Бәсеке бидайдан басталады

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
5939

Ауғанстан Қазақстан үшін сенімді нарық емес.  

Бәсеке бидайдан басталады

Әлемнің 7 мемлекетінен Алматыға арнайы келген бидай және нан өнімдерін дайындайтын ірі компаниялардың басшылары "Нан өнімдері-2018" халықаралық форумында осымен бесінші рет бас қосты. "Бидайды қайта өңдеу" одағының  президенті Евгений Ганның айтуынша, бұл жиынның берері мол.

"Орталық Азияда бидай өңдеу мен нан өнімдерін өндіру нарығы әлдеқашан қалыптасты. Бұдан былайғы бәсеке тәтті күлше өндіру нарығында болады", – деді Евгений Ган.

Ол ел үкіметі бидай өсірумен және қайта өңдеумен айналысатын компанияларды қолдауды кешіктіріп алғанын атап өтті.

"2017 жылғы өнімді сату мәселесі дұрыс ұйымдастырылмағандықтан, 2018 жылдың көктемгі егіс жұмыстарын дер кезінде бастай алмау қаупі төнді. Абырой болғанда үкімет өткен жылдың желтоқсанында "Азық -түлік корпорациясына" 2 млн тонна бидай сатып алу туралы келісімді мақұлдады. Біз үшінші сортты бидайдың тоннасын  42 мың теңгеге саттық. Бұл жақсы баға емес, себебі жиын-терім кезінде оның бағасы 50 мың теңгеге жетті. Түскен табысқа дихандар несиелерін жапты, көктемгі жұмысқа қаржы бөлді. 2017 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстан 1,6 млн тонна бидай мен арпа экспорттады", – деді Евгений  Ган.

Алдағы уақытта астыққа деген сұраныс азаюы мүмкін екенін. Бұл туралы "Бидайды қайта өңдеу" одағының  президенті: "2010 жылдарға дейін отандық агрохолдингтердің  бидайды Қара теңіз порттарына дейін жеткізу қауқары жетті. Бірақ тасымал құнының қымбаттығы экспорттың Қара теңізге шығуына тосқауыл қойды. Сондықтан экспорттық бағыт  Орталық  Азияға ауысты", – деді.  

Оның айтуынша, былтыр Қазақстанның  ірі экспортерлерінің бестігінен Ресей мен Иран шығып қалса, Италия біздің бидайға деген сұранысын арттырған. Италияның Қазақстан бидайына ерекше ықылас танытуына бидай бағасының 11%-ға арзандауы себеп болған.

"Бізге бидай егетін алқапты тағы 2 млн гектарға азайтып, бағасы қымбат майлы дақыл егуге көшу керек" , – деді Евгений  Ган.

Ол экспорттық өсім тек Ауғаныстан  бағыты бойынша ғана пайда әкеліп жатқанын  айтты.

"Ауғанстан Қазақстан үшін сенімді нарық емес. Себебі оның көршісі Пәкістан да жоғары сұрыпты бидай өсіреді. Ауғанстанның ауылшаруашылығы министрлігі елдің экпорттық әлеуетін арттыру және жүк айналымын ұлғайту  үшін өз  аумағында арнайы терминал  салуды жоспарлап отыр.  Соңғы жылдары Пәкістанның да бидай нарығындағы ұстанымы өзгерді. Бұған қоса Өзбекстанда ұн өндірісіне ерекше назар аудара бастады. Осы арқылы олар астық тұтынушы елдердің нарығын жаулай  бастады. Мұның барлығы бізді бейқам отырудан сақтандыруы тиіс", – деді Евгений Ган. 

Қазақстан ұн емес, бидай экспортына басымдық беруі тиіс деген пікірді Қазақстан тағамтану академиясының вице -президенті Юрий Синявский де құптайды екен.

"Өзбекстан бидайды қайта өңдеу ісін жолға қойғаннан бері нан өнімдерінің өндірісіне көңіл бөле бастады. Олар халықаралық көрмеге  тәтті күлшенің 12 түрін әкеліп, тұтынушы іздейтіндерін жариялап отыр", – деді Қазақстан тағамтану академиясының вице -президенті.

Оның сөзінше, біздің елде бидай лоббиі басым. Ал одан жасалатын тағам  түрлеріне дұрыс көңіл бөлінбейді.

"Біз алыс-жақын көршілерімізге өз бидайымызды өзімізге қуырып беріп, импорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік ұсынып отырмыз", – деді Юрий Синявский.  

Сөз арасында ол ұн өңдеушілер мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрмей отырғанын айтты.

"Мемлекеттің  бақылауынсыз, қолдауынсыз  экспортқа бағытталған өнім түрлерін шығару мүмкін емес. Ұн  шығаратын кәсіпорындар көрші елдердің экспорттық өнімдерге қатысты ұстанымына ықпал ете алмайды. Біз араб елдеріне немесе Қытайға бидай экспортын көбейткенімізге мәзбіз. Бидай экспортының көлемі ұлғайған сайын ұн және ұннан жасалған өнімдердің экспорты зардап шегеді. Бидайға қатысты экспорттық саясатты әртараптандыру керек. Бұл үшін мемлекетке бидай экспортын  әртараптандыру мен  дамытуға қатысты жүйелі саясат қажет", – деді Евгений Ган.

Ол ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті деген мәселе құзырлы орындарды толғандырмайды деген ойға басымдық беретінін жасырмай айтты.

"Агробизнес-2020" бағдарламасында ауыл өнімдерін қайта өңдеп,  экспортқа шығару туралы бір ауыз сөз жоқ. Бізге бидай лоббилерінің экспорттық тәбетін шектеп, қайта өңдеу кәсіпорындарының санын көбейту керек. Ұн экспорты мәселесі бірінші орынға қойылуы тиіс. Бидайға және оны өңдеуге қатысты көп мәселе ауылшаруашылығы министрлігінің құзіретіне кірмейді. Сондықтан  министрлікті ауылшаруашылығы және бидай министрлігі  немесе азық-түлік қауіпсіздігі министрлігі етіп қайта құрып, оның құзіретін кеңіту керек. Бұл көршілеріміздің тарапынан байқала бастаған азық-түлік  экспансиясынан құтқаратын фактор", – деді Евгений Ган.

Оның сөзінше, Қазақстан әлемдік астық саудасы нарығында  үздік елдердің қатарында болға­нымен, ішкі пайда­ түсімі жағынан алда емес. Себебі әлемдік бидай нарығындағы жағдай Қазақстанның ұны мен бидайының бағасы егіннің бітік болуына байланысты болып тұрған жоқ.

"Біз әлемдік деңгейдегі ойыншы емеспіз. Сондықтан бидай экспортын ұн экспортымен қатар жүргізу керек. Өзбектердің  қазақ бидайына қатысты тарифті төмендетуін қазақ үкіметі назарға алған жоқ", – деді Евгений Ган.

Халықаралық  жиынға қатысқан Ресей Федерациясы нан және кондитерлер қауымдастығының төрағасы  Юрий Кацнельсон Алматыға тәтті күлше  пісіретін цех басшыларын ерте келіпті. Олар форум арасындағы үзілістерде өнімдерін таныстырып, әріптестікке әзір екендерін жеткізді.

Юрий Канцельсон бізбен әңгімесінде Ресейдің бидайға қатысты экспорттық саясатына өзгеріс енгенін айтты. Ресей ұн және ұннан жасалатын өнім түрлеріне басымдық бере бастапты. Бұл үшін нан өнімдерін пісіретін цехтарды заманауи  технологиямен  қамтамасыз етуге басымдық беріпті.

"Бізде шикізат тапшылығы жоқ. Технологиямен қамтамасыз ету енді басталды. Біздің елде француз, италия, неміс кондитерлерінің дәурені жүріп тұр. Олардың менеджменті мықты. Біз олардан көп нәрсе үйренуіміз керек", – деді Юрий Кацнельсон.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу