Билік бензин бағасын көтеруден бас тартты

12341

Бұл туралы энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті. 

Билік бензин бағасын көтеруден бас тартты

"Биылғы жылы  бензин мен дизель отын бағасын көтеруге еш негіз жоқ. Сондықтан да осыған қатысты алып-қашпа сөздерді доғаруларыңызды сұраймын. Акциздерді көтермейміз. Біз осы жылы мұндай шара қабылдамаймыз деп шештік", – деді министр.

Сондай-ақ ол бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің басқа да түрлерін автоцистерналармен Қазақстаннан тыс шығаруға тыйым салынатынын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін қазан айының басында жанама салықтың көтерілетіні туралы ақпарат тарала бастаған еді. Ұлттық экономика министрі Руслан Даленов: "Бүгінде бензиннің әрбір литрінде акциз бар, оның сомасы - 8 теңге. Қазіргі кезде акцизді тағы 10 теңгеге көтеру талқыланып отыр. Бұл қадам не үшін ұсынылып отыр? Өздеріңіз білесіздер, бюджеттік шығыстар елеулі көлемде өсті, оның ішінде әлеуметтік міндеттемелер артты. Республикалық бюджетте әлеуметтік салаға арналған шығыстар 45 пайыздан асты. Бұл тұрғыда бюджеттік консолидация қажеттігі бар, оның ішінде акциздердің фискалды қызметі арқылы. Қаулының жобасы қазір бұқарада талқылануда, осы орайда түрлі ұсыныстар жасалып жатыр", – деген болатын.

Сарапшылардың пікірінше, соңғы айларда әлеуметтік желілер мен түрлі басылымдарда қазақстандық-ресейлік және қазақ-қырғыз шекараларындағы ахуал туралы ақпараттың жариялануы осы жағдайға әсер етіп отыр.  Нақтырақ айтқанда, өткен аптада ҚР энергетика министрлігінің баспасөз қызметі жариялаған суреттер мен бейнежазбалардан көршілес елдерден мыңдаған көлік еліміздің аумағына кіріп, біздегі жанармай бекеттерінен бензин мен дизель құйып алып жатқанын көруге болады. Яғни мыңдаған тонна отандық арзан жанармай көршілес елдерге кетіп жатыр.

Inbusiness.kz сайтына берген сұхбатында Каспий өңіріндегі мұнай-газ жобалары жөніндегі ресейлік сарапшы Игорь Ивахненко:

"Мұндай жағдайдың орын алуына бірнеше себеп бар. Соның бірі Қазақстан ішкі нарығы елдегі үш ірі мұнай өндіруші зауыт жетілдірілгеннен кейін, бензиннің қосымша мөлшерін "қорытуға" қауқары жетпеді. Сондықтан қазақ бензинін контрабандалау күшейе түсті. Әсіресе, контрабанда Қырғызстанға қарай жүргізіліп жатыр", – деді.

Оның мәліметі бойынша, биылғы жылдың мамыр айында Қырғызстанда парламенттік тыңдау өткен. Жиын барысында 2019 жылдың төрт айында Қазақстаннан 400 мың тоннадай бензин контрабандалық жолмен келгені айтылған. 

ҚР энергетика министрлігі өкілдерінің ойынша, ішкі нарықты тек шекарашылардың көмегімен қорғау мүмкін емес. Мысалы, Қазақстан мен Ресейдің шекарасы мыңдаған шақырымға созылып жатыр. Бензинді заңсыз жолмен көрші елге сатамын деушілер қалай да ойларын іске асырады. Өйткені шекара бойына тосқауыл қойып, экспортты шектеу физикалық тұрғыдан мүмкін емес.

"Кез келген тыйым түптеп келгенде шекарада жемқорлық тудырады", – дейді ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Еске сала кетсек, Ұлттық экономика министрлігі бензинге акциз мөлшерлемесін көтеру туралы үкіметтің жобасын дайындап, премьер-министрге қол қоюға жіберген болатын.

"Біз көршілес елдердегі бағаға біртіндеп жақындатуға мәжбүр боламыз", – деген еді Бозымбаев.

Қазақстанда өндірілетін бензинге акциздерді көтеру туралы шешім тек кедендік кеңістіктің ашықтығы және шекарадағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шарамен түсіндірілген жоқ, оған басқа да себептер бар. Соңғы 20 жылда ҚР үкіметі жанар-жағармай материалдарының бағасын бірнеше мәрте көтерген. Жанармайдың көрші елдерге заңсыз тасымалдануы оның ішкі нарықтағы тапшылығына әкеліп соғып, артынан бензинге ғана емес, сонымен қатар тасымалдаушылар мен азық-түлік өнімдері бағаларының өсуін болдырмау үшін билік осындай қадамға барды. Кедендік одақ құрылмай тұрып та үкіметке жанар-жағармай материалдарының бағасын көтеріп, экспортқа тыйым салуға тура келген.

Бензин мәселесі XII "Kazenergy" Еуразиялық форумының аясында да көтерілді. Мамандар Қазақстанның энергетикалық секторындағы түйткілдерді талқылады.

"Қазақстандық мұнай өнімдері бағасының төмен болуы олардың көрші мемлекеттерге ағылуына әкеліп соғады. Мысалы, Ресейде бензин бағасы қазақстандыкінен әлдеқайда қымбат. Қырғызстан, Беларусь және Армения ресейлік мұнайды сатып алатынын айта кету керек",–  деді Ресей және Каспий аймағы бойынша энергетикалық зерттеулердің жетекшісі Мэтью Сейгерс.

IHS аналитектерінің пікірінше, бұл жағдайдан шығу үшін Қазақстан  жанар-жағармай материалдарының көтерме сауда бағасын көтеруі тиіс. Әрине, ЕАЭО-дағы бензин құнына жақындату керек. Бұл процесс "бағаларды үйлестіру" деп аталады.

 Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу