Әзірге Армения мен Әзербайжан арасындағы ымыра сақталып тұр

2940

Екі елдің әскері қайта соғысып, 8 адам қаза тапты. Шекара сызылып, дәліз мәселесі шешілмесе, тараптар бір-біріне әлі талай рет оқ атуы мүмкін.  

Әзірге Армения мен Әзербайжан арасындағы ымыра сақталып тұр

Қарашаның 16-да екі посткеңестік республика шекарасында болған қарулы қақтығыс кезінде Әзербайжан армиясының 7 жауынгері қаза тауып, 10-ы жараланды. Бұл мәліметті сәрсенбі күні осы елдің Қорғаныс министрлігі растады.

Арменияның ресми өкілдері болса, ел әскерінің 1 сарбазы мерт болып, 13-і қарсы жақтың тұтқынына түсіп, 24-і жоғалып кеткенін хабарлап отыр.

Бұл – былтыр Таулы Қарабақта 6 600-дей адамның өмірін қиған алты апталық соғыстан бері екі ел арасында болған ең үлкен қарулы қақтығыс.

Қазір Армения Қорғаныс министрлігі Әзербайжан әскерін армян позицияларына бірінші болып оқ жаудырды айыптап отыр. Бұған жауап ретінде Бакудегі үкімет Ереванды шекарада "кең ауқымды арандату" әрекеттеріне барды деп кінәлады.

Атыс Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу сейсенбінің кешінде армениялық және әзербайжандық әріптестерімен телефон арқылы сөйлесіп, оларды ымыраға шақырғаннан кейін доғарылды. Ал Армения Премьер-министрі Никол Пашинян шекарадағы жағдайды Ресей Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы талқылаған.  

Армения мен Әзербайжан ондаған жылдары бойы Таулы Қарабақ үшін тайталасты. Айта кетсек, бұл аймақ Әзербайжан жерінде орналасқанымен, 1994 жылы сепаратистік соғыс аяқталғаннан бері этникалық армяндардың бақылауында болғаны анық.

Белгіленбеген шекара

Өткен жылы қарашада Мәскеудің арағайындығымен даулы аймақ үшін болған 44-күндік соғыс аяқталды. Сол бейбіт келісім нәтижесінде, Әзербайжан армиясы Таулы Қарабақ пен оның айналасындағы аудандардың басым бөлігін өзіне қайтарып, Арменияға арқа сүйеген сепаратистерді өңірден ығыстырды.

Биыл мамырда Әзербайжан-Армения шекарасындағы шиеленіс тағы күшейді. Сол кезде Армения үкіметі ел территориясына Әзербайжан әскері басып кірді деп дабыл қақты. Бірақ Бакуге сенсек, Әзербайжан жауынгерлері көрші елге енбей, әлі шекарасы белгіленбеген аумаққа шоғырланған. Содан бері бұл аймақтан аңда-санда қақтығыстар туралы хабар түсетін болды.

Осы дүйсенбіде Пашинян Әзербайжан күштерін тағы да басқыншылық үшін айыптады. Ал сейсенбі күні екі жақтың да артиллерияны қолданып, бір-біріне оқ атып жатқаны белгілі болды.

Кейбір бақылаушылардың ойынша, шекара демаркацияланбағандықтан, Армения мен Әзербайжан арасында жанжал оты әлі талай рет тұтануы мүмкін.

Жаңа жанжалға не себеп?

Әзербайжан өзінің автономиялық республикасы Нахичеванмен көліктік байланыс орнату үшін Зангезур дәлізін салуға ниетті. Ал Нахичеван – Арменияның Сюник облысында (әзербайжанша – Зангезур) орналасқан анклав. Аталған корридор пайда болса, онда Әзербайжан Түркиямен құрлықта да транспорттық қатынас жасай алады. 

Тағы бір айта кететін жайт, биыл көктемде Президент Ильхам Әлиев Армения территориясы арқылы Зангезур дәлізін салуға Ереван рұқсат бермесе, бұл мәселені "күшпен шешетінін" ескертті.

Былтыр Қарабақ соғысын тоқтатқан Армения-Әзербайжан-Ресей келісіміне сәйкес, Пашинян үкіметі Бакудің Арменияның оңтүстігі арқылы Нахичеванға жол салуға келісім берген еді. Және де бұл жоспар Путиннің көмегімен нақтыланды.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу