Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар кімді асырап отыр?

12108

Ұлттық экономика министрі бизнес-омбудсменнің ұсынысын қабылдамады.

Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар кімді асырап отыр? Фото: Мария Матвиенко

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов өңірдегі әкімдіктер жанынан құрылған әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысын өзгерту керек деген дабыл қақты. Бұл ойын ол өзінің Facebook-тегі парақшасында да жазды. 

Оның айтуынша бұл корпорациялардың ел экономикасына келтірер пайдасынан тигізген зияны көп болып тұр. Өйткені ешқандай проблеманы шешпесе де, шығындары шаш етектен. 

"Бизнес-омбудсмен кеңсесі алғашқы жартыжылдықта өңірлердегі әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқанына талдау жүргізген болатын. Талдау елдегі 17 ӘКК-нің 11-і (65%)   2018 жылды шығынмен аяқтағанын көрсетті. Тек "Тараз", "Shymkent", "Алматы", "Павлодар", "Тобыл"  және "Astana" корпорациялары ғана барлық шығындарды шегергеннен кейін таза пайда көрсеткен. ӘКК-тердің көбінің өтімділік, айналым жәна пайдалылық коэффициенті нормативке жетпейді. 2017 жылдың  қорытындысы бойынша 17 ӘӘК-тің ортақ шығыны 2 348 048 теңге болса, 2018 жылы  15 609 260 теңгеге жеткен", – дейді уәкіл. 

Рустам Жүрсінов өңірлерде ӘКК араласпайтын шаруа қалмағанын айтады. 

"ӘКК-тердің көбі еншілес ұйымдарымен бірге Үкіметтің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы "Акциясының 50 пайыздан көп бөлігін мемлекет иемденген заңды тұлағалар мен оларға теңестірілгендердің қызмет аясының тізімі туралы" қаулысына қайшы жұмыс істеп келеді. Мысалы, бір ӘКК құрамына "Өркен қала" атты ғимарат салумен айналысатын ЖШС, "Астана-Тазалық" атты санитарлық тазалықпен, абаттандырумен айналысатын ЖШС, "Астана-Зеленстрой" атты Нұр-Сұлтан қаласының маңайын жасылдарыуға арналған ЖШС қатар енген. Дәл осы ӘКК 2016 жылдан 2019 жылға дейін жергілікті әкімдікпен бір көзден тікелей келісімшарт жасау арқылы 2 млрд теңгеден астам қаражатты спорт ғимаратын күтіп ұстауға, форумдар өткізуге жұмсаған. "Павлодар" ӘКК де 2018-2019 жылдары жергілікті әкімдікпен дәл осылай 1 млрд теңгенің келісімшартын жасаған", – дейді ол.

Уәкіл, сондай-ақ, ӘКК-ті бетке ұстап жер телімдерін иемденудің түсініксіз схемасы пайда болғанына алаңдайды. 

"Жер телімін беруде мемлекеттік органдар ӘКК-пен байланысы бар кәсіпорындарға түрлі артықшылықтар ұсынған жайттар бар. ӘКК-ке жер телімін конкурстан тыс беріп отырған. Бұл Жер кодексіне қайшы. Осылайша ӘКК жерді ешқандай конкурссыз, нарықта жоқ бағаға жеке меншігіне сатып алып келген. Мысалы, "Тараз" ӘКК" АҚ  "SPK-Qyzylsha" ЖШС-нің жарғылық капиталына ауданы 2000 гектар болатын 27 жер телімін уақытша қайтарымды негізде енгізген.  2019 жылдың 22 қарашасында "Тараз ӘКК" АҚ-ның үлесі 6 225 924 6 теңгеге сатып алынды. Дәл осындай басымдық беру тәсілі өзге өңірлерде де, несие беру, азық-түлік сатып алу ісінде, ТКҮШ саласында көрініс тапқан", – дейді Рустам Жүрсінов.

Уәкілдің келтірген дерегі бойынша, әкімдіктердің көптеген жобалары аяқсыз қалатындықтан, ӘКК құрамындағы еншілес ұйымдардың үштен бірінен астамы жұмыссыз тұр. ӘКК құрамындағы 235 еншілес ұйымның 80-і салық аудармаған.

"Бұлардан шығатын қорытынды, ӘКК-тердің ешбірінде нақты жұмыс бағыты, маманданған саласы жоқ. Қазір олар құрылыс, азық-түлік бағасын тұрақтандыру, спорт нысандарын күтіп ұстау сияқты шаруалармен күн бағуға көшкен. Ұйымның күш-қуатын бытыратып жұмсау ел экономикасына кері әсер етуде. Бір жағынан жергілікті әкімдіктер ӘКК қызметін мұқият бақылап отырған жоқ", – дейді ол.

Уәкіл бұл проблемалрды жою үшін Үкіметке мынадай ұсыныс жолдаған екен:
 - әр ӘКК-нің жұмысына талдау жасап, баға беру;
- жүргізген талдау негізінде ӘКК жамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасын бекіту;
- ӘКК қызметіне жауапты орталық органды белгілеу;
- жаңа тұжырымдаманы негізге ала отырып ӘКК құрамындағы жат бейінді ұйымдарды, соның ішінде жекешелендіруге жататын ынсандардан арылту.

Бірақ онысын Ұлттық экономика министрлігі құптамай отырған көрінеді.

"Біз Үкіметке Ұлттық экономика министрлігі мен "Атамекен" ҰКП ӘКК бойынша бірге жұмыс істеп, олардың қызметін қайта жүктеу керектігін айтып жүгінгенбіз. Бірақ ҰЭМ ӘКК қызметіндегі проблемаларды растағанымен, олардың қызметіне жергілікті әкімдіктер жауапты екенін алға тартып, біздің ұсынысымызды қабылдамады", – деген Рустам Жүрсінов әлеуметтік желі қолданушыларына осы мәселе бойынша сауланам ұсынған.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу