banner

Алматыдағы атыс: мәжіліс депутаты банктердің мүмкіндігін шектеуді ұсынды

Андрей Линник "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң жобасын әзірлеуге шақырды.

Алматыдағы атыс: мәжіліс депутаты банктердің мүмкіндігін шектеуді ұсынды

Банктердің мүмкіндігін шектеп, жедел түрде жеке тұлғаларды банкрот деп тану туралы заң жобасын қабылдау керек. Мәжіліс отырысында "Ақжол" фракциясының депутаты Андрей Линник осындай пікір айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Мәжілісмен Алматыда болған оқиғаға полиция ғана емес, қаржыны реттеу органдары назар аударуға тиіс деп есептейді.

 "Екі күн бұрын Алматыда қайғылы жағдай орын алды. Банктің борышкерін үйінен көшіру әрекеті кезінде бес адам қаза тапты. Қайғылы жағдай төлемге қабілетсіз борышкер мен банк арасындағы дауға байланысты болғаны белгілі. 121 млн теңге қарызбен банк борышкерден сметалық құны 184 млн теңгені құрайтын жер телімі бар нысанды тартып алды, оны банк 96 млн теңгеге, яғни екі есе төмен бағалады. Бұл тек борышкердің ғана емес, оның кәмелетке толмаған балаларының да тұрғын үйі",  – деді Андрей Линник Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында.

Бұл ретте спикер күдіктігің бұл әрекетін ақтамайтынын да атап өтті.

"Кәсіпкерлікпен айналысуға немесе несие алуға тәуекел еткен мыңдаған азаматтар осындай біржақты түсінікке тап болады, көптеген борышкерлер жиі суицидті сынды, күрделі әрекеттерге барады. Бұл жағдай халықтың қарыздық ауыртпалығына назар аудартып отыр, оның ішінде Ұлттық банктің жоғары мөлшерлемесі, осындай даулар бойынша сот шешімдерінің әділетсіздігі және сот орындаушылары мен банк қызметкерлерінің ықтимал келісімі де мұндайға түрткі болады",  – деді депутат. 

Оның айтуынша, "Ақ жол" фракциясы банкрот болған азаматтардың өмірлік құқықтарына кепілдік беретін "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заңды әзірлеу бойынша он реттен аса ұсыныс жасаған. Алайда құжат сол күйі қабылданбаған. 

"2015 жылы мемлекеттік органдардың бас тартуына байланысты тіпті өзіміз заң жобасын әзірледік, оны үкімет қабылдамады. Уәкілетті органдардың өзі бұл құжатты қабылдауды үнемі кейінге қалдырады. Кешегі оқиға - тікелей бұл жағдайға немқұрайлы қараудың нәтижесі", – деді мәжілісмен.

Бұдан бөлек ол банктер қарыз алушының мүлкін тәркілеген кезде бағалау құнынан 10-15 %-дан артық ауытқымауы тиіс деп есептейді. Себебі мүлікті кепілдікке қойған сәтте оның құны несие сомасына қарағанда 30-40% төмендетілетін көрінеді.

"Осыған орай Қаржы нарығын реттеу агенттігі банктердің тәркіленген мүлік құнын азайту мүмкіндігін шектеуі тиіс деп санаймыз. Қарыз сомасының көпіршік тәрізді жасанды инфляциясын тоқтату, несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендету қажет", – деді депутат.

Сондай-ақ Андрей Линник болашақта мұндай қайғылы жағдайлар қайталанбауы үшін "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң жобасын тез арада әзірлеуге шақырды.

Еске сала кетсек, 20 қыркүйек күні  Алматының "Ақбұлақ" ықшам ауданында 54 жастағы ер адам сот шешімін орындауға келген тәртіп сақшылары мен сот орындаушысына оқ атқан. Оқиға орнында бес адам: сот орындаушысы, екі полицей мен үйдің заңды иесі және оның досы қаза тапты. 

Күдікті ұсталды. Адам өлтіргені үшін оған 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түрінде жаза кесілуі мүмкін.

Құралай Құдайберген
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу