banner

Алаяқтардың арбауына тап болғандар не істеуі керек?

Банк клиенттеріне алаяқтардың шабуылы көбейді. Мұндай жағдайға тап болғандар не істеуі керек? Ұлттық банк пен тәуелсіз сарапшылар кеңес берді.

Алаяқтардың арбауына тап болғандар не істеуі керек?

Соңғы кезде қазақстандықтардың ұялы телефонына хабарласып, құпия мәліметтерін өз аузынан жазып алып, қаражатын ұрлайтын алаяқтар пайда болды. Бұл қалай жүзеге асады? Алаяқтар банк клиентіне қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, салымдарына шабуыл жасалғанын хабарлайды. "Қаражатыңыздан айырылып қалғыңыз келмесе, телефоныңызға келген пин-кодты айтыңыз" деп асықтырады.

Банктер мұндай оқиғалар соңғы кезде жиілеп кеткенін айтады. Әзірге осындай бірнеше факт тіркелген. Оның бірі – өткен аптада ұлттық киімдер дизайнері Малика Дүйсенбаева әлеуметтік желіге өзіне белгісіз біреудің банк қызметкерімін деп қоңырау шалып, алаяқ екені белгілі болып қалған соң, қорқыта бастағанын айғақтайтын видео салды. Оған хабарласқан белгісіз ер адам өзін банк өкілімін деп таныстырып, смс арқылы келетін кодты айтуды сұраған. Оның себебін – Маликаның картасынан заңсыз ақша аударымының алдын алу деп түсіндірді. Ал сақтық танытқан Малика Дүйсенбаева алдап, ақшасын алмақ болған алаяқпен сөйлесуін бейне камераға түсіріп алған. 

"Басында  өте сауатты, банктік терминдермен сөйлесті. Мен сеніп, сұраған сандарын айта бастадым. Бір кезде банктен келген sms-тен кодты ешкімге, тіпті банк қызметкеріне де айтуға болмайтынын жазып қойғанын көріп қалдым. Сол кезде барып, мұны анықтау керегін түсініп, қызымның телефоны арқылы колл-орталыққа хабарластым. Алаяқ екеніне толық көзім жеткен соң мен оған қарсы сұрақ қоя бастағанда, телефонның ар жағындағы адамның сасқалақтағанын сездім. Жүйкесі сыр беріп, дауыс көтере бастады", – дейді Малика Дүйсенбаева.

ҚР Ұлттық банкі Қаржы қызметтерін қолданушылар құқығын қорғау департаментінің директоры  Александр Терентьев "банк клиенті сөйлесуді тоқтатып, ақпаратты анықтау үшін колл-орталыққа қоңырау шалуға тырысса жүйкесі сыр беріп, асықтырып, тіпті қорқыта бастау бұл алаяқтықтың белгісі",– дейді ол. 

Бірақ одан үрейленудің қажеті жоқ, бұл олардың әдеттегі тәсілі. Сонымен қатар, банк клиенті жеке мәліметтерін айтуға асықпаса олар ақшасынан айырылып қалатынын, банктік шотқа шабуыл жасалатынын айтып, ойландырмауға тырысады.  Мұндай жағдайда ең дұрысы сөйлесуден бас тартып, бірден өз банкіңізге хабарласып, полицияға шағым түсірген жөн.

Бұл қаржылай сауатты адамның әрекеті.  Сондай адамның бірі Малика. Ол өзінің ұқыптылығының арқасында қаражатын сақтап қалды, әрі қазақстандықтарға ескертті. Мұндай қоңырауды белгілі актер Бақыт Тушаев та алған. Оған 8 7272 2681009, 87771234543 нөмірінен хабарласқан адам қай банкте картасы барын білуге талпынып, сөз соңында кодты жіберуді сұрапты. Мұндай алаяқтардың барын естіген ол тұтқаны қойып, бірден банкке хабарласқан. Ал, әлеуметтік желі белсендісі Нұржан Сәдірбекұлы алаяқтармен әңгімесін жазып алған. Ол басында түсінбей тіпті карта нөмірін де айтыпты. Артынан алаяқтар екенін біліп, сөйлесуден бас тартып, банкке шағым жіберіпті. Оған 87172 3425214 нөмірінен қоңырау шалынған екен. Кейін Нұржан Сәдірбекұлы осы жайтты анықтамақ болып, қайта сол нөмірге хабарласқанда, бұл жеке адамның пәтері болып шығыпты.

қЕгер Малика, Бақыт, Нұржан пин-кодтарын телефонның ар жағындағы адамға айтып қойса, алаяқ құпия ақпаратқа қол жеткізіп, кез-келген қаржы операциясын жасай алады.

"Егер алаяқ құпия ақпаратыңызға қол жеткізсе, сіздің атыңыздан тауар сатып алып,  қызмет үшін төлем жасап, жаңа шот ашып, ақша аударып, оның ішінде депозиттегі қаражатыңызды да аудара алады", – деп түсіндіреді ҚР Ұлттық банкі Қаржы қызметтерін қолданушылар құқығын қорғау департаментінің директоры  Александр Терентьев. 

Ұлттық банктің қаржы қызметтерін тұтынушылар құқығын қорғау департаменті директорының орынбасары Ксения Калиеваның айтуынша, Ұлттық банк әрқашан алаяқтардың түрлі тәсілдерінен сақтану керегін айтады. Банк клиенттері пин-код, ЖСН сынды жеке мәліметтерін басқа адамға айтпауы керек. Телефонға келетін, атап айтқанда кілтсөз ауыстыру, ақша аударуға арналған  барлық кодтарды жасырын ұстау керек. Телефон арқылы жеке ақпаратты тіпті банк қызметкеріне де айтуға болмайды.

Әріптесінің сөзін Александр Терентьев те мақұлдайды. Ол қандай жағдай болмасын, ешкімге жеке шот пен банктік карта мәліметтерін, пин – код, картаның артындағы CVV- кодты айтуға болмайтынын, төлем карталарына хабарлама қызметін міндетті түрде қосу қажет екенін және кез-келген күдікті жағдайда қызмет көрсететін банктің колл-орталығына хабарласу керегін ескертеді.

"Егер сізге банк қызметкерімін деп қоңырау шалып, жеке мәліметтеріңізді телефонның пернетақтасына үндестік режимінде теруге, әрі өзінің бұл мәліметтерді көрмейтініне сендіруге тырысса телефон тұтасын қойып, колл-орталыққа хабарласыңыз. Бұл маңызды", – дейді Андрей Терентьев.

Техника жетілген сайын алаяқтардың айла-тәсілдері де өзгеріп, уақыт ағымына ілесіп отырады. Кибер шабуылдарды сараптау және зерттеу орталығының президенті Олжас Сатиевтің айтуынша, қаржы қымқырушылардың әрекетін хакерлік слэнгте "әлеуметтік инженерия" дейді екен. Яғни осындай алаяқтар психологиялық әсер ету арқылы қолданушылардың сеніміне кіріп, банк атынан сөйлеп, қолында бар мәліметтерді айтып, артынан пин-код немесе құпия сөздерді сұрауы мүмкін.

"Алаяқтар өздерінің жазаланбайтынына сенеді. Өйткені Қазақстанда мұндай адамдардың жазаланғаны туралы кейстер өте аз. Меніңше, алаяқтар көбірек жазаланса, басқалар да ойлана бастайды. Сондықтан азаматтардың өзіне сақтықты күшейту керек",– дейді ол.

Бұл бірнеше факті ғана. Әзірге алаяқтардың кім екенін, қайдан қоңырау шалып отырғанын ешкім білмейді. Әлеуметтік желі қолданушылары "телефон арқылы банк қызметкері болып, қаржы қымқырып жүрген алаяқтар Ресейден немесе Украинадан болуы мүмкін. Өйткені орыс тілінде, кейде украиналық акцентпен сөйлейді. Ал қазақстандық нөмірлерді пайдаланып қоңырау шалу техниканың арқасында еш қиын емес деп топшылайды.

Ал бұл туралы банктер де, Ұлттық банк те, ІІМ де ақпарат таратпады. Тек азаматтардың өздері жеке сақтығын күшейтіп, пин-кодтар мен смс арқылы келетін сандарды ешкімге айтпауы керек деген ескертумен шектеліп отыр. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу