Балаға әкесінің және шешесінің фамилиясын қатар беруге рұқсат етілді

509

Осы арқылы Германия ер мен әйелдің гендерлік теңдігі жолында жаңа қадам жасады.

Балаға әкесінің және шешесінің фамилиясын қатар беруге рұқсат етілді Фото: canva.com

ГФР-де сәбилерге енді қос текті қатар алып жүруге құқық берілді. Бұл әрине, баланың өз жұрты мен нағашы жұртын қатар қуантары сөзсіз.

"Баланың қосарланған фамилиясын дефиспен немесе онсыз жазуға болады. Сондай-ақ оны қалыптастыратын ата-анасының фамилияларын кез келген тәртіппен орналастыруға болады. Мысалы, бірінші – әкесінікін, екінші – анасыныкін немесе керісінше. Заңнамадағы бұл жаңашылдық жұптарға баланың ата-тегін таңдауда көбірек еркіндік береді", – деп жазды Deutsche Welle.

Германияда тұратын журналист Павел Мыльниковтың хабарлауынша, Германияда қосарланған фамилияға жол ашқан заңнамалық өзгерістер 2025 жылғы 1 мамырда күшіне енді.

"Заң жобасында түсіндірілгендей, бұл қадамға билікті "өмірдің көп қырлы шынайылығы" итермелепті. ГФР Парламенті – Бундесрат заң жобасын 2024 жылы мақұлдап қойған болатын. Бұған дейін қандай ереже қолданылып еді? Егер некеге тұрған жұп бірінің ортақ фамилиясын таңдаса, онда олардан туған балаға да автоматты түрде сол ортақ фамилия берілетін. Егер ортақ фамилиясы болмаса, ерлі-зайыптылардың әрқайсысы өз ата-тегінде қалса, онда бала дүниеге келген жағдайда олардан сәбиге қайсысының фамилиясы берілетінін өзара келісіп шешу талап етілетін", – деп түсіндірді журналист.

Жаңа тәжірибе қандай болады?

Егер ортақ баланы өмірге әкелген әйел мен ердің екеуінде де атааналық құқық болса, некеде тұрғаны-тұрмағанына қарамастан, бала үшін фамилияны бірге таңдауға міндетті болады.  

Ал, олар 1 ай ішінде бір тоқтамға келе алмаса, мемлекет олардың ақырғы шешімін күтпейді: жаңа заң бойынша балаға әкесі мен шешесінің фамилияларынан құралған қосарланған текті таңа салады.

Бұл жағдайда ер мен әйелдің тегінің бірінші не екінші орналасатынын бас әріптерінің әліпбидегі реті анықтайды. Бұл қосарланған фамилия дефис арқылы жазылады.

Бұл заң неміс қоғамында қызу пікірталас туғызды. Мысалы, егер қосарланған фамилиясы бар адамның баласына да қосарланған фамилия берілсе не болады?

Айталық, Оттовордемгентшенфельд-Кальтенбруннер өз ұлының анасын да ұлықтап, қосарланған ат берсе, онда баласы Оттовордемгентшенфельд-Кальтенбруннер-Абдергальден бола ма? Жоқ.

"Егер жұбайлардың ең құрығанда біреуінде қосарланған фамилиясы болса, олар қайтеді? Мұндай жағдайда азаматқа қосарланған ата-тегінің қай "жартысын" баласына беретіні жөнінде шешім қабылдауына тура келеді. Өйткені заң бойынша үш және одан көп сөзден тұратын конструкция фамилияға жарамайды", – деп түсіндірді DW.

Бұдан бөлек, егер кейін ата-аналары ажырасып кетсе, балаға олардың бірінің ата-тегінен бас тартуға құқық беріледі.

Айтпақшы, осы заңмен бірге Дойчландта қызықты бір тәжірибе қолданысқа енгізілді. Ол бойынша жасы 5-тен асып кеткен балаларының фамилиясын өзгерту үшін енді ата-анасына перзентінің соған келісімін алуға тура келеді.

Барлық өзгерістерді азаматтардың хал-актілерін тіркеу органында растау керек болады. Германия – федеративтік республика, сондықтан әрбір федералдық жерде ата-текті ауыстыру рәсімі ата-аналарға 30 еуроның айналасындағы қаржыға түседі.

Баланың жеке тұлғасын куәландыратын жаңа құжаттар үшін де ақы жиналады. Мысалы, Берлинде баланың жаңартылған паспорты 37,5 еуроны құрайды.

Тағы бір тосын жаңалық: енді ерлі-зайыптылардың екеуі де ата-тектерін қатар өзгертіп, ортақ қосарланған фамилияға көшіп ала алады. Бұл ғашықтық сезімі мен отбасы институтын нығайтуға үлес қосуы мүмкін.

Салыстырсақ, бұған дейін жұбайлардың біреуі ғана жан жарының фамилиясына ауыса алатын. Еуропада мысалы, кейбір күйеулер әйелінің ата-тегіне көшеді.

Бұл жаңа заңның тетігі қаншалықты сұранысқа ие болатыны белгісіз. Неміс тілі қоғамы қосарлы фамилиялардың танымалдылығын анықтау үшін арнайы әлеуметтік зерттеу жүргізген болатын.

Анықталғандай, бұл қадамға жұбайлардың небары 7 пайызы ғана баруға әзір. Оның өзінде көпшілігінде әйелдер махаббатының фамилиясын өзінікіне қосуға дайын екенін білдірген.

Ал, еркектер тарапы негізінен ата-бабасынан алып қалған тегіне ешкімді қосақтамай, араластырмай, сол бойы "жалғыз" қалдыруды қалайтынын жеткізіпті.

"Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясының мамандары Қазақстанда қосарланған фамилия алуға рұқсат етілмейтінін түсіндірді. Тек қосарлы есім ғана беруге болады: "Қасым-Жомарт" деген сияқты.

Салалық кодекске сай, бөлек не дефис арқылы жазылған жағдайда қосарланған ат-есім беруге рұқсат, бірақ ол екі аттан аспауға тиіс.

Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, қазіргі кезде балаға тек әкесінің ғана емес, анасының фамилиясын беруге де рұқсат етіледі.

"Неке және отбасы туралы кодексінің 63-бабы бойынша баланың тегi ата-аналарының тегiмен айқындалады. Ата-аналарының тегi әртүрлi болған кезде ата-аналарының келiсiмi бойынша балаға әкесiнiң немесе анасының тегi берiледi. Ата-аналарының қалауы бойынша балаға оның анасының әкесінің немесе атасының аты фамилия ретінде берілуі мүмкін", – деп мәлім етті мамандар.

Осылайша, жеті ата шежіресі бойынша тек өз атасының не әкесінің есімі балаға мұраға қалып, тегіне айналатын ата дәстүр Қазақстанда құрыды деуге болады.

Мемкорпорация мамандары егер әкесі мен шешесінің әрқайсысы өз жағына тартып, жаңа туған бөбекке кімнің фамилиясын беретіні бойынша бір келісімге келе алмаса, барлық дау-жанжал сот тәртiбiмен шешiлетінін еске салды.

Бірақ сотта жеңу үшін мысалы, әкеге қандай нақты дәйектеме келтіру керектігін айтпады, кодексте ол туралы жазылмапты.

Отбасы кодексі бойынша егер баланың ата-анасының екеуі де белгісіз болса, онда баланың атын, әкесінің атын және фамилиясын қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган, медициналық немесе баланың тұрған жері бойынша оның құқығын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын басқа да ұйымдар, яғни, шенеуніктер өзі қалағанша қоя салады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу