Арзан баспана үйі барларға да берілмек

20924

Үкімет баспана бағдарламаларына қатысты алдағы жылдарға арналған жоспарлары жобасын жариялады.

Арзан баспана үйі барларға да берілмек

Ол "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын бекіту туралы" үкіметтің 2018 жылғы 22 маусымдағы №372 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" жаңа қаулыда қарастырылған.

Бұл құжаттың қызықты бір тұсы назар аудартады. Атап айтқанда, онда: "жергілікті атқарушы органдар "7-20-25" ипотекалық бағдарламасына қол жеткізу мақсатында өңір үшін басым кәсіптер мамандарына әлеуметтік қолдау немесе әлеуметтік көмек түрінде бастапқы жарнаны жабу үшін тұрғын үй сертификаттарын беруге құқылы. 1 миллион теңгеге дейінгі тұрғын үй сертификаттарын алушылар тізбесі жергілікті мәслихаттардың шешімімен айқындалады. Тұрғын үй сертификаттарын алушылар "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы талаптарына сәйкес келуі тиіс", – делінген.

Ары қарай бюджеттік кредиттер түріндегі осы әлеуметтік қолдауды жергілікті әкімдік қайтарымсыз емес, 0,01% болатын сыйақы мөлшерлемесі бойынша беретіні атап көрсетіледі. Бұл соманы азаматтар 15 жыл ішінде төлеп шығуға тиіс.

Дегенмен, осының өзі көпшілік үшін арман болса керек. "7-20-25" бағдарламасы аясында бір бөлмелі пәтер алу үшін 2 миллион екі жүз мыңнан астам алғашқы жарна табу талап етілетіні белгілі. Бірақ мұндай қаражатты бұқара түгіл, мемлекеттік қызметшілер де бірден тауып бере алмайтындарына шағымдануда. Ал миллион теңге 0,01% мөлшерлемемен 15 жылға несиеге берілсе, ай сайын небары 5,5 мың теңгеден келетін көрінеді.

Құжатта айтылғандай, мемлекет тұрғын үй құрылысын алдағы жылдары тек өрістете бермек. Мәселен, қаржыландырудың барлық көздері есебінен тұрғын үйді іске қосу көлемі биылғы жыл қорытындысында 12 миллион шаршы метрден асады деп күтілсе, келесі жылы бұл көрсеткіш 13 миллионнан аспақ, 2020 жылы 14,1 миллионға, ал 2021 жылы 15,2 миллион шаршы метрге жеткізілмек.

Соның ішінде көппәтерлі әрі көпқабатты тұрғын үйлердің үлесі 2019 жылы 7 миллион 550 мың, 2020 жылы – 8 миллион 154 мың, ал 2021 жылы – 8 миллион 806 мың шаршы метрді құрауға тиіс. Қалғанының барлығы коттедж немесе жатаған үй түріндегі жеке баспаналар болады.

Үкімет осы межелерге немесе шенеуніктер тілімен айтқанда, "нысаналы индикаторларға" қол жеткізу үшін барлық күш-жігер мен ресурстарды жұмылдыруға ниетті.

Айта кету керек, мемлекет тегін баспана беру бойынша кеңес кезіндегі социализмнен қалған тәжірибеден түпкілікті кетуде. Бұл ретте әкімдіктерде үй кезегінде тұрғандар ішінен өз өмірінде ешқашан баспананы толық сатып ала алмайтын адамдар санатына (мәселен, мүгедектер, жалғыз басты қариялар және басқаларына) сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлер ұсынылмақ. Олар қатарына шенеуніктер де кіріп кетіпті.

"Сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үй қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына сәйкес айқындалған кезектілік тәртібімен жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған адамдардың ішінен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына беріледі. Бұл баспананы көшірілетін мемлекеттік қызметшілерге және бюджет саласының қызметкерлеріне беруге болады", делінеді қаулыда.

Сонымен бірге, мұндай баспананың көлемі де алда өспейтіні анықталуда. Сатып алуға болмайтын, тек арзандау бағаға жалға берілетін үйлердің жалпы ауданы 2019, 2020 және 2021 жылдары бүкіл еліміз бойынша, 17 өңірде жыл сайын 211 мың шаршы метрді ғана құрамақ. Рас, жергілікті атқарушы органдарға, қаржы тапса, бұл көлемді ұлғайтуға рұқсат етіледі.

Үй кезегінде тұрған өзге санаттағы азаматтарға "сатып алу мүмкіндігі бар" баспана несиеге беріледі. Мұндай кредиттік тұрғын үйлердің көлемі жоспар бойынша 2019 жылы – 631 мың, 2020 жылы – 680 мың, 2021 жылы – 633 мың шаршы метр болады деп тұспалдануда.

Бұдан бөлек, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы берілетін кредиттік баспананың бағасы тағы қымбаттайтын түрі бар. Нақтырақ айтсақ, "кредиттік тұрғын үйдің таза әрленген 1 шаршы метрі үшін бағалық параметрлер: Астана, Алматы және олардың қала маңы аймақтарында, Шымкент, Атырау, Ақтау қалаларында – 200 мың теңгеге дейін (қазір 180 мың), ал қалған өңірлерде – 160 мың теңгеге дейін" баратыны айтылған.

Және одан да қымбаттатуға жол беріледі: "тартатын қаражаттың құнын жабу үшін салынған үйді белгіленген бағалық параметрлердің 10%-нан артық емес баға бойынша өткізуге болады", делінген құжатта.

Қалай болғанда, үкімет 2017-2021 жылдар аралығында қазақстандықтарды 64 миллион 627 мың шаршы метр жаңа баспанамен қамтуға ниетті. Яғни, елу шаршы метрге шақсақ, бес жылда шамамен 1 миллион 200 мыңнан астам отбасы "қоныс тойын" тойлауы мүмкін.

Алдағы жылдары жолдама алады деп күтіліп отырған тағы бір жаңалық – арзандау баспананы басында үйі бар азаматтарға да сату мүмкіндігі болмақ.

Ол жайында "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде жеке құрылыс салушылар салған және олардан сатып алынған тұрғын үйлерді өткізу қағидаларын бекіту туралы" инвестициялар және даму министрінің бұйрығына енгізілетін өзгерістерде қарастырылған.

Ол бойынша жергілікті әкімдіктерге берілген кредиттік тұрғын үй 6 ай ішінде мынадай тәсілдермен, біріншісі – "ТҚЖБ салымшыларына және кезекте тұрған адамдарға "Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы", екіншісі – коммерциялық банктердің ипотекалық қарыздары арқылы" өткізілуге тиіс.

Әкімдік осы екі тәсілді бір уақытта не әрқайсысын жеке қолдануға құқылы.

Пәтерлер бірінші тәсіл бойынша өткізілген жағдайда, қатысушыларды ТҚЖБ іріктейді және бөледі.

Ал егер баспана екінші тәсіл бойынша "7-20-25" бағдарламасы аясында өткізілсе, әкімдік өз интернет-ресурсында пәтерлерді өткізу туралы хабарландыруды жариялайды. Барлық кредиттік пәтерлерді осы тәсілдермен өткізуге жарты жыл мерзім ғана беріледі. Ал үй кезегіндегілерге өткізіп үлгермесе, нарыққа шығарып, қалаған адамға сатуға міндеттеледі деп күтілуде.

"6 ай өткеннен кейін тұрғын үй басқа азаматтарға, оның ішінде меншігінде тұрғын үйі бар адамдарға тікелей сатылады", – делінген құжатта. Бұл жағдайда басында үйі бар азамат жаңа пәтер құнының жартысын өткізуі не толық сатып алуы шарт болмақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу