Астана ең қорқынышты жаһандық рейтингке кірді

1319

Дүниежүзілік ұйымдар бұған тосқауыл қою үшін не істеу керектігін түсіндірді. 

Астана ең қорқынышты жаһандық рейтингке кірді Фото: regions.vlast.kz

Астана, Ташкент, Ашхабад және Бішкек – аптап ыстық салдарынан өлім-жітімі жоғары қалалардың рейтингіне енді. Бұл туралы Дүниежүзілік банк пен Жаһандық қордың Табиғи апаттардың қаупін азайту және қалпына келтіру жөніндегі ("How Cities in Europe and Central Asia Can Survive ‒ and Thrive ‒ in a Hotter Future") арнайы баяндамасында жазылған.

"Ауруын жасырған өледі" дейді қазақ даналығы. Бұл жерде маңыздысы – мұның бәріне күмән келтіріп, жоққа шығаруға тырысу емес, қайта халықаралық сарапшылардың ақыл-кеңесіне құлақ асып, зұлматқа тоқтау салуға талпыну болса керек.

Олар бұл ретте ресми ақпаратқа жүгінгендеріне назар аудартады. Сонымен, халықаралық ұйымдардың ортақ баяндамасында көрсетілгендей, Қазақстанның бас қаласы Астанада, Өзбекстанның астанасы Ташкентте және Қырғызстанның астанасы Бішкекте, барлық жас топтарындағы тұрғындар арасында күннің ыстық лебінен және тымырсықтан болатын шектен тыс өлім-жітім (избыточная смертность) 100 мың адамға шаққанда жылына 19–21, Түрікменстанның астанасы Ашхабадта – 25–28 оқиғаға дейін жетеді.

Халықаралық классификация бойынша бұл өте жоғары, қауіпті көрсеткіш саналады. Үрейлісі сол, болжам бойынша жаһандық жылыну шырқау шегіне жететін, жер апшысын қуыратын 2090 жылға қарай Орталық Азияның бірнеше ірі қаласында, соның ішінде Астанада және Ташкентте аптаппен байланысты жиынтықты өлім-жітім жылына 10 мыңнан 23 мыңға дейін жетуі мүмкін.

Дүниежүзілік банк сарапшыларының байламынша, заңғар ғимараттардың бір-біріне иін тіресе, тым жақын бой көтеруі, желдің есу бағыттарына кедергі келтіріп, жауып тастауы, үлкен парктер, скверлер сияқты жасыл желекті аймақтардың әлі де тапшылығы және көнерген инфрақұрылым бұл қалаларды осал ете түседі.

Осыған орай жаңа зерттеу мұның салдарларын жою және жаһандық климаттық күйзеліс аясындағы жаңа жағдайға бейімделу үшін қандай шаралар кешенін жүзеге асыру керектігін нұсқайды.

Қос ұйымның зерттеуі Қазақстанды, Өзбекстанды, Қырғызстанды, Тәжікстанды және Түрікменстанды қоса алғанда, Орталық Азия мен Еуропа (ОАЕ) өңірінің 70 қаласының өмір тіршілігіне және экономикасына жыл сайын күш алып бара жатқан аптап ыстықтың зиянды ықпал ете бастағанының нақты фактілерін анықтады.

Мәселен, 2023 жылы ОАЕ өңіріндегі температураның өсуі толық жұмыс күнімен қамтылған 87 мыңнан аса жұмыс орнының жабылуына соқтырған. Оның көбі немесе 22 мыңнан астамы – Өзбекстанға және шамамен 18 мыңы – Әзербайжанға тиесілі. Аймақ елдерінде аптап салдарынан жыл сайынғы экономикалық шығын 2050 жылға қарай ЖІӨ-нің 2,5%-ын құрауы мүмкін.

Қазақстанның өңірлері арасында температура әсіресе, оңтүстік облыстарда жоғары екені мәлім. Онда неге теріскейде орналасқан Астана халықаралық эксперттердің көбірек алаңдаушылығын туғызады?

Сарапшылар салқындау солтүстікте орналасқанымен аспанға бой созған биік ғимараттарының көптігі әсерінен елордада ауа температурасы алыс даладағыға қарағанда, он градусқа дейін жоғары болатынын қаперге салады.

Күн қызуының 95 пайызға дейінгісін асфальт жұтып, қалада сау адамның өзін деміктіруі мүмкін қапырық туғызады. Салдарынан, дүркін-дүркін "Қазгидромет" мамандары астаналықтарға өткір қажеттіліксіз күндіз далаға шықпауға кеңес береді. Бұл ескерту осы аптада да жарияланды.

Сарапшылар аптап ыстықтың экономикалық залалының қарапайым бір мысалын келтірді. Экстремалды температура орнағанда орта есеппен шамамен 200 шақырымға дейін асфальт жол балқып, бүлінеді.

Бұл оны жөндеуге қаланың қомақты қаражат жұмсауына соқтырады. Сондай-ақ ақаулы жол кесірінен автобус (болашақта – ЛРТ), такси сияқты қоғамдық көліктердің, тұрғындардың және бизнестің жеке көліктерінің бұзылуына себепкер болады. Сол арқылы қала тіршілігіне, экономикалық қызметке нұқсан келтіреді.

Баяндамада атап өтілгендей, өңірдің ірі қалаларында ыстық күндер саны ғасыр ортасында, 2050 жылға қарай 3 есеге дейін өсуі мүмкін. Сондықтан халықаралық сарапшылар Астанаға және басқасына:

• Жылудың шаһарда шектен тыс шоғырлануына септесе бермеуі үшін тым тығыз құрылыс салудан бас тартуды, жаңа ғимараттарды бір-бірінен көп алшақтатып салуды,

• Парк-скверлер санын арттырумен шектелмей, әрбір аулада ағашты көбірек отырғызып, жазыл желектің түр-түрімен қоршауды,

• Көшелерде адамдар беті-қолын жуып, салқындана алатын су көздерін – субұрқақшаларды, крандарды және өзгесін орнатуды,

• "Жылу аралы" эффектісін туғызатын, шынымен көмкерілген ғимараттар санын азайтуды, басқа да шара қабылдауды ұсынды.

"Соңғы жиырма жылда Орталық Азия мен Еуропада аптап салдарынан ондаған мың адам қаза тапты. Ыстық күндер саны көбеюде. 2050 жылға қарай көптеген қалада бұл сан екі немесе үш есе өсуі мүмкін. Ыстық күндердің саны қосымша 40–70 күнге дейін артады. Салдарынан, ыстықтан өлгендер саны жол-көлік оқиғаларынан мерт болғандар санымен теңеседі", – деп тұспалдады Дүниежүзілік банк сарапшылары.

Олар температураның қатты көтерілуінің салдарларын атады. Соның ішінде ауа сапасы нашарлайтынын, мыңдаған адам жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болатынын, ауруханалардың шектен тыс толатынын, әсіресе, егде жастағылардың және әлеуметтік аз қорғалған санаттағы жандардың созылмалы дерттерінің қозатынын нұсқады.

Бұдан бөлек, түрлі жабдық істен шығады, энергетика жүйесіне шамадан тыс жүктеме түседі, жеткізілімдер тізбегінде дағдарыс туындайды. Экстремалды аптап кесірінен еңбекке қабілетті тұрғындардың да физикалық және ақыл-ойлық жұмыс қабілеті төмендейді, еңбек өнімділігі құлдырайды. Құрылыс, көлік, туризм сияқты даладағы жұмыспен байланысты секторларда жұмыс күні, өндіріс көлемі қысқарады.

Бизнестің табысы азаяды, салықты аз төлейді. Нормадан тыс температуралар қалалық және ауылдық инфрақұрылымның тез тозуына серпін береді. Қуаңшылық артып, ауыл шаруашылығы зардап шегеді.

Ендеше халықаралық сарапшылардың тұжырымдауынша, мемлекеттер аптап ыстыққа жүрдім-бардым қарамай, оны табиғи апат есебінде қарастырғаны, одан туындайтын қаптаған проблеманың алдын алу мен салдарларын жою бойынша кешенді шаралар қабылдағаны маңызды.

Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің инфрақұрылымының елеулі бөлігі ХХ ғасырдың ортасында салынғанына назар аудартылды. Оның бәрі жаңартуды қажет ететіні зерттеуде атап көрсетілген.

Қалалар қандай "қадамдар" жасауға тиіс?

"Қала басшылықтары қалалық кеңістікті жанға жайлы болардай қоңыр салқын еткені абзал. Ол үшін "тәжі" үлкен, саясы кең ағаштарды отырғызу, парктер мен бақшаларды көбірек жасақтау, экстремалды аптап кезінде адам өмірін сақтап қалатын инфрақұрылымды қалыптастыру, мысалы, температураның қатты көтерілгені туралы тұрғындарды шұғыл хабарландырудың түрлі жүйесін өрістету, жедел жәрдем шақыратын батырмаларды орналастыру қажет", – деді ДБ Еуропа мен Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Самех Вахба.

Сондай-ақ Дүниежүзілік банк пен Жаһандық қордың сарапшылары Астанаға және басқа қалаларға инфрақұрылымын қазірден "аптап болашаққа" дайындауға кірісуге кеңес берді.

Соның ішінде мектеп-балабақшаның, емхана-аурухананың, тұрғын үйлердің қабырғаларын жылусіңіргіш, термотөзімді материалдармен қаптаған, ғимаратты "пассивті салқындатудың" өзге технологияларымен және жүйелерімен жабдықтаған дұрыс. Осыны өз бетінше жасаған тұрғын үйлерді субсидиямен қолдау керек.

Әйтпесе, ол нысанның бәрі көктем, жаз бен күз бойы желдеткіштер мен кондиционерлерді жаппай қосса, энергетикалық тапшылық өршиді, электр жүйелері артық жүктемеден істен шығады. Бұдан өзге, сарапшылар аптап ыстыққа төзімділік қағидаттарын мемлекеттік тұрғын үй, ТКШ, энергетика және басқа бағдарламаларға енгізуді ұсынды.

Жаһандық баяндамадағы Астанаға және басқасына арналған рекомендациялар арасында ішінде кондиционері жұмыс істейтін қоғамдық көлік, автобус аялдамалары санын арттыру, көлік инфрақұрылымын жоғары температуралардың ықпалынан қорғау да бар. Сондай-ақ өрт сөндіру деполарының санын көбейткен орынды.

"Аптап ыстыққа төзімділікті арттыру шараларын әзірлеп, жүзеге асыруда енді қала әкімдіктерінің рөлі жетекші, ал, іс-әрекеті – басымдықты болады. Бірақ жетістікке жетуі және өз мойнына алған міндеттерді тиісті орындай алуы үшін әкімдікті жаңа құзыр-өкілеттіктермен, тұрақты қаржыландырумен қамтамасыз ету, жергілікті билік орталық билік органдарымен тығыз үйлесімде жұмыс істеуі қажет. Кезек күттірмей, дереу қабылданған шаралар мыңдаған адамның өмірін сақтайды және қаланың әл-ауқатын ондаған жылға оза нығайтады", – деді Дүниежүзілік банктің қалалық даму жөніндегі аға экономисі Мегха Муким.

Айта кету керек, халықаралық ұйымдардың ұсыныстарының біразы елордада ескерілді. Мысалы, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек бейберекет, иін тірескен құрылыспен күресті, "тұрғын үй кешендерінің орнына әлеуметтік нысандар" салуды өзінің басымдығы етті.

Оның аясында бұрын тұрғын үй салуға берілген жер учаскелері қайтарып алынып, орнына мектеп, балабақша, емхана мен басқа әлеуметтік нысандар, сондай-ақ гүлзарлар, желекжолдар, аулалар сияқты қоғамдық кеңістіктер пайда болуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу