Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингке қатысқан Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов мәлімдеді.
"Бір отбасы бала денсаулығына байланысты астанаға қайта оралды. Яғни, Елордада ол балаға көрсетілетін медициналық қызметтердің мүмкіндігі жоғары екен. Екінші отбасының отағасы жалақысы жоғары жұмысқа орналасқандықтан, Екібастұзда тұру туралы ойынан айнып қалды. Әзірше, осы екі отбасы ғана. Қалғандары сіңісіп кетті", – деді Болат Бақауов.
Әкімнің сөзінше, Павлодар облысына қоныс аударға ниетті адамдар көп. Алайда олардың бәрін баспанамен қамту мүмкін емес.
"Көшіп келгісі келетіндердің дені көпбалалы отбасылар. Ал бізде негізінен бір бөлмелі пәтерлер ғана қалды. Екібастұзға қоныс аударғандардың 97 пайызы Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келді. Олардың барлығы дерлік жұмыспен қамтылды. Көшіп келгендердің басым бөлігі – оңтүстіктің тұрғындары. Кезінде астанаға жұмыс істеу үшін келгендер ғой. Сонау оңтүстіктен көшіп келгенде, астанадан 300 шақырым жерде тұрған Екібастұзға қоныс аудару аса қиындық тудыра қоймайды деп ойлаймын. Бұл жерде де жаңа өмір бастауға болады", – деді Болат Бақауов.
Аймақ басшысының айтуынша, Екібастұзға өндіріске қажетті мамандар керек. Сондай-ақ дәрігерлер, мұғалімдер, экономистер қажет.
"Жуырда Екібастұздағы "Қайнар" орталығында болдым. "Нұрлы Ертіс" жобасы бойынша көшіп келген отбасылардың балалары осы орталықтағы түрлі үйірмелерге қатысып жүр екен. Ата-аналар дән риза. Олар астанада балаларын мұндай орталықтарға апаруға мүмкіндік болмағанын айтты", – деді Павлодар облысының әкімі.
Әкімнің сөзінше, "Нұрлы Ертіс" жобасының Екібастұзға ғана байланып қалған түгі жоқ. Егер ауылға барып, кәсіпкерлікпен айналысамын деген адамдар болса, оларға да жағдай жасалатынын айтты.
"Бизнеспен айналысқысы келетін оңтүстіктің тұрғындарын Павлодар облысына шақырамын. Оларға барынша қолдау көрсетілетін болады. Жалпы, Павлодар бизнес жүргізуге қолайлы аймақ. Біріншіден, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Екіншіден, Ресейдің ірі өңірлерімен шектесіп жатыр. Демек, өнімді өткізуге арналған нарық өте үлкен", – деді Болат Бақауов.
Әкім "Серпін" бағдарламасымен Павлодар облысында білім алып жатқан оңтүстіктің балаларын "Нұрлы Ертіс" жобасымен қызықтырып отырғанын атап өтті.
"Серпіндіктермен бірнеше рет кездестім. Өкінішке қарай, олардың 70 пайызға жуығы Павлодарда қалмайды. Біріншіден, Павлодардың суығына үйрене алмағандықтарын айтады. Екіншіден, баспана мәселесі өзекті болып тұр. Әйтпесе, "пәтер берсеңіз қаламыз" деп отырған жастар көп. Алайда оның бәріне пәтер беретін мүмкіндік жоқ. Десе де, егер олар ата-аналарын Павлодар облысына көшіріп әкелсе, "Нұрлы Ертіс" жобасы аясында баспана мәселесін шешіп беруге дайынбыз. Оларды осылай қызықтырып отырмыз. Сонымен қатар, Павлодар облысында жұмыс істеуге қалған жастарды бір жыл бойы тегін жатақханамен қамтамасыз етеміз. Меніңше, бір жыл алаңсыз жұмыс істесе, осы аралықта олардың өздері-ақ пәтер алудың мүмкіндіктерін қарастыратын секілді", – деді Болат Бақауов.
Еске сала кетейік, "Нұрлы Ертіс" пилоттық жобасы 2019 жылдың қаңтарынан бастап жүзеге асырылып келеді. Республика бойынша алғаш рет Екібастұз қаласында қолға алынды. Жобаның мақсаты – халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірлердің, Нұр-Сұлтан қаласының еңбекке жарамды адамдарын Павлодар облысына көшіріп әкелу. Сондай-ақ елдегі аз қамтамасыз етілген отбасылардың, көпбалалы отбасылардың баспанамен, тұрақты жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу.
Жоба қатысушылары үшін Екібастұз қаласынан 318 пәтерлік бес қабатты 4 үй салынды. Екі үйдің құрылысын "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" қаржыландырса, қалған екі үйге "7-20-25" бағдарламасы бойынша қаржы бөлінді.
2019 жылдың мамырынан бері "Нұрлы Ертіс" жобасы аясында Екібастұзға 235 отбасы немесе 1303 адам көшіп келді. Оның 441-і еңбекке жарамды адамдар. 862-сі – балалар. Оның ішінде 382 бала балабақша жасында, 459-ы – мектеп жасында, 21-і – студент. Көшіп келген соң 6 бала дүниеге келді. Тағы 8 ана мерзімін күтіп отыр.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, еңбекке жарамды 441 адамның 272-сі тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. 153-і бала күтіміне байланысты демалыста отыр. Біреуі – ІІ топтағы мүгедек. Еңбекке жарамды үш адам мүгедек балаларын күтіп үйде отыр. Үшеуі әскер қатарына шақырылды. 9 адам қысқа мерзімді кәсіби даярлық курстарына жіберілді. 4 адам кәсіпкерлік негіздерін меңгеруде, 13 адамға жұмысқа орналасуға жолдама берілген.
Фархат Әміренов