Барлық сауда ойын-сауық орталықтары келушілерге 11,7 миллион теңгеден бермек

1536

Бірақ бұл төлемді алуға бірде-бір адам қызықпауы мүмкін!

Барлық сауда ойын-сауық орталықтары келушілерге 11,7 миллион теңгеден бермек Фото: canva.com

Өйткені бұл жерде әңгіме СОО-лардағы өрт кезінде мертіккен, қаза болған адамдарға төленетін сақтандыру төлемі туралы болып отыр.

Қазақстанда ірі сауда, ойын-сауық орталықтарының, базарлардың және басқасының өзіне келушілер алдында жаңа міндеттемесі пайда болады. Олар мысалы, өрттен зардап шеккендерге келтірілген залалдың орнын толтыруға міндеттеледі.

Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева мәлімдеді.

"2025 жылы адамдар көп жиналатын объектілер иелеріне жауапкершіліктің жүктелген сақтандыруын (вмененное страхование ответственности) енгізу жоспарда бар. Сонымен қатар, апатты тәуекелдерден сақтандыру жүйесін көп деңгейлі ету және бірнеше көзден өтемақы төлеу көзделген. Сауда орталықтарында, сондай-ақ адамдар жаппай жиналатын және ауданы 2 мың шаршы метрден асатын ірі объектілерінде өрттен зардап шеккендерге залалды өтеу қамтамасыз етіледі. Заң жобасы ел Парламентінің қарауында жатыр", – деді Қаржылық реттеуші басшысының орынбасары Мария Хаджиева.

Ол заң жобасы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады.  

Төтенше жағдайлар министрлігінің түсіндіруінше, бұл жоба халық жаппай жиналатын объектіде өрт болған жағдайда үшінші тұлғалардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету үшін қажет.

"Сонымен қатар, ол халық көп жиналатын объектілердің өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыруға бағытталған. Өрт қауіпсіздігі саласында үшінші тұлғалардың алдындағы тәуекелдерді сақтандыру үшін СОО-ларға, адамдар жаппай жиналатын объектілерге тек "Өрт салдарынан үшінші тұлғаларға зиян келтіргені үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті жүктелген сақтандыру шартын" жасасу ғана талап етіледі", – деп түсіндірді ТЖМ.

Заң қабылданған соң, оның реттеуіне елімізде жалпы ауданы 2 мың және одан көп шаршы метр болатын шамамен 2 000 объекті ілігуі мүмкін. Оның ішінде ірі кәсіпкерлік субъектісі – 170-тей, орташасы – 220-дан асады, қалғаны – шағын бизнес нысандары.

Бұл заң жобасы сарапшыларды екіге жарды. Бір бөлігі адамдар жаппай болатын объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін жүктелген сақтандыру жүйесін енгізумен келіседі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сарапшыларының пікірінше, жүктелген сақтандыруды толыққанды енгізу – объектілер басшыларының жауапкершілігін арттырады, өзгелердің заңды мүліктік мүдделерін қорғауды күшейтеді.

Ең бастысы, бұл тетік "азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауды кепілдендіреді". Өйткені бұл алып ғимараттарда туындаған кез келген "тілсіз жау" бірден көп адамға үлкен қауіп төндіреді.   

Дегенмен, олар заң жобасын ары қарай пысықтау қажеттігін қаперге салды. Себебі, жан-жақты сақтандыру қорғауын қамтамасыз ету тетіктері қарастырылуға тиіс.

Агенттік сарапшылары сақтандырудың ең төменгі шарттарын анықтауды ұсынды. Атап айтқанда, үшінші тұлғаларға келтірілген залалдың мөлшерін, сақтандыру төлемдерінің мөлшерін және зиянды өтеуді бағалау бойынша актуарлық есептеулер белгіленуі қажет. Онсыз СОО қожайындары өз шығындарының мөлшерін болжап біле алмайды.

"Қазақстанның сақтандырушылары қауымдастығы" сақтандырудың бұл жаңа түрін қолдайды және өз кезегінде сақтандыруға жататын объектілердің тізбесін нақты анықтауды ұсынды.

Бұл ретте объектілердің өртке қарсы жай-күйін объективті бағалау әдістерін жетілдіру керек. Сонда ғана халық қарақұрым жиналатын нысандар өрттен қауіпсіз етіледі.

Бұдан бөлек, қолдайтын сарапшылардың пікірінше, сақтандыру сыйлықақысының құнына объектінің ауданы, өрттен қорғалу жағдайы және басқа факторлары әсер еткені жөн.  

Бірақ СОО-ларға қатысты өртке қарсы "жүктелген сақтандыруды" енгізуді жақтамайтын сарапшылар да жетерлік. Мысалы, Еуразиялық өнеркәсіптік қауымдастық пен Қазақстандағы өңірлік сауда жылжымайтын мүлкі иелері қауымдастығы наразылықтарын білдірді.

Олардың сарапшыларының байламынша, жүктелген сақтандыруды енгізу салдарынан көптеген объектілер, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жабылып қалуы мүмкін. Өйткені жаңа Салық кодексі аясында келесі жылдан бастап онсыз да бизнеске түсетін салықтық жүктеме және басқа да шығыстар күрт артқалы тұр.

Сондықтан бұл қауымдастықтар ары қарай да өмірді, денсаулықты және мүлікті ерікті сақтандырудың қолданыстағы тетіктерін пайдалануды ұсынды. Сонда ғана бұл сауда мен қызметтер нарығына теріс салдарларға соқтырмайды.

Өз бетінше сақтандыруға ынталандыру үшін мысалы, сақтандырылған нысандарды азаматтық қорғау органдарының – өрт сөндіру қызметінің мерзімді тексеруінен босатуға болар еді.  

Сарапшылардың пікірінше, егер мемлекет жүктелген сақтандыруды мәжбүрлеп және жаппай енгізсе, онда оған ыланойран қаржы шығындаған сауда ойын-сауық орталықтары өзіндегі алаңдарды жалдаушылар – шағын және орта кәсіпкерлер үшін аренда ақысын күрт көтеруге мәжбүр болады екен.

Бір ғажабы, осы жаңашылдыққа пікір қосқан "Қорамсақ" Қазақстан аумағындағы азаматтық және қызметтік қару-жарақ саласында қызмет ететін кәсіпорындар мен ұйымдар қауымдастығының сарапшылары төлем көлемімен келіспеді.

Оның вице-президенті Сергей Катнов СОО-дағы өрт кезінде зардап шеккен мүгедектігі бар баланың өміріне келтірілген залал үшін заң жобасында көзделгендей, 3000 айлық есептік көрсеткіш (2025 жылы 11 796 000 теңгеге тең) көлеміндегі сақтандыру төлемі аз екенін айтты. Ол төлем көлемін 5000 АЕК-ке (2025 жылы – 19 660 000 теңгеге барабар) дейін арттыруды ұсынды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ұсынуынша, СОО-лардың және халық көп жиналатын басқа да жерлердің сақтандыру компанияларына төлейтін сақтандыру сыйлықақыларының мөлшері объектінің өрт қаупі деңгейіне байланысты болады:

  • өрт қаупі жоғары болса, ең жоғары, максималды тарифтік ставкамен – 1 миллион 300 мың теңгеден төлеп тұрады;
  • өрт қаупі төмен болса, ең төменгі тарифтік мөлшерлемемен – 325 мың теңгеден төлеуге міндеттеледі. Бірақ бұл тарифтер өзгеруі мүмкін.

Яғни, сақтандырудың ауыртпалығы шарт жасасу кезіндегі объектінің өрт қауіпсіздігінің жағдайына байланысты болады. Полис бермес бұрын сақтандыру компаниясы отандық және шетелдік тәуелсіз мамандарды тартып, объектіге төл тексеруін жүргізеді.

Мамандар мысалы, сауда ойын-сауық орталығындағы өртсөндіргіштерді, гидранттарды, эвакуациялау жолдарын, лаңкестіктен қорғалуын және басқасын зерттеп, бағамдай келе, ондағы қауіптің жоғары әлде төмен екенін анықтайды.  

ТЖМ дерегінше, соңғы 10 жылда Қазақстанда адамдар көп жиналатын объектілерде 5 246 өрт тіркелді, онда 172 адам қаза тапты, материалдық залал 14 млрд теңгеден асты.

inbusiness.kz жазғандай, кеше Астанадағы "Шапағат" коммуналдық базарынан өрт шықты. 400 шаршы метрді құрайтын 10-ға жуық бутик отқа оранған.

Бұдан біраз бұрын "тілсіз жау" елордадағы "Big Шанхай" базарында 500 шаршы метр аумақта 30 сауда бутиктерін жалмаған еді.

Елге жаға ұстатқандары арасында 2016 жылғы 6 қарашада "Almaty Towers" кешеніндегі өрт бар. Оның салдарынан 6 адам қаза тауып, өрт алаңы 1800 шаршы метрді құрады. 2020 жылғы 19 желтоқсанда, Атырауда "Дина" сауда базарының аумағында жалпы ауданы 3 420 шаршы метр болатын сауда павильондарын өрт жойды.

2021 жылғы 1 қыркүйекте елордадағы "Тұлпар" сауда үйіндегі өрттің салдарынан қызметтік үй-жайлар, жалпы ауданы 6000 шаршы метр сауда бутиктері өртпен тас-талқан етілді. Сол жылғы 2 қазанда қаладағы "Универсам" сауда үйінің үшінші қабатында жиһаздар жанған. Өрттің жалпы ауданы 7000 шаршы метрді құрады. Басқа да деректер жетерлік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу