Батыстық GPS-ке бәсекелес болуға тиіс Ресейдің ГЛОНАСС-ы тозды

5211

Халықаралық сарапшылардың байламынша, Мәскеуге бұл жүйесін жаңғырту қиынға түседі. Ал Путинге соғысын ұзақ жылдар бойы жалғастыру үшін үздік спутниктер керек.

Батыстық GPS-ке бәсекелес болуға тиіс Ресейдің ГЛОНАСС-ы тозды Фото: canva.com

Жаһандық навигациялық спутниктік жүйе (ГЛОНАСС) көнерді. Бұл жүйе сонау кеңес заманында құрыла бастаған еді. Оның алғашқы жерсерігі 1982 жылы ұшырылды. Бастапқыда ГЛОНАСС тек қана әскери мақсатқа қызмет етті және жабық жүйе болды. Сондықтан ол туралы мамандар болмаса, былайғы жұрт білмейтін.

Ол зымырандық шабуылды ескерту жүйесімен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Тиісінше, оны кеңестік, бертінде ресейлік құрлықтық, теңіз, әуе мен ғарыштық әскери және мемлекеттік құрылымдары ғана пайдаланды.

Ахуал XXI ғасырдың басында Ресей билігіне Путин келген соң өзгерді. Кремльдің жаңа қожайыны ГЛОНАСС технологияларын азаматтық салада жаппай енгізіп, америкалық GPS жүйесіне тәуелділіктен құтылу, сондай-ақ ресейлік жүйені коммерциаландыру міндетін қойды. Тапсырманы орындау мақсатында РФ Үкіметі 2009 жылы қаулы қабылдап, "Навигациялық қызмет саласындағы федералдық желілік операторды" құрды. Бұл миссия мен функция "Навигационно-информационные системы" компаниясына жүктелді.

Ресейлік жүйе ғарышта қалықтап жүрген 24 спутникке ғана сүйенеді. Бұл жерсеріктер 19 100 шақырым биіктікте, 3 орбиталдық жазықтықта ұшады. "Роскосмостың" сендіруінше, ГЛОНАСС жер шарының кез келген нүктесінде қолжетімді сигналдарды таратады, еш шектеусіз навигациялық қезмет көрсетеді. Сигналы шифрландырылған әрі дәлдігі барынша жоғарылатылған-мыс.

Қазақстан батыстық GPS-ті де, оның ресейлік баламасын да қатар қолданады. Бірақ Ресей Еуразиялық одақ аясында Қазақстаннан GPS-ті ығыстырып шығаруға күш салып келеді. Оған Қазақстан қарсыласып бағуда.

Мысалы, Мәскеудің ілгерілетуімен Еуразиялық одақ аясында "ЭРА-ГЛОНАСС" жүйесімен жабдықталмаған автокөліктерді сатуға тыйым салынған. Дегенмен, Қазақстан Үкіметінің қаулысымен, автомобилдерді ЭРА-ГЛОНАСС-тың "жедел оперативті қызметтерді шақыру құрылғысымен" міндетті түрде жабдықтау талабы 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін шегерілді.

Түптің түбінде Мәскеу дегеніне жетіп, Қазақстанға GPS-тен қол үзуге тура келуі мүмкін. Қазірдің өзінде республикадағы көптеген қызметтер, түрлі навигациялар, ұялы қосымшалардағы локацияны анықтау жүйелері, 2GIS және басқа да көлік пен жаяу жүргіншілерді бағдарлаушы сервистер негізінен ресейлік жүйемен жұмыс істейді.

Бұдан елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп бар көрінеді. Себебі, сарапшылар ГЛОНАСС-тың көнеріп қалғанын мәлімдеді. Оның үстіне олардың айтуынша, GPS-ке қарағанда, ресейлік жүйенің спутниктерінің саны да аз. Бұл ретте ғарыштағы РФ жерсеріктері жиі істен шығады.

Bloomberg жазуынша, Ресейдің жаһандық навигациялық спутниктік жүйесі тозды. Оның бағдарлау кінәраты 10 метрге жетіпті. Азаматтық өмірде ғимаратты табуда бұл сонша көп емес шығар. Ал зымыран 10 метрге қаңғып кетсе, ол проблема. Мысалы, зымыран әскери нысан орнына тұрғын үйге тиіп, жарылады. ГЛОНАСС атом сағатынан да ағаттық анықталған екен.

Мәскеу әскері ГЛОНАСС спутниктері арқылы тіпті жоғары дәлдікті зымырандарын дәл көздеп, нысанаға дөп тигізе алмайтын болды. Нәтижесінде, Bloomberg хабарлауынша, АҚШ-тың жерсеріктік жүйелеріне арнайы каналдар арқылы шыға алатын, сондай-ақ байланыс үшін Илон Масктың қуатты Starlink торабын пайдаланатын Украина ұтып кетті. Украина батыстық әріптестерден алған жоғары дәлдікті зымырандарды, камикадзе дрондарды алғы шептен алыста, терең тылда орналасқан ресейлік әскери және сонымен сабақтас нысандарға топ етіп, тура тигізіп жатқанын ғаламтор толы видеолар дәлелдейді. Күн құрғатпай, Ресейдің әскери аэродромдары, мұнай қоймалары, әскери кемелері және басқасы шабуылдың астында қалуда.

Ал ГЛОНАСС-қа байлап-матала берсе, ҰҚШҰ елдерінің әскерлері майдан даласында оңбай жеңілуі мүмкін.

"ГЛОНАСС-тың спутниктерінің басым көпшілігі ескірді, олардың орбитада жүргеніне тым көп уақыт өтті. Демек, көбін дәл қазір алмастыру қажет. Бірақ Ресейдің космонавтикасы тоқырады, ол жаңа жерсеріктерін ғарышқа сирек ұшырады. Біразынан ақау табылып, бірден істен шығады. Салдарынан, іске кіріскен жаңалары ескіргендерін ауыстырып үлгермей жатыр. ГЛОНАСС-тың бүкіл жүйесін модернизациялау Ресейге шамамен 484 миллиард рублге немесе 5 миллиард долларға түспек", – деді Блумберг шолушысы Брюс Эйнхорн (Bruce Einhorn). 

Алайда бүгінде РФ қазынасында ғарыш саласының инфрақұрылымын жаңғыртуға бөлек бөле қоятындай осынша қаражат жоқ. Биылғы Космонавтика күні мерекесінде Владимир Путин 2023 жылы ресейлік ғарыш саласына жалпы сомасы 251 млрд рубльдей қаржы бағытталғанын мәлім етті. Яғни, саланың бүкіл шығыны осынша ғана.

Эксперттердің бағалауынша, осы жүйесін жарға жықпауы үшін Ресей ағымдағы онжылдық соңына дейін кем дегенде 20 жаңа, қуатты жерсерігін құрастырып, ғарышқа жеткізуге тиіс.

Сарапшылар ГЛОНАСС модернизациясына санкциялар кедергі деп отыр. Санкциялар кесірінен ресейлік спутниктерді жасау қарқыны құлдыраған, шетелдік электроника мен басқа компоненттердің тапшылығы артқан.

Нәтижесінде, РФ өз күшімен жылына бар-жоғы бір немесе екі жерсерігін жасап, орбитаға шығаруға қауқарлы.

"Украина АҚШ-тың орбиталды ғарыш кемелерінің және Илон Масктың Starlink жерсеріктерінің алдыңғы қатарлы тобының озық байланысының көмегімен басқарылатын жоғары дәлдікті зымырандарының шабуылын табысты өрістете алды. Дәл осы кезде Ресей күн сайын көнеріп бара жатқан ескі-құсқы жүйесіне таңылып, ақылды қаруының қабілетін жете қолдана алмауда", – деп жазады Bloomberg.

Соғысқа дейінгі жылдары РФ өз спутниктерін жаңартып отырғанымен, ГЛОНАСС бәрібір GPS-тей дәл бола алмады.

"Бұл Ресейдің әскери іс-қимылдарына кесірін тигізуде. ГЛОНАСС сигналдары сенімсіз және спутниктік дәл көздеуді қамтамасыз ете алмайтындықтан, путиндік генералдар салмағы 1,5 тоннадан асатын алып бомбаға әуестеніп алды. Өйткені ол дәл тимегеннің өзінде нысанын құртып тынады. Яғни, орыстардың осындай алып бомбаларды қолдануының басты бір себебі де олардың оқ-дәрілерін, зымырандарын жоғары дәлдікпен тигізуге қабілетсіздігінде жатыр. Мұның бәрі ГЛОНАСС-тың тиімсіз жұмысының салдарлары", –  деген тоқтамға келді RAND Corp. корпорациясының аға зерттеушісі, Space Enterprise Initiative (ғарыштық кәсіпкерлік бастамалар) басшысы Брюс МакКлинток (Bruce McClintock).

Әрине, Мәскеу де құр қарап отырған жоқ. Хәлі жеткенше, жүйені жаңғыртудың қамын жасауда. Мәселен, Janes есебінде айтылғандай, өткен айда Ресей өз космодромынан "Глонасс-К2" спутнигін ғарышқа жеткізген зымырантасығышын ұшырды. Оны ұшыру 2018 жоспарланған еді, содан бері мерзімі ұдайы ысырылумен келді. Бұл – ГЛОНАСС-ты жақсарту бағытындағы алғашқы талап болып отыр.

Алайда сарапшылар осы жүйені жаңғыртып шығу үшін бәрібір ұзақ жыл кететінін ескертеді. Оның өзінде егер Мәскеу жеткілікті қаржы бөлсе. Әйтпесе, келесі спутниктерді ұшыру да біразға кейінге қалады. Онда ресейлік жүйе ғарышта шашылып, қоқысқа айналуы ғажап емес.

Олай болса, Қазақстан жалғыз ГЛОНАСС-қа тәуелді болып қалмағаны, сөйтіп ұлттық қауіпсіздігіне залал келтірмегені жөн. Бұл ретте мамандардың айтуынша, еуропалық Galileo дәлдік тұрғысынан тіпті GPS-ті басып озған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу