Атыраулықтардың "асын" астрахандықтар "асап" отыр

3664

Ресей балықшылары Жайық-Қиғаш өзендерін билеп-төстеп жүр.

Атыраулықтардың "асын" астрахандықтар "асап" отыр Фото: Рахим Қойлыбаев

Бекіре тұ­қымдас балық қорын сақтау, көбейту және экспортқа шығару күн тәртібіндегі өзекті мәселе.

Мұның сыртында браконьерлік те тыйылмай тұр. Жергілікті халық балықты қалай болса солай аулап, табиғатқа залал келтіруде. Ал мемлекеттен балық аулауға жыл сайын тапсырыс алатын отандық балық өндіру мекемелерінің күні  жұмысшылары мен техникалық мүмкіндігі жетпеуінің салдарынан ресейлік балықшыларға түсіп тұр. Бұған көрші елден келген балықшылар қуанбаса, ренжіп жатқан жоқ. Себебі олар Жайық-Қиғаш өзендерін емін-еркін, билеп-төстеп жүр.

Көрші елден келгендер салық төлемейді

Каспий теңізі мен Жайық, Қиғаш өзендерінде жұмыс істейтін балықшылар арасында бәсекелестіктің бәсі мықты. Алайда олар мемлекеттік тапсырысты тиісінше орындай алмай отыр. Соңғы 5 жылда облыстағы балық шаруашылығы мекемелері балық аулау көлемін 14,2 мың тоннадан 12,8 мың тоннаға дейін төмендетіп алған. Себебі тапсырыс беруші балық аулау көлемін 26 мың тоннадан 19,2 мың тоннаға дейін кеміткен.

"Құрманғазы ауданындағы кооперативтер соңғы 5 жылда балық аулау көлемін 5,3 мың тоннадан 4,5 мың тоннаға азайтты. Өйткені мемлекет тарапынан берілетін тапсырыс көлемі қысқарды. Біз тапсырысты 86%-ға орындап жүрміз. Ал бәсекелестеріміз 100% нәтиже көрсету үшін Ресейден мердігер тартып отыр. Ең сорақысы ресейліктер Атыраудың балығын аулағаны үшін салық төлемейді", – дейді Каспий таңы" ӨК төрағасы Бақытжан Теміров.

Ал "Құралай" балық өндіру корпорациясының президенті Әбдібек Бисенов өздеріне жүктелетін тапсырыстың шартымен келіспейді.

"Бізге 400 тонна – шортан, 300 – тонна сазан деп тапсырыс береді. Дәл осы жоспар орындалмай қалса, тапсырыс кілт тоқтайды. Балықты ірі, ұсақ деп бөлсе жеткілікті емес пе?! Астраханда балықшыларға 138 мың тонна балық аулау міндеті жүктеледі. Олар бар-жоғы 60 мың тонна балық өткізеді. Ал біздегі тапсырыс 11 мың тоннадан 4 мың тоннаға дейін қысқарып қалды", – деп кейіді Әбдібек Бисенов.

Өзіміз өңдеп, өзіміз экспорттауымыз керек

Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиевтың айтуынша, облыста өндірілетін балық өнімінің 85%  Ресейге экспортталып жатыр.

"Өткен жылы Украина, Өзбекстан, Грузия мемлекеттеріне 1376,4 тонна балық өнімі сатылды. Германия, Франция, Англия, Шотландия, Польша, Латвия елдеріне "Аманкелді" өндірістік кооперативі 251,4 тонна балық өнімін сатты", – дейді Сырым Рысқалиев.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, облыстағы балық шаруашылығы мекемелері 4 топқа бөлінеді. Бірінші топқа дамыған техникалық базасы және білікті мамандары бар көшбасшы мекемелер енген. Олардың қатарында "Аманкелді" өндірістік кооперативі, "Каспий-Балық" өндірістік кооперативі, және "Тілекші", "Жемчужина", "Ақтау-Балық" ЖШС бар. Қалған 3 топқа мұздатылған, салқындатылған және кептірілген балық өнімдерін өндіретін кооперативтер топтастырылған.

Балық шаруашылығымен айналысатын  кәсіпкерлермен кездескен кезде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев балық өнімдерін Ресейге шикізат түрінде сату өз несібеңді өзгеге өз қолыңмен бергенмен бірдей екенін айтты.

"Ресейліктер біздің өнімді терең өндеп, бірнеше есе бағамен Мәскеудің үлкен сауда орталықтарына шығарып жатыр. Біз мұның алдын алу үшін облыс экономикасын әртараптандырып, экспортқа өз өнімімізді өзіміз өңдеп ұсынуымыз керек", – дейді Нұрлан Ноғаев.

"Құралай" корпорациясының президенті Әбдібек Бисенов болса, Мәскеу нарығын жаулау оңай шаруа емес екенін алға тартады.

"Ресейдің нарығын бағындырудың талабы қатаң. Оған ену үшін біраз тер төгуге тура келеді. Біздің елімізде балыққа сұраныс аз, сондықтан оның құны қымбат. Бүгінде балықтың бәсекелесі – тауық. Оны сақтау оңай, бағасы да арзан. Ал балық өнімдері тез бұзылады. Оны сақтаудың машақаты көп",– дейді кәсіпкер Әбдібек Бисенов.

Балықты қолдан өсіру қажет

Балықты тек шикізат түрінде сату арқылы пайда көруді мақсат тұтатындар оны қолдан өсіруге құлықсыз болып отыр. Мемлекет басшысы қойған міндеттің бірі – Каспий бекіресінің табиғи қорын сақтау. Бұл үшін бекіре тұқымдас балықты қолдан өсіру керек.

Ғалымдар балықтың дәл осы түрін жасанды жолмен өсіруді ұсынып отыр. Мұндай тәсіл шет мемлекетте кеңінен қолданылады. Бүгінгі таңда Атырау облысында шабақ өсірумен айналысатын 2 зауыт бар. Олар жыл сайын 7 млн шабақ өсіріп, Каспий теңізіне жібе­реді. Көрші мемлекеттермен салыстырғанда бұл – көңіл көншітерлік көрсеткіш емес.

Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиевтың айтуынша, балықты тоғанда өсіру үшін облыста 6 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.

"Атырау қаласында сумен қамтудың тұйық жүйесінде бекіре тұқымдас балықты қолдан өсіру және азықтық уылдырық алу бойынша балық өсіру кешенін құру жобасы аясында "CaspianRoyalFish" ЖШС өткен жылы 20,5 тонна бекіре тұқымдас балық өсіріп, алғашқы уылдырығын экспортқа шығарды. Ал биыл "Луговой жылқы зауыты" ЖШС Атырау облысындағы Жайық өзенінде бекіре балығын өсіру бойынша шарбақтық шаруашылық құрылысы жобасы бойынша 25 тонна бекіре балығын өсіріп, нарыққа шығаруды жоспарлап отыр",–деп қорытты сөзін Сырым Рысқалиев.

Нарғыз Ғабдуллина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу