Әлем мұнайдан, газдан, көмірден бас тартуға дайын ба?

597

Бұл мәселе Дубайда COP28 деген атпен ашылатын климаттық конференцияның басты тақырыптарының біріне айналып отыр.  

Әлем мұнайдан, газдан, көмірден бас тартуға дайын ба? Фото: canva.com

Желтоқсанның алғашқы күні Біріккен Ұлттар Ұйымының COP28 климаттық саммитіне қатысу үшін Дубайға дүниенің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам барады.

Климаттың өзгеруі жайлы маңызды конференция қарашаның 30-да ашылып, желтоқсанның 12-де аяқталады. COP28 жайлы негізгі мәселелердің қысқаша сипаты төмендегідей.

COP28 дегеніміз не?

Осыдан 30 жылдан сәл астам уақыт бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымында дүниежүзінің 150-дей елі планетаны жылытып жатқан улы қалдықтардың көбеюін шектеу туралы келісімге қол қойды.

Бұл құжатты қарастырған алғашқы COP (Сonference of Рarties)  немесе Тараптар конференциясы Берлинде 1995 жылы өтті. Содан бері мүше-мемлекеттер климаттың өзгеруін талқылау үшін жыл сайын бас қосады. 2015 жылғы COP21-де жер шарының 190-нан астам елі жаһандық жылынуды тежеу туралы Париж келісімін мақұлдады. Ол пәтуаның мақсаты – әлемдік температураны тиісті мөлшерден 2 градустан артық көтермеу немесе шама келсе 1,5 градус деңгейінде ұстау. Оған қалай қол жеткізуге болады? Аталған құжатта бұған қатысты нақты нұсқаулар көрсетілмеген.

COP28-дегі қарама-қайшылықтар

Климат саммиті жыл сайын түрлі жерлерде өтеді. Басқа қабылдаушы елдер де қарама-қайшылықтарға толы болғанымен, осы жолғы конференцияны ұйымдастыратын Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) қарсы реакция әсіресе өткір болды. БАӘ – ірі мұнай өндіруші мемлекет. Сонымен қатар ол қазба отын саласының жоғары басшысын COP президенті етіп тағайындап отыр.

Сыншылар Біріккен Араб Әмірліктерінің ұлттық мұнай компаниясының президенті Сұлтан әл-Джабердің жылдың ең маңызды климаттық конференциясын басқаруы мүдделер қайшылығынан туындаған шешім деп санайды. Осы сыннан кейін БАӘ саммит қарсаңында өзінің жасыл энергияға бетбұрыс жасағанын насихаттайтын үлкен науқанға кірісті.

Мамыр айында АҚШ Конгресі мен Еуропа парламентінің 100-ден астам мүшесі әл-Джаберді отставкаға кетуге шақырды. Өйткені, оның рөлі конференция барысындағы келіссөздерге нұқсан келтіреді деген қауіп туындаған.

Дегенмен кейбір негізгі ойыншылар, соның ішінде АҚШ-тың климат жөніндегі өкілі Джон Керри – әл-Джабердің COP28 басшылығына тағайындалуын жоғары бағалады. БАӘ болса, әлемдегі ең ірі климаттық саммитті өткізуге жарамсыз деген сынды қабылдамады және де Әмірліктер өз алдына 2030-2050 жылдар аралығында атмосфераға тарайтын улы қалдықтарды азайту мақсаттарын қойған Таяу Шығыстағы бірінші ел екенін алға тартып отыр.

COP28-ге қатысатын ірі есімдер

Саммиттің алғашқы күндерінде мемлекет және үкімет басшылары сөз сөйлейді. 160-тан астам мүше ел, соның ішінде Ұлыбритания, Франция, Германия және Жапония, өздерінің қатысатындарын растады.

Саммиттің ашылу салтанатында мәлімдеме жасайтын король Карл III пен COP-ке қатысатын алғашқы понтифик – Рим Папасы Франциск ең танымал қатысушылар атануы мүмкін.

27 қарашада нақтыланған спикерлер тізімінде әзірге АҚШ Президенті Джо Байден мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин, яғни, әлемдегі ең ластаушы елдердің лидерлері жоқ. Десек те, қарашаның ортасында Байден мен Си Цзиньпин кездесіп, қазба отындардың орнына жаңартылатын энергияны пайдалануды айтарлықтай арттыруға уәде беріп, климаттық ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобын қалпына келтіруге уағдаласты.

Сонымен қатар БАӘ конференцияға қазба отын саласынан көптеген басшыларды шақырған. Алдағы жиында олар декарбонизация бойынша жаңа міндеттемелер жариялауды жоспарлап отыр.

COP28-дің ең үлкен мәселелері

COP28 шеңберіндегі басты міндет – 2015 жылғы Париж келісіміне сәйкес, әлем елдерінің жаһандық температураны 2 градустан "төмен" ұстау мақсатына жету жолында қаншалықты алға ілгерілегеніне бірінші рет баға беру.

COP28 аясындағы ең қиын келіссөздер қазба отындардың болашақ рөлін және дүниежүзі елдері мұнай мен газды пайдалануды кезең-кезеңімен тоқтатуға міндеттеме алуы керек пе деген мәселелерді қамтуы мүмкін.

COP26 конференциясында дүниежүзі мемлекеттері көмірді пайдалануды қысқартуға келісті. Бірақ олар планетаны жылытатын улы қалдықтардың негізгі көзі – қазба отындардан бас тартуға ешқашан сөз берген емес.

Америка Құрама Штаттары, Еуропа одағы және климат алдындағы осал елдер қазба отыннан бас тартуды міндеттейтін COP28 келісімі қабылданғанын талап етіп отыр. Бірақ "Үлкен Жиырмалық" тобы шілдеде өткен саммитінде бұл мәселе бойынша ортақ мәмілеге келе алмады. Соның ішінде Ресей де қазба отыннан бас тартуға қарсы болатынын мәлімдеген.

Тағы бір айта кететін жайт – қазір түрлі елдер 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия қуатын үш есеге ұлғайту мәселесін қарастырып жатыр. Солардың қатарында Еуропа одағы, АҚШ және БАӘ бар. Бұл идеяны "Үлкен Жиырмалықтың" ірі экономикалары, соның ішінде Қытай да қолдады.

Климаттың өзгеруімен және оның салдарымен күресу қомақты инвестицияны қажет етеді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, дамушы елдерге 2030 жылға қарай теңіз суының көтерілуі мен дауылдарға бейімделу үшін жыл сайын кемінде 200 миллиард доллар қажет болады. Бұған қоса, олардың ластаушы энергиядан таза қуат көздеріне көшуіне де қосымша қор қажет екен.

Сонымен қатар COP28 конференциясында елдерге "шығындар мен залалдар" қорын құру міндеті жүктеледі. Себебі климаттық апаттар қазірдің өзінде талай аймақ пен территорияны шығынға батырып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу