Авиажанармай тапшылығы шешіле ме?

Қазақстан әлемдегі әуе жанармай бағасы ең қымбат елдің бірі. 

Авиажанармай тапшылығы шешіле ме?  Фото: inform.kz

Биылғы күзде Қазақстандағы жанармай нарығына қатысты жаңалықтың ең негізгісі – авиакеросиннің тапшылығы. Энергетика министрлігі мәселе шешілді дегенімен, әуежайлар кейбір рейстерді уақытша шектеп, жанармай бағасы шарықтап тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Авиациялық жанармай тапшылығы жылда айтылады. Биыл 27 қазанда халықаралық Нұр-Сұлтан әуежайы жанармайдың таусылуға таяу екенін мәлімдеп дабыл қақты. 28 қазанда Алматы халықаралық әуежайы чартерлік рейстерге жанармай құюды тоқтатып, тұрақты жолаушылар рейсіне жанармайды шектеп бере бастады. Дәл осы күні SCAT әуе компаниясы жанармай тапшылығынан, билет бағасы қымбаттауы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұдан бөлек елде бензин мен дизельдің де тапшылығы сезілді. Соңында президент араласып, осы мәселені баса айтуға мәжбүр болды. 

Артынша Энергетика министрлігі бұл мәселеге түсініктеме берді. Мемлекет басшысының сынынан қорытынды шығарып, тапшылыққа жол бермейтінін, әуе компаниялары қараша айына жанармай қорын алатынын, тұрақты рейстер тоқтамайтынын хабарлады. 

Аталған айда расымен әуе рейстері тоқтаған жоқ. Бірақ 16 қарашада Нұр-Сұлтан әуежайы жүк рейстеріне жанармай құюды тоқтатты, осы күні Алматы халықаралық әуежайы авиажанармайды жеткізудің тұрақсыздығына байланысты транзиттік жүк рейстерін қабылдауды шектегенін хабарлады. Әзірге жағдайдың түбегейлі шешілгені туралы ақпарат жоқ. 

Энергетика министрлігі тапшылықтың себебін мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстарымен байланыстырған. Кейбір сарапшылар мұны "қара алтынның" тапшылығына балады. Мұнай-газ нарығының сарапшысы Сергей Смирнов БАҚ-қа берген сұхбатында Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған сияқты мұнай шығарушы орындар өнімді бөлу келісімімен жұмыс істейтінін айтады. 

"Соған сәйкес олар ішкі нарыққа бір грамм да мұнай жеткізе алмайды. Сондықтан олар экспортқа кетеді. Ал МӨЗ-дерге кеңес заманынан қалған кен орындарында жұмыс істейтін компаниялар жеткізеді. Бізге авиажанармай тапшылығын жою үшін Ресейден сатып алудан басқа жол жоқ. Бірақ оларда баға қымбат", – дейді сарапшы. 

Біз Сергей Смирнов айтқан бағаны салыстырып көрдік. Қазанның соңындағы мәлімет бойынша Қазақстан авиажанармай бойынша әлемдегі ең қымбат елдердің бірі болып тұр. Республикада бір тоннасы 900 АҚШ доллары шамасында, Ресейде 710$, Қытайда 750$, Еуропа елдерінде 720$ шамасында. 

Белгілі сарапшы Расул Рысмамбетовтың БАҚ-на берген сұхбатында баға мен тапшылыққа ортадағы делдалдардың әсері болуы мүмкін дейді. Сонымен қатар бұған криминалдың да қатысы болуы мүмкін деген болжам айтқан. 

"Менің ойымша, біздің зауыттарымыз толық пайдаланылмайды, ал "технологиялық ысыраптар" көптеген басқа елдерге қарағанда жоғары. Өйткені жасырын сату мен ұрлық "технологиялық ысыраптардың" астында жасырылады. Біздің мұнай өнеркәсібіміз "мемлекет ішіндегі мемлекет" болғандықтан, ең бірінші жәй тексеру, өзі ондаған, тіпті жүздеген млн доллардың ұрлықтарын айшықтайтын еді. Ал тапшылыққа келсек, бұл қолдан жасалған құбылыс деген пікір бар. Бірақ тексеріссіз айту қиын. Ал салада ықпалды адамдарды ренжітпеу үшін көп жылдар бойы тексеріс жүргізілмеген", – дейді Расул Рысмамбетов.

Қазақстан нарығындағы авиациялық отынның ішкі тұтынуы жылына шамамен 670 мың тоннаны құрайды. Оның басым бөлігі қазақстандық әуе компанияларға, елімізге жолаушылар тасымалдайтын шетелдік компанияларға, ҚР Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар министрлігінің ұшақтарына арналған. Сарапшылар биыл 

Қазақстанда 580 мың тонна авиациялық отын өндіріледі деп болжаған. Алайда мұның өзі жеткіліксіз көрінеді. Себебі қазірдің өзінде 90 мың тонна шамасында авиациялық жанармай тапшылығы бар. Сондықтан 2021 жылдың басынан бері ішкі нарықтағы жанармай тапшылығын жою үшін Қазақстан шетелде 80 мың тоннаға жуық керосин импорттаған. 

Құралай Құдайберген

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться