Алаяқтар енді домофон арқылы алдай бастады

779

Тегін нәрсеге қызыққан адамдарды сазға отырғызудың схемасы ешқашан таусылмайтынға ұқсайды.

Алаяқтар енді домофон арқылы алдай бастады Фото: gov.kz

Алаяқтар көп қабатты тұрғын үйлер тұрғындарының ақшасын қотара "үптеп" кетудің тағы бір тәсілін іске қосты. Енді олар өздерін домофон компаниясының өкілдері ретінде таныстыруға көшті.  

Құқық қорғау органдары жаңа схеманың қалай жұмыс істейтінін түсіндірді және жұртшылықты абай болуға, смс-хабарламамен келген не телефонмен айтылған талаптарды дұрыстап тексеріп алусыз, "бас-көз жоқ" орындай бермеуге шақырды.

Сарапшылардың мәліметінше, азаматтардың ұялы телефонынан, мобильді банкингіндегі қаражатын ұрлау үшін алаяқтар домофон кілтін тегін таратудың жалған науқанын "ұйымдастырады".

Жаңа қулықтың жай-жапсарының бірі (сценарийлері өзгеріп тұрады) мынадай: алдымен құрбанның смартфонына "Бәленше атты домофон компаниясынан" деген хат-хабарлама түседі.

Онда әкімдіктің шешімімен (немесе МИБ/ПИК басшылығының ұйғарымымен) аталған тұрғын үй кешенінде жаңа домофон орнатылатыны айтылады.

Шынында бірде-бір әкімдік домофон орнатумен айналыспайды.

Кейбір нұсқасында ескі домофонның видео-домофонмен алмастырылатыны туралы "құлағдар" етеді.    

Іле-шала белгісіз нөмірден әлдекім қоңырау соғып, құрбанына әлгі "жаңалықты" қайталай жеткізеді, жаңа егжей-тегжейін қосады. Мысалы, ол үшін ешқандай ақы төлеудің қажет болмайтынын, демеушілер қаражатына орнатылатынын айтып қызықтыруы мүмкін.

"Тұрғыннан талап етілетіні – телефон арқылы шынымен сол үйде тұратынын растау және жаңа домофонға қоса берілетін тегін кілт жиынтығын алып кету. Егер видео-домофон туралы сөз болса, идентификатор-кілтті және код жазылған конвертті алу керектігін "ескертеді". Бірақ тегін кілт жиынтығын рәсімдеу үшін смартфонына түсетін sms-хабарламадағы кодты айтып жіберуді сұрайды. Егер құрбан келіссе, шамалыдан кейін, әдетте, әңгіме барысында мобильді телефонына хат түседі", – деп түсіндірді құқық қорғау органының мамандары.

Олар азаматтарға смартфонына түскен кодты телефонмен ешкімге хабарлауға болмайтынын нықтады.

Егер зардап шегушілер кодты айтып қойса, онда қаскүнемдер оның eGov-тағы жеке кабинетіне қол жеткізеді.

Мұнымен шектелмей, алаяқтар аңқау жанды ары қарай "шыр айналдыруы" мүмкін. "Домофон компаниясынан" кейін оған "құзырлы органдардың қызметкерлері", "Ұлттық банк өкілі" немесе басқасы атынан телефон соғып, оның жаңа ғана алаяққа жем болғанын жеткізеді.

Белгісіз адамдардың оның атына несие рәсімдеп жатқанын, сондықтан "қаражатын қорғау" үшін қауіпсіз шот ашып, алаяқтардың кибершабуылы аяқталғанша барлық жинағын, картасындағы ақшасын сонда сақтай тұруға кеңес береді. Соған көндіру үшін тықақтайды, қоймай қолқалайды.  

Павлодар тұрғыны, кәсіпкер Нестеров бұл схеманың көрші Ресейден тарағанын айтады.

"Ресейде бұған халық жаппай алданып жатыр. Олар негізінен, егде тартқан адамдарды жағалайды. Өйткені бұрынғы заман адамдары тегін десе қызығып, елпілдеп тұрады. Масқарасы сол, алаяқтар схеманы қарқынды жетілдіруде. Мысалы, домофонның бейне-домофонға айырбасталатыны және тегін кілт-комплект таратылатыны туралы хабарландыру "үй чатында" жарияланды. Оны баспананың бірін жалға алған және пәтер қожайыны арқылы өзін чатқа қосқыза алған пәтерші орналастырыпты", – дейді павлодарлық.

Кейін хабарландыруды байқаған ОСИ басшысы ондай бастаманы өзінің білмейтінін және домофон ауыстыру жоспарланып отырмағанын мәлімдеп, жоққа шығарған және алаяқты чаттан шығарып тастапты.

Дұрысы, құқық қорғау органдарына хабарлауы керек.

Нестеров қазақстандықтарды тегін қызметтерге қызықпауға үндеді. Өйткені оның артында не алаяқтық жасырынады, немесе алыпсатарлар басқа ақылы қызметті не тауарды таңады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу