жылдар бойы қыруар қаржы құйғанмен агроөндіріс бойын тіктеп кете алмады Фото: inbusiness.kz

Жылдар бойы қыруар қаржы құй­ғанмен агроөндірістік кешен бойын тіктеп кете алмады. Дархан дала, шалқар көліміз көп бола тұра, ұн мен етті де сырттан алды­ра­тын жағдайға жет­тік. Содан да болар, субсидиялық саясаттан бас тарту керек деген пікірлер айтыла бастады. Бірақ, онымен мәселе шешіліп кетпейтін сияқты. Өйткені, АӨК-ті дамыту құжатында стратегиялық мақсат та, статистикалық нақтылық та жоқ.

Жоспарлаудан жұрдай Ұлттық жоба

Жалпы елімізде мемлекеттік жоспарлау мәселесі ақсап тұр. Біріншіден тұтастық жоқ, екіншіден сабақтастық, үшіншіден есептілік жоқ. Олай дейтініміз, атқарушы билік өздері жоспарлап, өз-өздеріне есеп беріп мәз. Қоғам алдында есеп беру естеріне кіріп те шықпайды. Одан да өзге жоқ нәрселер жетерлік. Ал бар нәрсенің өзі бұлыңғыр. Мәселен, халықтың әл-ауқатын көтеру, бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыру деген тұстарда нақтылық жоқ. Бір сөзбен айтқанда еліміздің Мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы Бас құжаттың жобасы түсініксіз. Бұл туралы Halyk Finance компаниясының сарапшылары сынай отырып терең талдап берген-ді. Осы талдаулар сериясындағы құжаттың кезектісі – ауыл шаруашылығына қатысты Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар болды.

Қысқаша тарихына тоқталсақ, 2021 жылдың қазан айында Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың алғашқы бесжылдық Ұлттық жобасы бекітіліп, осыдан жарты жыл бұрын ғана өзі тектес 9 құжатпен бірге қызметін тоқтатқан болатын. Ол негізінен 5 жылға арналған жоспарлы көрсеткіштері бар кестелерден ғана тұрды. Сөйтіп, биыл сәуір айында "2024-2028 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың "Мықты АӨК" Ұлттық жобасы" деп аталатын жаңа құжат көпшілік талқысына ұсынылды. Ал сол 2021 жылдың желтоқсанында "ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған Тұжырымдамасы" бекітілген еді. Онда үкіметтің саясаты мен шаралары мәтін түрінде сипатталған. Егер салмағына қарай сараласақ, онда Тұжырымда Ұлттық жобадан жоғары тұруға тиіс.

"Мемлекеттік жоспарлау тұрғысынан алғанда ескі Ұлттық жобаға тағылатын сын көп еді. Ал жаңасы одан да нашар. Өйткені бұрынғысында 4 міндет белгіленген болса, қазіргісінде тек 2-еу ғана. Неге олай қысқарып кеткені түсініксіз. Сондай-ақ жаңа нұсқадағы екі міндеттің Тұжырымдамамен қандай байланысы бары айқындалмаған. Ал шындығында ол өз бастауын содан алуға тиіс. Біріншіден, сонау 9 Ұлттық жобаның бекітілгенінен екі жылдан соң ешқандай талдау-талқылаусыз не үшін тыныш қана жабылып қалғаны белгісіз. Екіншіден, қай-қай құжатта да үкімет осы салаға жылдар бойы қыруар қаржы құйғанда ауыл шаруашылығы неліктен сол тиімсіз әрі бәсекеге қабілетсіз қалпы қала бергені ешқандай да зерделенбеген. Бір сөзбен айтқанда, олар ешқандай есеп те берместен қайтадан бәрін "таза парақтан" бастағалы отыр", - дейді Halyk Finance Басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов.

Оның айтуынша, мемлекеттік жоспарлауға қатысы бар қай құжатта да Қазақстан бейне бір шексіз қаржылық ресурстарға ие секілді сипат басым. Мәселен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2021 жылы сол 9 Ұлттық жобаны бекіттірер кезде ондағы нысаналы индикаторларды көлденең тартып 7,2 триллион теңге сұраған болатын. Бірақ, Қаржы министрлігі бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып, тек 2,5 триллион ғана берді. Бұл ұзақ мерзімді жоспарлауға келгенде үкіметтің шынайы жағдайдан алшақ екенін анық көрсетеді.

"Жаңа "Мықты АӨК" Ұлттық жобасын қаржыландыру бөлігінде де осындай кеп бар. Құдды бір құжатты әзірлегенде жалғыз мақсат көзделген сияқты. Ол – табылуы қиын екенін біле тұра елде жоқ ақшаны сұратып, кейін ақша бөлінбегендіктен жоспар орындалмай қалды деп жалтара салу. Сондай-ақ, жаңа Ұлттық жобада сұралып отырған қаржы көлемінің қазіргі бар қаражаттан қаншалықты көп екеніне, мемлекеттің ондай мүмкіндігі бар-жоқтығына талдау жасалмаған. Ал ондағы көрсетілген жекелеген шығыс көздерінің көлеміне қарап, "жаңа министрдің тәбеті жаман емес" деген ойға қаласың", - дейді ол.

Commodity ма, Сircular economy ма?

Отыз жыл бойы қалыптасқан бүгінгі күннің шындығы - ауыл шаруашы­лы­ғында тек ірі агрокәсіпорындардың ғана тұрақтап қала алып отырғаны. Оның өзінде де мемлекеттік субсидияның арқа­сында. Шаруалар әр қайсысы өз күнін өзі көруде. Себебі, осыншама уақыт бойы ешқандай коопе­рациялық мығым байланыстар ор­натылған жоқ. Аралас әріптестік туралы сөз болғанымен, одан әріге аспады.

"Қазіргі алпа­уыт агрокәсіпорындарды ауыл ша­руашылығының нысаны деуге болмай­ды, олар – жоғары технологиялы өндіріс қана. Мұндай компаниялар азық-түлікті Commodity ретінде өндіреді. Яки, тек өтсе бол­ды деген биржалық тауар ретінде қарайды. Мақсаты - жылдам өсіру, тездетіп сату, сұранысты қанағаттандыру, аз шығынмен жылдам және көп табыс табу. Бол­ды! Сол себеп ол өнімнің құнары мен сапасы туралы айту қиын. Конвейер сияқты жұмыс істейтін жүйеде ең бірінші мақсат – оны тоқтатпау. Осыдан келіп, ішіп отырған сү­тіміз - химиялық қоспа­лармен майландырылған ұнтақ, етіміз – дәмдеуіш-хош иістендіргіштермен айналдырылған қоспа боп шығады. Сондықтан ауыл шаруа­шылығы өнімі деп айтуға келмейді. Бұл, әрине, нарық талабы. Мұндай модельді таңдап алғаны агрокәсіпорын­дар­дың да кінәсі емес, мемлекеттік саясаттың нәтижесі", – дейді кәсіпкер Ерлан Ос­панов­.

Оның айтуынша, нарық заңдылығында "айналмалы экономика", яки Сircular economy деген ұғым бар екен. Ол табиғаттың жаңарып отыру қасиетіне сүйеніп, өндірістің айналмалы циклін құру деген сөз. Мәселен, егін­ші­лікте минералды тыңайтқыштардың орнына мал фермаларындағы қи-тезек сынды органикалық заттар қолдану. Гербицидтер мен басқа да улардан бас тартып, алқаптарды арамшөп басуынан, зиянкестер мен аурулардан қорғау үшін механика­лық және биологиялық әдістерді пайдалану, ауыспалы егістерді сақтау. Құс және мал шаруашылығында анти­биотиктерді қолдануды азайтып, пребиотиктерге көшу. Міне бізде осындай схеманы енгізу керек. Бұл бірінші кезекте халықтың, болашақ ұрпақтың ден­саулығы үшін маңызды. Әйтсе де, әзірге біздің АӨК айналмалы Сircular economy емес, Commodity атты тұйық шеңберден шыға алмай жүр.

Өнімді гектарына центнермен емес, теңгемен есептеу керек

Біз әлі күнге дейін алынатын жалпы валдық өнім көлемін есептегенде тоннамен, килограмм немесе центнермен алып жүрміз. Бұл кеңес кезінен қалған әдет. Ол кезде қалай болды? Жоспар бар, соны орындасаң болды, одан арыға бас қатырмайсың. Яки шаруа өзінің көретін табысын есептемейді, ол мемлекеттің міндеті еді. Ал қазір заман басқа. Шаруа ұғымы кәсіпкер болып кеңейді. Бірақ, жүйе өзгерген жоқ, жоспарлау да, әдіс те сол қалпы қалды. Ендеше, не істемек керек?!

"Бізге сананы өзгерту керек. Ең әуелі ойлау жүйесін өзгертсек, тығырықтан шығуға болады. Ол дегеніміз, шаруаның ғана емес, өнім алуға жауапты әкімдердің де, үкімет мүшелерінің де санасын өзгерту. Мысалы Президент келген кезде, облыс әкімдері есеп беріп жатады. "Мен биыл гектарына осынша центнер өнім алам" деп баяндайды. Ал шындығында олар гектарына қанша теңге өнім алатынын есептеп айту керек. Өйткені, астық ексе де, көкөніс ексе де, екеуінен алынатын центнер бірдей болғанымен, теңгеге шаққанда мүлдем басқа. Себебі, игерілетін жер көлемдері әр түрлі, тұқымдарының сұрыптары әр түрлі. Бізге мұның бәрін нарықтық принциптермен істеу қажет. Мен ұсынып отырған әдіс Ұлттық статистика бюросында бар. Міне соны критерий етіп алып, облыс әкімдерінің рейтингін жасай бастау керек. Мәселен, мемлекеттік органдар мен салалардың қызметін бағалау деген бар, әр гектардан қанша өнім алынады, қанша салық түседі, қай өңір оны тиімді пайдаланып отыр, соның бәрі есептелу қажет", - дейді "BIRGE" салалық кластерлерді дамыту қауымдастығының Басқарма Төрағасы Арман Евниев.

Оның айтуынша, бір гектарға тек егін егіп қоюға болады, болмаса, жем-шөп егуге, мал ұстауға, егін салуға да болады. Екеуінен түсетін табыс екі түрлі. Міне, осының бәрін шаруаның мойынына жүктеп қоя салмай, ғалымдар бар, агрономдар, зоотехниктер, шаруа қожалықтарының басшылары, одан қалды ауыл шаруашылығы басқармасы, әкімдер бар, тіпті министрлік өкілдеріне дейін жұмылу керек. Жүйені, әдісті ғана емес, оған қатысы бар жауапты мамандардың ойлау логикасын өзгерту қажет. Оның қиындығы жоқ. Әр әкімнің пайдаға жарамды қанша жері бар, одан қанша теңге (!) өнім ала алады деген алдын ала кесте жасап, жұртқа жария етесің де, жыл сайынғы рейтингін жасайсың. Соңында қалған үш облыстың әкімі мен оның жауапты орынбасарын жұмыстан алып немесе сөгіс беріп жазалап отырсаң болғаны, олар ойлана бастайды. Нәтижесі де ұзақ күттірмесе керек-ті. Қалай болғанда да ресурстық мүмкіндіктер мол жағдайда Агроөнеркәсіп кешенінің пұшайман күн кешіп отырғаны ұят-ақ. Ал оның сыртында халқымыздың денсаулығы, азық-түлік қана емес, ұлтымыздың қауіпсіздігі жатқаны өкінішті. Ауыл шаруашылық саласы тұйық шеңберден шыға алмай ғана жүрген жоқ, мемлекеттік менеджменттің әлсіздігінен тығырыққа тіреліп тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу